Ауқатты азаматтар мемлекеттен көмек алмауы тиіс – Бектенов

224

Қазіргі таңда Үкімет әлеуметтік қамсыздандыру саласында ауқымды реформа жүргізіп жатыр.   

Ауқатты азаматтар мемлекеттен көмек алмауы тиіс – Бектенов Фото: primeminister.kz

Ол адамның қай санатқа жататынына қарай емес, оның шын мәніндегі мұқтаждығына қарай көмек алу принципіне негізделген. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл принцип толыққанды жұмыс істейтін болады. Қазір ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Бай, ауқатты, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттен көмек алмауы тиіс. Олар өз күштеріне сенуі керек", – деді Олжас Бектенов депутаттың сауалына берген жауабында.

Мемлекет өзін қамтамасыз ете алмай отырғандарға қолдау көрсетіп отыр және әрі қарай да бұл көмекті жалғастыра береді, деп атап өтті ол.

"Дегенмен, мемлекет көрсететін мұндай көмекті адам тұрақты деп емес, өзін табуға және уақыт өте келе мұқтаждар санатынан шығуға берілген мүмкіндік деп қабылдауы тиіс. Бұл да бізге айтарлықтай мемлекет қаражатын үнемдеуге және оны маңызды мақсаттарға қайта бағыттауға мүмкіндік береді. 2027 жылы бұл үнемдеу 700 миллиард теңгені құраса, үш жылдық кезеңде бұл сома шамамен 2,5 триллионға жуықтайды", – деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу