Әуесқойлар арасында бокстан әлем чемпионаты қараша айында өтетін болды

354

1-15 мамыр аралығында Түркияда әлемнің үздік былғары қолғап шеберлері бас қосуы тиіс еді. Дегенмен, IBA турнирді кейінге қалдырды. Сондай-ақ, жарыстың өтетін орны да белгісіз.   

 Әуесқойлар арасында бокстан әлем чемпионаты қараша айында өтетін болды Фото: boxingkazakhstan

Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) әуесқойлар арасындағы XXIII ерлер арасындағы әлем чемпионатының өткізілу уақытына қатысты ақпаратты жаңартты.

Ұйымның ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, 2025 жылдың мамыр айында Түркияда өтуі тиіс болған турнир қараша айына ауыстырылды.

Айта кетейік, 2025 жылдың қарашасына бокстан Қазақстан чемпионаты да жоспарланған. Осылайша, бір айда ұлттық және әлемдік деңгейдегі екі ірі турнир қатар өтуі мүмкін.

Соған қарамастан бокс сарапшылары мен жанкүйерлер қазірдің өзінде әлем чемпионатының басты фавориттерін атады. Болжам бойынша Қазақстан құрамасы жарыстың басты фавориттерінің бірі. Бұл – кездейсоқ емес. Өйткені Қазақстан боксшылары әлем чемпионаттары тарихында жүлделер саны бойынша үздік үш елдің қатарынан түскен емес.

Биылғы чемпионатта алтыннан басты үміткер саналатын боксшылардың бірқатарына тоқталсақ. Олардың қатарында екі жыл бұрынғы жетістігін қайталауға ниетті чемпиондар да бар.

Санжар Тәшкенбай (48 кг) – Азия және 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Жоғары жылдамдығы мен шебер техникасының арқасында бұл чемпионатта да басты фавориттердің бірі саналады.

Махмұд Сабырхан (54 кг) – екі жыл бұрын әлем чемпионы атанған ол Париждегі Олимпиадада сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін жанкүйерлердің сенімін қайта ақтауға ниетті.

Төрехан Сабырхан (67 кг) – Махмұдтың інісі, төрт дүркін Азия чемпионы (жасөспірімдер мен жастар арасында). Биыл Странджа кубогында жеңіске жетіп, сәуірде кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде чехиялық боксшыны үшінші раундта нокаутқа түсірді. Бұл салмақта да айтарлықтай қарсыластарына сес көрсетері анық.

Нұрбек Оралбай (80 кг) – Қазақстан құрамасының капитаны, қазіргі әлем чемпионы және Париж Олимпиадасының финалисі. Екі дүркін чемпион атануға барлық мүмкіндігі бар, ең бастысы – бабында болса болғаны.

Айбек Оралбай – Нұрбектің егізі. Ол – Азия чемпионатының жеңімпазы және Қамшыбек Қоңқабаевтан кейін бұл салмақтағы Қазақстан үміті. Енді әлемдік деңгейдегі жетістікке қол созатын сәт келді.

Әлем чемпионатына өзге де мықты құрамалар үздік спортшыларын қосады. Олардың арасында Олимпиада жеңімпаздары мен әлем чемпиондары да бар.

Хасанбой Дусматов (Өзбекстан, 51 кг) – екі дүркін Олимпиада чемпионы, 2023 жылғы әлем чемпионы. Қазіргі чемпиондық атағын қорғауға барын салары анық.

Абдумалик Халоков (Өзбекстан, 57 кг) – Олимпиада және әлем чемпионы. Жеңісті дәстүрін жалғастыруға ниетті мықты қарсылас.

Софьян Умия (Франция, 60 кг) – әлемнің үш дүркін чемпионы, екі мәрте Олимпиада финалисі. Бұл жолы төртінші мәрте әлем чемпионы атануға барын салмақ.

Арлен Лопес (Куба, 80 кг) – екі дүркін Олимпиада чемпионы, Панамерика ойындарының жеңімпазы. Бұл салмақта әлем чемпионы болуға тырысады. Нұрбек Оралбаймен финалда кездесу мүмкіндігі жоғары.

Эрисланди Альварес (Куба, 63,5 кг) – Олимпиада чемпионы, бірақ әлем чемпионатының алтыны жоқ. Бұл жарыс оған ерекше маңызға ие болмақ.

Жалпы, командалық есепте басты бәсеке әдеттегідей, Қазақстан мен Өзбекстан арасында өтеді. Екі жыл бұрын Ташкентте өткен чемпионатта Өзбекстан Қазақстаннан небәрі бір алтын медальға озып кеткен еді. Биыл қазақ боксшыларына қарымта қайтаратын кез келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу