Ауғанстанның солтүстігінде тәжікстандық "Талибан" пайда болды

2053

Бұл жоба посткеңестік кеңістікке бағытталған. 

Ауғанстанның солтүстігінде тәжікстандық "Талибан" пайда болды

Ауғанстанның "Талибанға" қызмет көрсететін медиаресурстары "Тәжікстан тәліптерінің қозғалысы" (Техрик-е Талибан Тәжікстан, ТТТ) құрылғанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz podrobno.uz сайтына сілтеме жасап.

Бірқатар сарапшының айтуынша, санкциялар тізіміне әлі енбеген бұл топтың мақсаты – Тәжікстан Республикасының азаматтарын осы топқа тарту және Душанбедегі зайырлы режимді құлату. 

Кейбір деректер бойынша, "Тәжікстан тәліптерінің қозғалысы" Ресей Федерациясында тыйым салынған "Джамаат Ансарулла" негізінде құрылған көрінеді. Оның құрамында 300-ге жуық содыр бар. Барлығы да – Тәжікстан тумалары. 2021 жылдың тамызына дейін бұл содырлар Ауғанстан тәліптерінің құрамында АҚШ пен НАТО күштеріне, сондай-ақ Ауғанстан Ислам Республикасы үкіметінің әскеріне қарсы соғысқан.

Тәліптер жеңіске жеткеннен кейін, "Джамаат Ансарулла" тобы Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Бадахшан провинциясының Тәжікстанмен шектесетін бірнеше уездерінде орналасты. Олар осы аудандарда "Талибан" шекара күзетінің функцияларын орындайды. Бұны Тәжікстанның қазіргі билігі құптап отырған жоқ.

"Сангар" ақпараттық ресурсының мәліметі бойынша, "Тәжікстан тәліптерінің қозғалысының" жетекшісі – Мехди Арсалан. Шын есімі – Мұхаммад Шарипов. Ол – Тәжікстанның Нурабад ауданының тумасы, бұрын Ауғанстанға көшіп, тәліптердің құрамында соғысқан.

Эмомали Рахмон үкіметі үшін бұл қозғалыстың пайда болуы – жақсы жаңалық емес. Тәжікстанның қазіргі экономикалық проблемалары халықтың наразылығын өршітіп отыр. Елдегі радикалдар осы топтың құрамына қосылуы әбден мүмкін. Бұл дағдарыс жағдайында Тәжікстанның қазіргі мемлекеттік жүйесі үшін бұл қозғалыстың құрылуы сын-тегеурінге айналмақ.

Podrobno.uz сайтында жарияланған мақала авторының байламынша, "Тәжікстан тәліптерінің қозғалысынан" бөлек кейін Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Қазақстан, тіпті Ресей және басқа да посткеңестік елдердің қоғамдық пікіріне бағытталған жаңа террористік топтар пайда болуы мүмкін.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу