Ауқымды жобаның инвесторы анықталды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4959

Үлкен Алматы айналма жолын Түркия мен Оңтүстік Корея концорциумы салатын болды.

Ауқымды жобаның инвесторы анықталды

"Kazakhstan Global Investment Roundtable"  жиынында Үлкен Алматы айналма жолының құрылысына қатысты қорытынды келісімге қол қойылды. Аталған жобаны төрт компаниядан тұратын Түркия мен Оңтүстік Корея концорциумы жүзеге асырмақ. Жобаның жалпы құны – 180 млрд теңге.

Жиында журналистерге сұхбат берген инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үлкен Алматы айналма жолы туралы айтып берді. Министрдің сөзінше, концорциум аталған жобаға өз қаражатын жұмсайды.  Қазір жоба құрылысына дайындық жүріп жатыр. Оның құрылысы 2018 жылы басталып, үш жылға бойы жүргізіледі.

"Үлкен Алматы айналма жолы ақылы болады. Оның іске қосылуы Алматы жолдарының жүктемесін айтарлықтай жеңілдетеді. Жол бірінші санатты болмақ.  60 шақырымнан астамы бетоннан салынады. Жолдың кейбір бөлігі 8-10 жолақтан тұрады деп күтілуде", – деді Жеңіс Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, инвесторды таңдар сәтте күтпеген жағдай орын алған.

"2016 жылы конкурс өткізілді. Алайда дәл сол жылы теңге бағамы күрт өзгеріске ұшырады. Сондықтан бірнеше кезеңнен тұратын келіссөз жүргізілді. Әу баста 10-нан астам шетелдік консорциум болды. Кейін оның бесеуі ғана қалды. Одан үшеуге дейін қысқарды. Таңдау тиімді шарт ұсынған Түркия мен Оңтүстік Корея концорциумына түсті. Концорциум бұған дейін мұндай жобалармен айналысқан. Тәжірибесі жеткілікті", – деді министр.

Еске сала кетейік, Үлкен Алматы айналма жолы – Қазақстанда жүзеге асырылуы жоспарланған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі.

Әуелде бұл жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырып, 2016 жылы аяқтау көзделген еді. Алайда бұл мүмкін болмады.

2012 жылы көлік және коммуникация министрлігі, халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) сондай-ақ Еуропа даму және қайта құру банкі Қазақстанда жол саласында концессиялық жобаларды жүзеге асыру бағытында техникалық әріптестік туралы келісімді бекітті. Бұл бағыттағы қанатқақты жоба ретінде Үлкен Алматы айналма жолы таңдалып алынды. Аталған жоба шет мемлекеттерде де бірнеше мәрте таныстырылды. Отандық шенеуніктер оны 700 млн долларға бағалады. Алайда жол құрылысы түрлі себептерге байланысты кейін шегеріле берді. Ақыры үкімет жобаға қатысты тиісті шешім қабылдады.

Үлкен Алматы айналма жолы Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарының аумағы арқылы өтеді. Жолдың жалпы ұзындығы – 66 шақырым. Ол тәулігіне 38 мың автокөлік өткізе алады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу