Әуесқой велоспортшылар "Алматы турының" жарыс бағытымен жүріп өтті

1126

9-10 қазан күндері Алматы қаласында алғаш рет әуесқойлар арасында "Қазақстан туры. Алматы-2021" көпкүндік велододасы ұйымдастырылды. Жарыс әйгілі халықаралық "Алматы туры" кәсіби веложарысының бағыты бойынша тас жолда өтті.

Әуесқой велоспортшылар "Алматы турының" жарыс бағытымен жүріп өтті

120-дан астам велоспорт әуесқойлары бірнеше рет кәсіби шабандоздар бағындырған сайыс бағытымен жүріп өтіп, нағыз веложарыс атмосферасын сезіну үшін, тіпті кейбіреулері басқа қалалардан арнайы келген.

Жарыстың негізгі идеясы - қазақстандық велосипедшілерге өздерін көрсетуге, бағалы сыйлықтар үшін сынға түсуге және өздерін кәсіби шабандоз ретінде сезінуге мүмкіндік беру. "Алматы турының" прототипі сияқты, әуесқойлар арасында өткен жарыс екі кезеңнен тұрды.

Бірінші кезеңнің жарыс бағыты бойынша велосипедшілер 30 шақырым қашықтықты бағындырып, "Индустриалды аймақ" арқылы жүріп өтті. Мұнда қатысушылар кәсіби велоспорт үшін маңызды стратегиялық жоспарлау мен пелетонда жүру дағдыларын жетілдіре алды.

Екінші кезеңде шабандоздар "Алматы туры" маршрутының ең қиын бөлігін қайталады. Олар "Медеу" - биік таулы аймақта орналасқан мұз айдынында аяқталған таулы кезеңді жүріп өтті. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында қатысушылар жас санатына байланысты сайысты кезекпен бастады. Егер бірінші кезеңде велошабандоздар негізгі сайысты соңғы метрге дейін кейінге шегеруді жөн көрген болса, ал 10 шақырымдық таулы аймақта өткен жарыста шабандоздар пелотон құра алмады. Нәтижесінде барлық қатысушылар жарысты бірінен соң бірі аяқтады. Спорт мерекесіне 128 адам қатысты. Олардың 18-і әйел, 110-ы ер адам. "Абсолют" номинациясы бойынша жеңімпаздарға арналған негізгі сыйлықтар (жас санатын ескермей) - велосипедтер болды. Айта кету керек, ол велосипедтердің бірін "Астана" кәсіби велокомандасының италиялық велошабандозы Давиде Баллерини "Тур де Франсқа" мінген еді.

Сондай-ақ, 18-34, 35-39, 40-44, 45-49, 50-54, 55-59, 60-64, 65-69, 70-74 жас санаттары бойынша жүлдегерлер мараптталды.

Әйелдер арасында Наталья Ким көшбасшының сары жейдесін иеленді. Екінші таулы кезеңдегі жеңіс велосипедшіге жалпы есепте бірінші орынға көтерілу үшін жеткілікті болды. Бір қызығы, бұл Натальяның веложарысқа алғаш рет қатысуы.

Ерлер арасындағы екі кезеңнің қорытындысы бойынша Никита Федотовских жарыста жеңіске жетті. Бір күн бұрын бұрын кәсіби велошабандоз бірінші кезеңде үздік атанса, екінші кезеңде Никита 2-нәтиже көрсетті.

"Өкінішке орай, денсаулығына байланысты жарысқа қатыса алмайтын балалар бар. Болашақта олар бізбен бір деңгейде өнер көрсетуді армандайды. Мен өз сыйлығымды, велосипедімді қайырымдылық мақсатта қолданғым келеді. Біз бұл велосипедті аукционда сатудан түскен барлық ақшаны балалар үйіне береміз", - деді Никита Федотовских.

Бұл шараны Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Қазақстан велоспорт федерациясы ұйымдастырды.

"Өкінішке орай, біз пандемияға байланысты екінші жыл "Алматы туры" сияқты маңызды жарысты өткізе алмадық. Келесі жылы міндетті түрде өткіземіз деп сенемін. Велосипедшілерге арналған бұл жарыс - қаланың барлық спорт қауымы үшін үлкен мереке. Жарысқа қатысу үшін осы демалыс күндері Алматыға арнайы келген қатысушыларды көргеніміз қандай тамаша! Біз бұл іс-шара кәсіби "Алматы туры" сияқты дәстүрлі түрде өтеді деп үміттенеміз және оған қатысушылардың саны жыл сайын артады деп ойлаймыз", - деді Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов.

"Әуесқой велоспорт - федерацияның жаңа стратегиясындағы басым бағыттардың бірі. Біз велоспортшылармен достық қарым-қатынас орнатуға және олардың бәсекелестік пен жеңіске деген ұмтылысын қолдауға мүдделіміз. Бұл талғампаз, интелектуалды және қызықты спорт түрі. Біз велоспорт жақын арада жүгіру мен триатлон сияқты танымал болатынына сенімдіміз", - деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу