Орталық коммуникациялар қызметінде 5 шілдеден бастап жолаушыларды әуе және теміржол көлігімен тасымалдауға шектеу енгізу туралы баспасөз конференциясы өтті. Брифингте коронавирустық инфекция бойынша елдегі жағдайды баяндаған бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова статистика көңіл көншітпейтінін жеткізді.
Оның сөзінше Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте індет жұқтырғандар саны артқан. Ал науқастардың 42%-ы профилактикалық тексеріс кезінде анықталған.
"2020 жылдың 4 шілдесіндегі жағдай бойынша елімізде 45 719 коронавирус расталған жағдай тіркелді. Оның 21819-ында індет жеңіл және симптомсыз формада өтуде. 23645 науқастың жағдайы орташа. 15276 науқас ауруханадан емделіп шықса, 30219 адам ем алып жатыр. Соңғы айда инфекция ең көп тіркелген аймақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Батыс Қазақстан өңірі. Науқастардың 42%-ы профилактикалық тексеріс кезінде, 37%-ы байланыста болғандар, 19%-ы өздігінен дәрігерлер көмегіне жүгінгендер, 2%-ы сырттан келгендер арасында анықталды", – деді Айжан Есмағамбетова.
Өңірлер арасында жеке көлікпен жүруге рұқсат етіледі
Айжан Есмағамбетованың айтуынша жолаушылар автобустары тоқтағанмен қалалар арасында жеке көлікпен қатынауға болады.
"5 шілдеден бастап шектеу шаларын қабылдау туралы шешімге байланысты 3 шілдеде бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №44 қаулысы шығарылды. Оған байланысты өңірлер арасындағы әуе рейстерінің бағыттарына өзгерістер енгізілмейді. Жолаушылар пойыздарының бағыттары қысқарады. Қала маңы пойыздарының қозғалысы тоқтатылады. Жолаушылар пойыздарының жалпы вагондары жасақталмайды. Сонымен қатар қалалар арасында қатынайтын жолаушылар автобустары тоқтайды. Әйтседе қала арасында жеке көлікпен жүруге рұқсат етіледі", – деді бас мемлккеттік санитар дәрігер.
Пойыздар саны шектеліп, билет ақысы қайтарылады
Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директорының міндетін атқарушы Асылхан Қалдыкөзов мәлім етті.
"1 маусымнан бастап елімізде темір жол қатынасы іске қасылды. Барлығы 93 бағыт бойынша пойыздар жүре бастады. 19 маусымнан бастап барлық Тальго пойыздарының билеттеріне 30%-жеңілдіктер жасалды. Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес 5 шілдеден бастап Алматы – Сарыағаш бағыты бойынша темір жол қатынасы уақытша тоқтайды. 4 әлеуметтік маңызы бар пойыз бағыттары қысқартылады. Оның ішінде Нұр-Сұлтан – Алматы, Алматы – Павлодар, Нұр-Сұлтан – Өскемен, Нұр-Сұлтан – Достық бағыттары бар. Сонымен қатар қала маңында қатынайтын 22 маршрут бойынша қатынас тоқтатылады", – деді Асылхан Қалдыкөзов 8 маршрут бойынша отыратын орындары бар жалпыға ортақ вагондар қысқартылатынын, Тальгоның 6 маршрут бойынша отыратын орындары бар вагондар жабылатынын айтты.
"Аталған бағыттар бойынша билет сатып алғандар оны өткізіп, ақшасын толық қайтарып ала алды немесе басқа ұқсас бағыт билетіне ауыстырса болады. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік маңызы бар пойыздарға билетті арнайы жеңілдікпен сатып ала алатындарын ескерткім келеді. Оларға 50% жеңілдік қарастырылған", – деді ол.
Қазақстандықтарға Түркия шекарасы уақытша жабылды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Қазақстан бойынша әуе рейстеріне шектеу енгізілмейтінін мәлімдеді.
"Ел аумағында әуе қатынасына шектеу қойылмайды. Қазіргі кезде 45 бағыт бойынша 457 рейс орындалуда. Оған өзгеріс енгізілмейді. Мемлекеттік комиссия шешімі бойынша алдын ала келісілген халықаралық рейстер орындалады. Яғни, 2 бағыт Түркия және Оңтүстік Кореяға", – деген Талғат Ластаев 3 шілде күні Түркия тарапы қазақстандықтарға шекарасын жапқанын жеткізді.
Алдағы уақытта отандастарымызды елге қайтару бойынша ғана рейстер орындалады.
"Түркия тарапынан 3 шілде біз ресми шешім алдық. Олар 4 маусымнан бастап біздің азаматтарымызға кіруге шектеу енгізді. Тек сол елде тұруға ықтиярхаты және жұмыс істеуге рұсаты бар азаматтардан басқаларына кіруге тыйым салынды. Енді рейстер бұрын барған азаматтарды алып қайту бойынша ғана орындалады. Әуе компаниялары Түркия аумағындағы біздің азаматтарымызды елге қайтару бойынша барлық міндеттемелерін орындайды. Яғни, халықаралық рейстер Оңтүстік Кореямен қалады. Жаңа рейстер уақытша ашылмайды", – деді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.
Құралай Құдайберген