Әуе компанияларын субсидиялау көлемі қысқарады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5582

Былтыр ішкі әуе рейстерінің шығынын өтеуге 2 млрд теңге жұмсалды. 

Әуе компанияларын субсидиялау көлемі қысқарады

2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласынан Шанхай мен Сингапурге, 2021 жылы Нью-Йоркке әуе рейсі ашылады. Бүгінгі таңда біздің ел әлемнің 26 мемлекетімен 99 халықаралық бағыт бойынша барыс-келіс жасап отыр.

Аптасына 3 отандық, 26 шетелдік авиакомпания белгіленген бағыттарға елордадан 430 рейс орындайды.

Біле жүріңіз, соңғы 3 жылда әуе тасымалдаушылары 19 жаңа бағыт ашты. Осының нәтижесінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки қалаларына әуе қатынасы орнатылды. Ал Лондон, Мәскеу, Пекин, Ыстамбұл бағыттарына ұшақ жиі ұшатын болды.

Таяу болашақта Малайзияның Air Asia бюджеттік авиакомпаниясы Куала-Лумпурдан Қазақстанға тікелей рейс ашады. "Орал авиажелілері" компаниясы Fly Arystan лоукостерімен бірлесіп, Алматы-Екатеринбург, Алматы-Мәскеу, Нұр-Сұлтан-Мәскеу бағыттарын жалғайды. Оманнның

Salam Air әуекомпаниясы Алматы-Маскат және Нұр-Сұлтан-Маскат арасында жолаушы тасымалдайды. Бұған қоса қазақстандықтарға Qatar Airways, Emirates, China Eastern және "Победа" әуекомпаниялары қызмет көрсетеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, алдағы уақытта Алматы, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларына "ашық аспан" тәртібі енгізіледі. Нұр-Сұлтан қаласы бұл тәртіпке 2017 жылы көшкен.

"Біз барлық шетелдік авиакомпанияларға бесінші әуе еркіндігін ұсынуды жоспарлап отырмыз", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің мәлімдеуінше, 2018 жылы 14 ішкі әуе рейсін субсидиялауға бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. 2019 жылы жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты субсидия көлемі 2,7 млрд теңгеге жеткен.  

"Субсидия бөлу арқылы мемлекет әуе компанияларына ғана емес, билет бағасын арзандатып, халыққа да көмек көрсетіп жатыр. Болашақта әуе компанияларын субсидиялау көлемі қысқарады. Себебі олар шығындарының 80%-ын өздері өтейтін деңгейге жетеді", – деді министр.

Естеріңізде болса, биыл мамыр айында Fly Arystan ұлттық лоукостері жолаушыларға қызмет көрсетуге кірісті. Әуе билеттері Air Astana компаниясымен салыстырғанда 2 есе арзан бағаға сатылды. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың авиабилеттердің бағасын арзандату туралы пәрмені себеп болды.

Air Astana компаниясының президенті Питер Фостердің сөзінше, Қазақстан әлем бойынша ең арзан әуе тасымалы тарифін қалыптастырған елдердің біріне айналды.

"Fly Arystan тарифті түбегейлі өзгертті. Ұлттық лоукостер алдын ала саудаға қойылған билеттердің 60%-ын 10 мың теңгеден төмен бағаға сатты. Бұл – әлемдегі ең төмен тарифтердің бірі", – деді Питер Фостер.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу