Ауруханадағы ас мәзірі құжаттағы талаппен неге сәйкес келмейді?

2871

Ауруханада берілетін тамақтың сапасына, ас мәзірінің "жұпынылығына" және уақытылы тамақ берілмеуіне пациенттер көңілі толмайтын жағдай жиі ұшырасады. Туысқандарына үйдің тамағын алдырып жатады.  

Ауруханадағы ас мәзірі құжаттағы талаппен неге сәйкес келмейді?

Алайда науқас үшін қанша қаражат бөлінетінін, қандай тағамдарға тапсырыс берілетінін білген адам құжаттан "кемшілік" таппас еді.

Inbusiness.kz тілшісі мемлекеттік сатып алулар порталына көз жүгіртіп шықты және Денсаулық сақтау министрінің пікірін сұрап көрді.

"Балғын жемістер, кондитерлік өнімдер", "төрт рет тамақтану"

Мысалы, "Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы" 2022 жылға 72,1 млн теңге қаражат бөліп отыр екен. 

 

Goszakup порталындағы құжатқа сүйенсек, пациент төрт рет тамақтануы керек. Тамақтану уақыты былай: таңғы ас 8:00, түскі ас 12:30, түскі ас 16:00, кешкі ас 17:30. Стационардағы емделушілерге байланысты күніне 330 адамға дейін ас беріледі. Тамақ дайындауға өтінімді тапсырыс беруші бір күн бұрын жолдап отырады. 

Қарағанды қаласының балалар ауруханасы азық-түлік алдыруға бірнеше келісімшарт жасасқан. Солардың бірінде – 24 млн, екіншісінде 19 млн теңге қаражат бөлетіні көрсетілген. 

Түркістан облыстық балалар ауруханасы 143 млн теңге жұмсамақ болған. Сауда-саттық жасау, неге екені белгісіз, тоқтатылған екен.

 

"Қазына" жобасы авторларының анықтауына қарағанда, Семейдегі №2 қалалық аурухана биыл 20 млн теңгеден астам қаражат жұмсауды көздейді. 

Тапсырысқа қарағанда, науқастарға "жаңа піскен жемістер (алма), құрғақ жемістер, сүзбе, сиыр еті, шұжық ірімшігі, қаймақ, кондитерлік өнімдер (печенье, кәмпиттер, қант), жеміс шырындары" беріледі.

"Бас дәрігердің қаражатты тиімді жұмсауына байланысты"

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуына қарағанда, құжаттағы мәзір мен өмірдегі мәзірдің сәйкес келмеуі "бас дәрігердің бөлінген қаражатты дұрыс пайдалануына байланысты".

"Осы және тамақтың сапасын қатысты халықтың қандай да бір шағымы болса жазбаша жіберуіне болады, сэс комитеті арқылы тексере аламын", – дейді министр.

Оның түсіндіруіне қарағанда, әрбір ауру түріне қарай тариф белгіленген. Оған керек қаражат "барлығымен, соның ішінде қаржы министрлігімен" келісіледі.  

Ал Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтың айтуына қарағанда, халыққа түсіндіру жүргізу керек.

"Қазақтың менталитеті бар. Үйдің тамағы сапалы, үйдің тамағымен тез сауығады деп ойлайды. Алайда ауруханаларда әр науқастың ауыруына байланысты диеталық үстел болады. Оларға тиісті тамақ берілуі керек. Созылмалы науқасы бар адамның мәзірінде уылдырыққа дейін болуы керек", – дейді ол.

Құрметті оқырман, аурухана тамағына сіздің көңіліңіз тола ма? Мәзірдегі тиесілі тағамды сұратып, талап қоясыз ба?

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу