"Аула клубтары ақылы болуы керек"

Тегін үйірмеге қатысқан баланың да, ата-анасының да жауапкершілігі болмайды.  

"Аула клубтары ақылы болуы керек"

Орталық коммуникациялар қызметінде "Қазақстандағы бұқаралық спортты тиімді дамыту" тақырыбында өткен брифингте спикерлер бұқаралық спортқа балаларды баулу, олардың салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыру тақырыбы қозғалды. "Ұлы Дала скауттары" қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Ильдар Катенов үйірмелер ақылы болуы керек деген екіұшты мәселе көтерді. Ол тек сонда ғана бала спортқа жауапкершілікпен қарайды деген пікірде.

 "Аула клубтарын дамыту маңызды. Ол баланың тұрғылықты жерінде орналасқаны жөн. Бірақ ол тегін болмауы керек. Бұл ұсыныс біртүрлі ұсыныс болып көрінер. Алайда мен оны жақсы түсінемін, себебі елордада аула клубтарын дамытумен айналысамын. Тегін үйірмеге қатысқан баланың да, оның ата-анасының да жауапкершілігі болмайды. Ол келгісі келсе келеді, барғысы келмесе бармайды. Жаттықтырушыда жүйелілік болмайды", – дейді Ильдар Катенов.

Сондықтан балаларға арналған үйірмелер ақылы болуы тиіс, тек сонда ғана ол ата-анаға жауапкершілік жүктейді деп есептейді. Қоғамдық бірлестіктің бас хатшысы жағдайы жоқ ата-аналар үшін Ресей тәжірибесіне сүйеніп, ваучер жүйесін енгізуді ұсынып отыр.

"Ваучер қосымша білім беруді төлей алмайтын ата-аналарға беріледі. Бала тегін үйірмеге қаласа да, қаламаса да барып жазылмайды. Өзі таңдаған спортқа барады. Бұған қоса жаттықтырушыларды ынталандыру да маңызды. Бала бірінші кезекте спортты ғана емес, жаттықтырушыны таңдайды. Ол ұстаз бен шәкірт арасындағы үлкен байланыс. Сондықтан мықты жаттықтырушыларды қолдап, олардың беделін арттырған жөн" – деп ойын ортаға салды.

Ал "Тарлан батырлары" ЖШС директоры Бахтияр Артаев өзі басқаратын мекемелерге күніне 300-ден 500-ге дейін бала келіп жаттығатынын айтады. Оның ішінде тек бокс қана емес, 7 түрлі үйірме бар. Бұған қоса, балаларға тәрбие сағаттарын өткізіп, бос уақытты тиімді пайдалану бойынша да кеңестерімен бөліседі.

"Біз мемлекеттен субсидия ала отырып, балаларды спортқа тегін баулимыз.  Балаларға бойына жиналған күш-қуатты қандай бағытта жұмсау керек дегендей үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Карантин кезінде оларға онлайн сабақ өттік. Ал кешкі сағат 19:00-ден кейін мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін адамдарға фитнес бойынша, джиу-джитсу бойынша ақылы қызмет көрсетеміз. Сол арқылы біз ғимараттарымызды жөндейміз. Барлығы мемлекеттік және жекеменшік серіктестік арқылы жүзеге асады. Бұл өте жақсы жүйе", – деген Олимпиада чемпионы тегін үйірмелерге қатысқысы келетін балалар көп екенін айтады.

"Бізде 350 бала жаттығуы керек. Алайда балаларды жақсы көргендіктен 700-ге дейін баланы тегін қабылдаймыз. Барлығымыз ата-анамыз, оларды қамтуымыз керек. Әрі мүмкіндігі шектеулі жандарға да қызмет көрсетеміз. Олар күннің қай бөлігінде келемін десе де есігіміз ашық. Қазір Қазақстанның 5 өңірінде жұмыс істеп жатырмыз. Балаларға споттық үйірмелерді қолжетімді ету бағатында жұмысымызды жалғастыра береміз", – деді Бахтияр Артаев.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу