Ауғанды тәліп алған жыл

2172

Қазақстанда "Қаралы қаңтар" оқиғаларына Ауғанстандағы лаңкестік топтар қатысты болуы мүмкін деген болжамдар болған. Бірақ ол әлі күнге расталмады. 

Ауғанды тәліп алған жыл Фото: yandex.kz

Бастапқыда Алматыдағы қанды қырғынды Ауғанстаннан келген содырлар ұйымдастыруы мүмкін деген жорамал айтылды. 2022 жылғы 10 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен бейнебайланыс режимінде екіжақты келіссөз жүргізді. Мишель мырза бүліктің артында қандай күштер тұрғанын білмек болған.

"Мұның террорлық шабуыл екеніне еш күмәнім жоқ. Бұл – Қазақстанға қарсы жақсы ұйымдасқан, әбден дайындалған агрессиялық акт. Шабуыл жасағандардың ішінде басым көпшілігі Орталық Азия елдерінен, оның ішінде Ауғанстаннан келген шетелдік содырлар бар. Сонымен қатар арасында Таяу Шығыстан келген содырлар да бар. Олардың  пиғылы біздің аумақты бақылауда ұстайтын хаос аймағына айналдыру, содан кейін билікті басып алу болды", – деді Қазақстан Президенті.

Мұндай пікірді ақпарат құралдарында жарияланған кейбір деректер де қыздыра түсті: дәрігерлер журналистерге Алматыдағы ауруханаға жеткізілген бірқатар бүлікшілердің өзара қазақша, орысша емес, басқа бір тілде сөйлескенін хабарлапты. 12 қаңтарда, шетелдік БАҚ жазуынша, Малайзиядағы Қазақстан елшілігінде шетелдік журналистерге арнап, баспасөз конференциясын өткізген Қазақстанның осы елдегі елшісі Болат Сүгірбаев қаңтар оқиғаларын шетелдік күштер қолдауымен жасалған діни экстремистердің арандатушылығы деп бағалады.

"Біздің тұспалдауымызша, ұйқыдағы ұяшықтар террористік шабуылдар жасау үшін белсенді күйге келтірілген. Сол содырлардың кейбіреуі шет тілдерінде сөйлеген. Күш құрылымдары солардан қорғануға мәжбүр болды", – деді елші.

Алайда сол тұста бүкіл Ауғанстанда билігін орнатқан "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) қозғалысы Қазақстанның бірнеше қаласында белең алған қарулы тәртіпсіздіктерге қатысы барын жоққа шығарды.    

"Ауғанстанның Қазақстандағы тұрақсыздыққа және ішкі ісіне араласқаны туралы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Халықаралық ақпарат құралдары ресейлік ресми тұлғалардың сөздеріне сілтеме жасап, ауғанстандықтардың Қазақстандағы тәртіпсіздіктерге қатысы болуы мүмкін деп жазуда. Біз бұл сөздерді жоққа шығарамыз. Ислам әмірлігі (тәліптер бүгінде өз өкіметін осылай атайды) ешкімге де ауған территориясын басқа бір елге зиян келтіруге немесе басқа елдің ішкі ісіне араласуға пайдалануға рұқсат етпейді", – деді Твиттер арқылы аталған қозғалыстың баспасөз хатшысы Инамулла Самангани.

Ауғандық бандалардың қатысы барын РФ Мемдума депутаттары айтқан.

Ауғанстанның жаңа билігі Ауғанстан территориясынан Қазақстанға немесе басқа елге қауіп төніп тұрған жоқ деп сендіруге тырысты. Бірақ әрине, лаңкестерге риясыз сенуге болмайды.

Жалпы, 2022 жылдың қорытындысын шығарған шетелдік басылымдар жыл бойы халықаралық күн тәртібінен түспеген басты оқиғалар қатарында Украинадағы соғыс сыртында, тәліптердің Ауғанстанда толық үстемдігін орнатуын атады.

Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Орталық Азияда орналасқан Ауғанстан азық-түлік тапшылығына душар болған, ашығып жатқан адамдарының саны жөнінен әлемде "көш бастады".  Оған тіпті Африка елдері де жол берген. Бір ғана ауған елінде 23 миллионнан астам адам тамақтан тарығып отыр. Жалпы алғанда, 42 миллиондай тұрғыны бар Ауғанстан халқының шамамен 95%-ы тұрақты түрде тойып тамақтанбайды, ашқұрсақ жүреді.

Сарапшылар, әсіресе, азаматтық соғыс салдарынан баспаналарын тастап, ел ішіндегі өзге өңірлерге ауған 4 миллионнан астам адамның және көрші елдерде бас сауғалай қашқан 3,5 миллиондай адамның тағдырына алаңдайды. Яғни, жаңа билік елге бірлік пен бақуатты тірлік сыйлай алмады.

Батыстық сарапшылар содырларға сенім жоқтығына назар аудартады: "Талибан" халықаралық аренада мойындалу үшін еркін Ауғанстан құруға уәде етіп билікке келген еді, алайда қатал шектеулер енгізіп, әйелдерді үйлерінен аттап басқызбай тастады.

Бірінші кезекте, тәліптер 20 жыл бойы жұмыс істеген Әйелдер істері жөніндегі министрлікті жойды. Оның орнына Күнәнің алдын алу министрлігі құрылды. Бұл 1996–2001 жылдары Ауғанстанды тәліптер басқарған тұста болған жазалаушы орган – әдет-ғұрып полициясының баламасына ұқсас. Жаңа құрылымның басшысы шейх Мохаммад Халедтің түсіндіруінше, бұл қадам әйелдердің мүдделерін тиімдірек қорғау үшін жасалған-мыс. Ведомствоға әйелдерді тәрбиелеу жүктелген.

2022 жылғы 27 наурызда тәліптер алдымен әйелдерге ер адамның ілесіп жүруінсіз, жалғыз өзі ұшақта ұшуына тыйым салды. Бұл тыйым ел ішіндегі сапарларға да, халықаралық рейстерге де таралады. Бұл туралы ауған шенеуніктеріне сілтеп, Associsted Press хабарлады.

2022 жылғы 7 мамырда тәліптер әйелдерге көшеде бет-жүзін ашып жүруге тыйым салды. Яғни, шашын ғана емес, жүзін де жасыруға міндеттеді. Осыған орай "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) террористік қозғалысының жоғарғы билеушісі Хайбатулла Ахундзада жарлық шығарып, елдері барлық әйелдерге көшеде үсті-басын бастан-аяқ толық жауып, тек көзді ғана ашық қалдыратын бурка киіп жүруді бұйырды. Жалпы, Ислам әйелдерді бетті толық жабуға міндеттемейтіні белгілі. Тек шашты жабуы шарт, бұл бір жағынан, шаш тамаққа түсіп кетпеу үшін гигиеналық мақсатта жасалған. Тәліптердің жарлығында дәйектемелік база жоқ, тек бурка кию "дәстүрге тән және құрметтің нышаны" екені ғана жазылған. Егер әйел осы талапты бұзса, ол үшін әкесі, не еркек жынысты жақын туысы, не күйеуі жазаланады: олар жұмысынан қуылуы немесе түрмеге қамалуы мүмкін.

2022 жылғы қарашада қыз-келіншектерге спортзалдарға, парктерге, ойын, сауық орталықтарына баруға толық тыйым салынды. Себебі әйелдер "ондай орындарға әйелге лайықсыз киімдер киіп барады және киім үлгілеріне қатысты бұрын енгізілген талаптарды дұрыс сақтамайды". Телеарналарға актрисалар қатысатын драмалық фильмдер мен бағдарламаларды көрсетуден бас тарту ұсынылған.

2022 жылғы 20 желтоқсанда тәліптер ауған әйелдеріне университеттерде оқуға тыйым салды. Бұл туралы жоғарғы білім министрлігінің өкілі Зиауллах Хашми мәлімдеді. Нәзік болмыс иелері бұл елде енді мемлекеттік те, жекеменшік те ғылым ордаларында оқи алмайды. Бұған бірқатар қыз-келіншектер үнсіз қарсы шығып, университеттерге жасырын жолдармен немесе еркекше киініп баруға тырысқан. Мұндай айла-шарғыға тоспа құру үшін билік жоғарғы оқу орындарының есіктеріне қарулы содырларын қойды.

2022 жылғы 24 желтоқсанда тәліптер бақылауындағы Ауғанстан Үкіметі ауғанстандық әйелдерге үкіметтік емес ұйымдарда (ҮЕҰ) жұмыс істеуге тыйым салды. The Guardian мәліметінше, Ауғанстан экономика министрлігінің ресми хатына сәйкес, барлық жергілікті және шетелдік ҮЕҰ, қоғамдық ұйымдар жергілікті әйелдерді жұмысқа алмауға тиіс, бұрын алып қойса, жұмыстан шығаруы және олардың қызметін атқару мақсатында кеңселеріне кіруіне жол бермеулері шарт. Бұл шешімді тәліптер "кейбір үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері әйелдердің киім киісіне қатысты талаптарды сақтамайды" деген сылтаумен енгізген.

Жалпы, тәліптер Ауғанстанда өлім жазасын енгізді. Ең жоғары жазаға кесілгендер орталық алаңда, қалың жұртшылықтың көзінше өлтіріледі.

Орталықазиялық елде репрессияның өршуі халықаралық қоғамдастықты алаңдатып отыр. Өткен сәрсенбіде, 28 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстанды бақылауда ұстап отырған "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) қозғалысының әйелдерге шектеулеріне қатысты шешімдерін айыптады және ондай шаралардан бас тартуға шақырды.

"БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тәліптердің қыздар мен әйелдердің университеттерде оқуына тыйым салғаны, мектептерде 6-сыныптан жоғары сыныптарды жауып тастағаны туралы хабарға қатты алаңдаушылық білдіреді. Қауіпсіздік кеңесі қыздар мен әйелдердің Ауғанстан өміріне жан-жақты, тең әрі толыққанды қатысуына мүмкіндік беруге шақырады. БҰҰ ҚК "Талибанның" ҮЕҰ-лар мен халықаралық ұйымдардың қызметкер әйелдеріне жұмысқа шығуына тыйым салғаны туралы хабарларға да қатты мазасызданып отыр. Бұл тыйым елдегі гуманитарлық көмекке, соның ішінде БҰҰ аясындағы гуманитарлық операциялардың жүзеге асырылуына елеулі және тікелей кедергі келтіреді", – делінген ұйымның баспасөзге арналған мәлімдемесінде.

Жалпы, қазір Біріккен ұлттар ұйымының азусыз нәрсе екені әшкереленіп отыр. Жаһандық ұйым өзінің Қауіпсіздік кеңесінің 5 мүшесінің бірі Ресейдің Украинаға шапқыншылық жасауына да тоқтау сала алмады. Яғни, барлық жағдайда "қатты алаңдаушылық білдірумен" шектеледі.

Негізі, билік көп адамды аздырады. 2021 жылғы күзде Ауғанстандағы билікті басып алған "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) қозғалысы алдымен халықаралық мойындалу үшін реформалар жүргізетінін және Президент Ашраф Ғани құрған, коррупция жайлаған, елдің басын біріктіре алмаған ескі жүйенің ауыр мұраларынан арылатынын аңғартты. Тәліптердің ұстамды қанаты бастапқыда әйелдер, азшылық ұлттар өкілдері кірген инклюзивті Үкімет құрмақ болды. Алайда қозғалыстың "қырғилар" қанаты мұны әлсіздік деп білді. Олар қозғалыстың ұзақ жылғы күресінің жемісін халықаралық қоғамдастықтың сынымен санаспай, тек қана тәліптердің талабына құрылған абсолютті билік режимін енгізуден көрді. Жаңа үкіметке әйелдер кірмеді. Ауғанстанның жаңа Министрлер кабинетіндегі 19 министрлік портфелді тегіс ерлер, соның ішінде басым көпшілігін көп ұлтты елдегі ең ірі этникалық топтың өкілдері – пуштундар иеленді. 

2022 жылғы оқиғалар қозғалыстың радикалды қанаты үстемдік алғанын көрсетті. Бұл Орталық Азиямен іргелес қонған Қазақстанды (біздің ел Түркия қатарлы еуразиялық ел саналады) және басқа елдерді алаңдатпай қоймайды.

Орталықазиялық шығыстанушы Руслан Сулеймановтың түсіндіруінше, ауған қоғамы бұрынғыдан көп өзгерді. Сондықтан оның жұртшылығы жаңа талаптарға ашық, жасырын түрде, қал-қадари қарсыласып бағуда. Бұған жауап ретінде тәліптер қуғын-сүргінді арттырды.

"11 қыркүйектегі терактіге байланысты АҚШ пен оның одақтастары 2001 жылғы күзде "Мызғымас бостандық" операциясын бастағанда, тәліптер елді тастап қашқаны мәлім. Алайда 2021 жылғы 15 тамызда, яғни батыстық коалиция әскері Ауғанстанды тастап шыққаннан соң, ізінше тәліптер ел астанасы Кабулды ұрыссыз алып, өз тәртіптерін орната бастады. Тәліптер 2001 жылы тастап кеткен ауған қоғамының содан бері күрт өзгеріп кеткенін енді ғана түсінуде. Мысалы, Дүниежүзілік банктің дерегінше, өткен 20 жылда мектепке баратын ауған қыздарының үлесі 0-ден 80%-ға дейін күрт артты. Яғни олар кем дегенде, әлеуметтік желідегіні, газеттерді оқып, өздері жаза біледі. Ауғанстанда тәліптер енгізіп жатқан жаңа тыйымдар мен шектеулерге ірі қалаларда жаппай қарсылық танытып жатқан топтардың негізін, ұстынын қыз-келіншектер, әйелдер құрайды. Сондықтан тәліптер ең алдымен әйелдерді басып тастауға ұмтылуда. Өйткені дәл солар тәліптер режиміне қауіпті көрінеді", – деді Руслан Сулейманов.

Ал шығыстанушы, "Движение Талибан и перспективы Афганистана и Пакистана" монографиясының авторы Руслан Сикоевтың байламынша, тәліп радикалдардың көпшілігі жетім, ананың қамқорлығы мен махаббатын көрмей өскен. Сол себепті "олар әйел атаулыға аяушылық танытпайды, оларды адам қатарында санамайды".

"Тәліптердің көбі тек қана ерлерден тұратын ортада, діни мекемелерде, медреселерде, сонымен қатар ауылдық пуштундық қауымдарда немесе әскери лагерьлерде өсіп жетілді. Ауған әйелдеріне қатысты енгізіліп жатқан барлық шектеулер жоғарыдан түсіріледі және исламның емес, негізінен тәліптердің идеологиясынан туындаған. Олар "Пуштунвалиды" (пуштундардың өмір салтының бейресми кодексін) ұстанады", – дейді Ауғанстанның Америкалық университетінің құқық профессоры, қазір студенттеріне АҚШ-тан онлайн дәріс оқып жүрген ғалым Харун Рахими.

Пуштун тайпаларының өмірін реттейтін заңдар жинағын зерттеген ауған ғалымы Мухаммад Анвар Нумйалай "Пуштундардың әлеуметтік тарихының негіздері" атты кітабында жалпы алғанда пуштундардың әйелдерге құрметпен қарайтынына, бірақ олар әйелдердің орны "не үйде, не молада" деп есептейтініне назар аудартады. Оларда әйел еркектің меншігі ретінде қабылданады.

Ауған жұртшылығы қысымға үнсіз төзбей, мүмкіндігінше қарсылығын жалғастыруда. Қолына қару алып, тау, тасты шарлап, қарулы қарсылық білдіргендер де бар. Көпшілігі бейбіт наразылық нысандарын таңдайды. Өйткені оларға халықаралық көмек пен қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Мәселен, телеарналарда жүргізуші әйелдер бет-аузын толық тұмшалап қана эфирге шығуға міндеттелді. Бұған қарсылығы ретінде еркек кіндікті жүргізушілер де қара медициналық маскамен шығып жүр.

Радикалдардың қатал тыйымдары мұсылман әлемінде көңілтолмастық туғызды. Қатардың (2013 жылдан бері "Талибанның" кеңсесі сол елде орналасқан еді) Үкімет басшысының орынбасары, сыртқы істер министрі Мухаммед бен Абдел Рахман әл Тани 2021 жылы тәліптердің қарекеттері "түңілткенін және Ауғанстанды кері кетіргенін" мәлімдеді.

Әлемдегі аса ірі ислам университеті "Әл-Азһардың" жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб "Талибанды" айыптап сөйледі: ол радикалдардың шешімдері мұсылман дінінің негіздеріне қайшы келетінін жеткізді: "Ислам ерлерді де, әйелдерді де бесіктен бастап, өмірінің соңғы күніне дейін әрдайым білімді іздеуге шақырады", – деді шейх Ахмад ат-Тайеб.

Мамандардың пікірінше, тәліптердің қыспағының күшеюіне қозғалыстың өз ішіндегі қайшылықтардың өрістеуі және радикалдардың жоғарғы көшбасшысы Хайбатулла Ахундзаданың төл билігін күшейтуге ұмтылуы түрткі болғанға ұқсайды.

Осыдан кейін Қазақстандағы зайырлы өмір салтын, тұрақтылықты, бейбітшілікті аялап, сақтаудың маңыздылығы арта түссе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу