Әуесқой бокста алтын алу мұң болып тұр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3468

Қазақ боксшылары Болгарияда өткен халықаралық турнирде бес күміс жүлдені қанағат тұтты.

Әуесқой бокста алтын алу мұң болып тұр

Софияда 70-інші рет халықаралық "Странджа" турнирі өтті. Онда 43 елдің 360 қыз-жігіті (120 + 240) өз өнерлерін ортаға салды. Әйелдер арасында сегіз, ал ерлер арасында он салмақ дәрежесінде өткен дәстүрлі турнирге еліміздің ерлер арасындағы ұлттық құрамасы қатысты.  

Атап айтқанда, Болгарияның бас қаласына төмендегі боксшыларымыз аттанған болатын: Теміртас Жүсіпов (49 келі), Әнуар Мұзаппаров (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Закир Сафиуллин (60 келі), Санатәлі Төлтаев (64 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Ерік Әлжанов (75 келі), Бек Нұрмағанбет (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары).

Әуелі Ерік Әлжанов қатардан шығып қалды. Екінші раундтың басында жекпе-жекті жалғастыра алмай, Филиппин жігіті Е.Ф.Марисалға жол беріп алды. Одан кейін Бек Нұрмағанбет АҚШ боксшысы кіші Атиф Оберлтоннан ұтылды (2:3).

Әнуар Мұзаппаров та Үндістан үміті Гаурав Соланкиге төрешілердің екі айырылған шешімімен есе жіберіп алды (2:3). Ал Қайрат Ералиевті "әділ" қазылар жергілікті болгар боксшысы Боян Асеновке жығып берді десек те болар – 2:3.

Осылай, алты боксшымыз ширек финалға шыққан. Алайда құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев "Странджа-2019" турнирінің дәл осы сатысында сүрінді. Ол ринг қожайыны Петар Белберовпен жұдырықтасып, төрешілердің екі айырылған шешімімен жеңілістің кермек дәмін татты.

Қалған бесеуі ширек финалда да, жартылай финалда да қарсыластарын "қоғадай" жапырып, финалға шыққан. Алайда, Абылайхан Жүсіпов жарақатына байланысты ринке шықпай, күміс жүлдені көңілге медеу тұтты. Өзбек өрені Бобо-Усмон Ботуров "бәйгені" шаппай алды...

Өкінішке қарай, финалға шыққан қалған төрт жігітімізге де саф алтын бұйырмады. Олар қарсыластарына дес бермесе де, төрешілер шешімі мүлде басқаша болып шықты. Әсіресе, Санатәлі Төлтаевқа обал жасағандай болды. Ол жеңілген жоқ еді. Василий Левит те басымырақ түскендейтін...

Сонымен не керек, Теміртас Жүсіпов үндістандық Амит Пангалдан, ал қалған үшеуі Ресей боксшыларынан "ұтылды". Атап айтқанда, Закир Сафиуллин – Артур Субханкулов, Төлтаев – Алексей Мазур және Левит – Садам Магомедов жекпе-жектері бізге түсініксіздеу нәтижелермен аяқталды.

Финалға дейін Қазақ елі қырандары өзгелерден озып тұрған. Себебі бізден басқа ешбір елдің бес боксшысы финала шықпаған болатын. Бірақ финалдағы бес "жеңіліс" біздің құраманы жалпы командалық есепте 7-орынға құлдыратты.

Біздің алдымызды Ресей (4 алтын, 0 күміс, 1 қола), Өзбекстан (2+2+1), АҚШ (1+1+2), Болгария (1+1+1), Украина (1+0+3) және Үндістан (1+0+0) боксшылары орап кетті. Қазақ елінің қайыс қолғапты қырандарына саф алтын бұйырмады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу