Ауғанстанға ұн өткізіп келген отандық экспортшылар енді қайтпек

3428

Қазақстаннан сыртқы нарыққа тасымалданатын ұнның үштен екі бөлігі осы уақытқа дейін Ауғанстанға жөнелтіліп келген. Ол елдегі күрделі саяси жағдайға байланысты қазақстандық экспортшылар енді қиын жағдайда қалмай ма? 

Ауғанстанға ұн өткізіп келген отандық экспортшылар енді қайтпек

Бұл сұрақ бүгін де отандық кәсіпкерлердің түн ұйқысын төрт бөліп тұр, деп хабарлайды inbusines.kz.

Жалпы Қазақстанның өзінде де ауған бизнесі едәуір дамып келе жатқанын атап өту керек. Биылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 229,7 млн долларды құраған болатын. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,3% аз. Тауар айналымының аса көп бөлігі, атап айтқанда 99% экспортқа тиесілі. Қазақстаннан Ауғанстанға 228 млн доллардың тауары жөнелтілген. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен сәл төмендегені "коронадағдарыспен" түсіндіріледі.

"Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымының аса маңызды бөлігі ұнға тиесілі. 2021 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында Қазақстаннан сыртқы нарықтарға шығарылған ұнының 65,5%-ы дәл осы Ауғанстанға жөнелтілген болатын. Қазақстанның экспортталатын бидайдың да 11,8%-ы Ауғанстанға жеткізілген. Ауғанстандағы күрделі ахуалды есепке алсақ, ұн мен бидай өндіретін қазақстандық экспортшылар қиын жағдайда қалуы мүмкін. Сондай-ақ, Қазақстан Ауғанстанға арпа, май және өсімдік майларын, қант, астық өнімдері, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, тыңайтқыштар, тоқыма өнімдерін жеткізеді", – деп хабарлайды finprom.kz зерттеушілері.

Ал Ауғанстаннан Қазақстанға кондитерлік өнімдер, минералды және асханалық су, құм, киім, сондай-ақ кейбір бекіту материалдары, ауа және вакуумдық сорғылар, крандар және тағы басқа тауарлар әкелінеді.

Жалпы, Қазақстан мен Ауғанстанның қарым-қатынасы көптеген позиция бойынша дамып келе жатқан. Мысалы, Қазақстанға ауған азаматтары көптеп келеді. Мәселен, жарты жыл ішінде Ауғанстаннан Қазақстанға ресми деректер бойынша 113 адам келген. 

Бизнеске келер болсақ, 2021 жылғы 1 тамыз бойынша елімізде Ауғанстанның қатысуымен жұмыс істеп тұрған 384 заңды тұлға тіркелген. Бұл  бір жыл бұрынғы көрсеткіштен қарағанда бірден 21,9% артық. Олардың жартысынан астамы көтерме, бөлшек сауда және автожөндеу саласында жұмыс істейді.

Айта кетсек күні кеше ғана Солтүстік Қазақстандағы диірмендердің бірінің коммерциялық директоры Таисия Колегова да "Талибан" қозғалысының (Қазақстанда "террористік" ұйым танылып, қызметіне тыйым салынған) шабуылы отандық бизнеске салдарынан тигізуі мүмкін екенін мәлім еткен болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда Ауғанстаннан басқа ұн өткізетін балама нарық жоқ. 

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу