Әуекомпанияларды "жолаушылардың қара тізімін" жүргізу құқынан айырмақ

7959

Үкімет авиация саласына қатысты реформаларын жария етті. 

Әуекомпанияларды "жолаушылардың қара тізімін" жүргізу құқынан айырмақ

2019 жылғы 27 желтоқсандағы Bek Air компаниясы ұшағының апатынан билік бір сабақ алуға тиіс еді. Bek Air әуекомпаниясына қарасты Fokker 100 ұшағының Алматы әуежайынан көтеріле бере, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, тұрғын үйге соғыла құлауы салдарынан 15 адам қаза тапты, 49 адам жарақат алды. Осыған орай ел Президенті 28 желтоқсанды "Ұлттық аза тұту күні" деп жариялады. Содан билік үнсіз қалған-тын.

Мемлекеттің сол апаттан қандай сабақ алғаны қазір ғана белгілі болып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жария етті.

Бір жылдан аса уақыт ішінде біраз былық анықталды. Әкімдер барлық дерлік әуежай айналасындағы жерлерді үлестіріп беріп, әуежайлардың өркендеуіне өріс қалдырмапты. Бұл жер телімдерінің жаңа қожайындары ол жерді Үкіметке қымбатқа өткізіп, пайда табуы үшін жасалса керек.

"Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан және басқа да көптеген қала әуежайлары проблемаға тап болды, олардың айналасындағы аумақ тұрғын үй қорына, ауыл шаруашылығына және өзге де мақсаттарға таратып берілген. Салдарынан әуежайлардың инфрақұрылымын одан ары дамыту үшін қажетті жер жоқ. Соның кесірінен, ұшу қауіпсіздігіне қатер туындауда. Бұған 2019 жылғы желтоқсандағы  Bek Air ұшағының апаты дәлел", – деді министрлік.

Сарапшылардың байламынша, әкімқаралар ұлттық заңнамадағы олқылықтарды пайдаланған. Мысалы, Жер кодексінің 117-бабына сәйкес, әуе көлігінің мұқтаждығы үшін қолданылатын жерге мыналар ғана жатады: әуежай, аэродром, аэровокзал, ұшу-қону жолақтары, сондай-ақ әуе көлігінің объектілерін пайдалану, күтіп-ұстау, салу, реконструкциялау, жөндеу, дамыту үшін қажетті басқа жерүсті және жерасты нысандары орналасқан жерлер және күзет аймағы.

Бұл қоршаудың сыртындағы жерлер тегіс жергілікті әкімдердің құзырында қалған. Нәтижесінде, олар онда ойына келгенін істепті. Қисын бойынша алып ұшақтар әрлі-берлі сабылған аумақтың дуалына тіреп, ешқандай бөгде ғимарат салынбауы керек еді. Алайда заңда тыйым болмаған соң, шенеуніктер қисынға пысқырмаған.

"Жер кодексінде әуе көлігі объектілері мен әуеайлақ маңындағы жолақтарға (приаэродромные полосы) арналған қорғау аймағы деген ұғым жоқ. Бұл ретте іс жүзінде бұл ұғым астарында "әуеайлақ маңындағы аумақ" тұспалданады. Осылайша, Жер кодексі мен азаматтық авиация заңнамасы арасында бірыңғай, ортақ терминология қолданылмайды. Салдарынан, ол аумақтағы жерді беруге, ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін объектілерді салуға шектеу қойылмаған. Заңнамадағы осы кемшіліктерді жою үшін Жер кодексіне "әуеайлақ маңындағы аумақ" ұғымын енгізу қажет. Әуе көлігі объектілерінің күзет аумағы ретінде енді әуеайлақ маңындағы территория анықталуға тиіс. Ал "әуеайлақ маңындағы жолақтар" "әуеайлақ маңындағы аумақтарға" өзгертілуі қажет", – деді индустрия ведомствосы.

Мемлекеттік органның мәліметінше, қазіргі уақытта әуежайларды қоршай, тұтас шағын аудандар бой көтеруде. Олардың арасында ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін ғимараттар мен құрылыстарды заңсыз тұрғызу жағдайлары тіркеліпті.

Бұл Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO, International Civil Aviation Organization) Қазақстанға қатаң санкция енгізуне әкеліп соқтыруы ғажап емес. Себебі ICAO  стандарттарында әуе кемелерінің қауіпсіз траекториясына әсер ететін нысандарды тұрғызуға жол берілмейтіні қадап айтылған. Егер Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса, өзге елдер өз азаматтарының бізге әуемен сапарлауына тоспа құруы мүмкін. Әйтпесе, мысалы, 2019 жылы Бек Эйр ұшағы апатқа ұшырағанда, онда қазақстандықтар сыртында Қырғызстан, Қытай және Украина азаматтары да зардап шекті.

Масқарасы сол, тексеру кезінде кейбір қалада әуе қақпаларына тақап ашылған индустриялық аймақтарды, арнайы экономикалық аймақтарды, зауыт-кәсіпорындарды айтпағанда, тіпті балабақша секілді әлеуметтік нысандар тұрғызылған. Ал алып лайнерлер туғызатын қатты шу, әуе керосинінің аспанда төгіліп, ауада жануы және басқа да зиянды әсерлер ересектер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпті саналады.

Жаңа заң жобасы қабылданса, әуежайлар айналасындағы аумақтарды басып алған біраз латифундист жерінен айырылатын түрі бар.

"Егер әуеайлақ маңындағы территориядағы жер учаскелерінің үстінен ұшу қауіпсіздігіне жүргізілген бағалау ондағы тұрғызылған нысандардың ұшақтарға елеулі қауіп төндіретінін көрсетсе, онда ол жерлер мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қойылуы керек. Қажет болған жағдайда ол жер телімдерінің нысаналы мақсаты өзгертілуге тиіс", – делінген заң жобасына түсіндірмеде.

Дегенмен, кейбір жер иесі өз мүлкін мемлекетке бермеудің жолын табуы мүмкін. Себебі жаңа заң жобасында бұл нормалардың "жылына 3 айдан аспайтын шектеулі мерзім ғана пайдаланылатын жер учаскелеріне" тарамайтыны жазылған.

"Авиациялық жұмыстарды, атап айтқанда, авиахимиялық жұмыстарды орындау кезінде кейбір қону алаңдары шектеулі уақыт қолданылады. Сондықтан жердің меншік иесімен жер учаскесін азаматтық авиация мақсаттары үшін уақытша пайдалану жөнінде келісім болған жағдайда, ол жердің нысаналы мақсатын өзгертпеуге жол беріледі", – деді ИИДМ.

Заң жобасында жаңалықтар жетерлік. Мысалы, әрбір қала секілді бұдан былай әрбір халықаралық әуежайдың да "бас жоспары" болуы шарт. Құжат "тасымалдар көлемінің болжамды өсуін ескеруге, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті жер учаскелерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік әуежайлар үшін – бюджеттен қаражат бөлінуін қарастыруға, жеке әуежайлар үшін – инвестициялар іздеу жұмыстарынан тұруға, халықаралық ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік стандарттарын орындауға ықпал етуге" тиіс.

Сонымен қатар, "жолаушылардың қара тізімі" заң жүзінде бекітіледі. Қолданыстағы тәжірибе бойынша әуеде жанжал көтерген, экипаждың талабына бағынбаған, қандай да бір қылығы үшін рейске жіберілмеген жолаушылардың тізілімін әуекомпаниялар өздері жүргізеді.

"Қара тізімнің" заңдастырылуы, министрліктің түсіндіруінше, халықаралық тәжірибе мен ИКАО талаптарын есепке алуға, әуекомпанияларының осы құқығын теріс пайдалану мүмкіндігін жоққа шығаруға жол ашады. Ең бастысы, заң қабылданса, әуекомпаниялар адамды "қара тізімге" тек әуе кемесінің бортында жасалған іс-әрекеті үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы күшіне енген сот шешімінің негізінде ғана енгізе алатын болады. Сот шешімі шықпаса, тіпті тентек, қаскөйлігімен әуекомпаниясының қырына іліккен адамның өзі ұшаққа еркін кіре бермек.  

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу