Ауған аспанында ұшақтар неге көбейіп кетті?

3582

Бұл мемлекеттің әуе кеңістігінен өтетін транзиттік рейстердің саны былтыр 100-ден аспаса, соңғы күндері 350-ге жетіп қалған.  

Ауған аспанында ұшақтар неге көбейіп кетті? Фото: lt.sputniknews.ru

Cоңғы аптада әлемнің авиациялық компаниялары ұшақтарын Ауғанстан аспанына көбірек бағыттап жатыр. Сондағы мақсаттары – Иран әуе кеңістігін айналып өту.

Осылайша, Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен шақта Азия мен Еуропа арасындағы әуе қатынасы бұзылып, жол уақыты ұзарып, отынға шығын артып отыр. 

Ауғанстан үстінде ұшақтар соңғы айларда онсыз да көбейген еді. Бірақ өткен аптада Иран Израильге баллистикалық зымыранмен шабуыл жасап, еврей мемлекеті соған жауап қайтаруы мүмкін шақта, ауған аспанында авиарейстер тіпті жиілеп кетті. Бұны FlightRadar24 мәліметтері көрсетіп отыр. 

Бұған қоса, Еуропа одағының авиациялық қауіпсіздік агенттігі өткен аптада авиакомпанияларды Иран аспанын айналып өтуге шақырды.

FlightRadar24 картасы көрсеткендей, қыркүйектің 29-да Ауғанстан арқылы 132 ұшақ өткен екен. Ал қазанның 2-де, яғни, Иран Израильге шабуыл жасағаннан кейін бір күн өткенде, бұл көрсеткіш дереу 176-ға жетіпті. 

Қазанның 6-да Ауғанстанның әуе кеңістігінде 222 ұшақ пайда болды. 

Дегенмен, "Талибан" өкілдерінің мәлімдеуінше, соңғы күндері ел үстінен ұшқан лайнерлердің саны FlightRadar24 деректерінен әлдеқайда көп болыпты. 

"Атап айтсақ, кейінгі бес-алты күнде тәулігіне 350 транзиттік рейс болды. Салыстырып көрсек, бір жыл бұрын күніне 100 ұшақ қана Ауғанстан арқылы ұшатын", - дейді тәліптер басқаратын Көлік және авиация министрлігінің баспасөз хатшысы Имамуддин Ахмади "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында. 

FlightRadar24 картасы сейсенбі күні көрсеткендей, Ауғанстан аспанын өз сапарларында British Airways және Singapore Airlines компаниялары да қолданған. 

Алайда, FlightRadar24 мәліметтері өткен аптада ауған арқылы қандай компаниялардың ұшақтары ең көп ұшқанын көрсеткен жоқ. 

2022 жылы Украинада соғыс басталғаннан кейін, батыстық тасымалдаушылардың көбі үшін Украина мен Ресей аспаны жабылып,  көптеген авиациялық компаниялар Иран мен Таяу Шығыс арқылы ұша бастады. 

Маршруттардың кейінгі кездері қайтадан өзгеруі авиакомпаниялардың қандай күрделі шешім қабылдауға мәжбүр екенін көрсетіп берді. Айта кетсек, қазір Таяу Шығыстың әуе кеңістігінде тұрақсыздық жиілеп, Израиль-Хамас шайқасы аймақтық соғысқа ұласады деген қорқыныш күшейіп келеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу