Ауруханаға емделуге һәм сырғанауға келесіз

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
2950

Жамбыл облыстық ауруханасының ауласына мұз айдыны салынып жатыр.   

Ауруханаға емделуге һәм сырғанауға келесіз

Жамбыл облыстық ауруханасы қаланың орталығында орналасқан. Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған қос қабатты ғимарат шағын аумақты алып тұр. Оны қазіргі медициналық мекемелермен салыстыра да алмайсың. Алайда облыстық аурухананың ұлтарақтай жеріне көз алартқан жергілікті кәсіпкердің бірі оның ауласына мұз айдынын салуға бекініпті.

Медицина мекемесінің жанындағы жер демалыс аймағына айналатынына қарапайым жұрт күмәнмен қарайды. Өйткені  халықтың түсінігінде науқас адамдар жатқан жер жанға жайлы әрі тыныш болуы керек. Бірақ жұртпен санасып жатқан ешкім жоқ. Аурухана ауласында мұз айдынының салынатыны рас.

"...Кезекті еңбек демалысымнан келсем, аурухана ауласында түрлі техника дамылсыз жұмыс істеп жатыр екен. Шаң-тозаң мен жанар-жағармайдың иісі қолқаны  қабады. Аурухананың ескі ғимаратын таяуда сүріп, орнын тегістеп тастасақ та, биылғы жоспарда жаңа ғимарат тұрғызу қарастырылмаған еді. Оның орнына кір жуатын бөлімше, мекеменің  автокөліктерін қоятын гараж, қызметкерлердің  жеке көліктерін қоятын көлеңкелі тұрақ саламыз деп жоспарлағанбыз. Сөйтсек бос жерге бір дөкейдің көзі түсіпті. Ол аурухана қызметкерлерінің уәжіне құлақ аспай, құрылыс жұмысын бастап кетіпті", – деп қынжылды облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сағындық Ордабеков.

Оның сөзінше, аурухана басшылығы мұндай болатынын білгенде ескі ғимаратты сүріп тастамас еді.

"Жерден айырылайын деп отырмыз. Кімнен көмек сұрарымызды да  білмейміз...", – деп түйді ойын бас дәрігердің орынбасары.

Жасыратыны жоқ, кез келген кәсіпкер қалауы бойынша жер телімін сатып ала алады. Алайда оның әрекеті заңға қаншалықты сәйкес екенін тексеретін құзырлы мекеме бар. Осыны ескеріп біз облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Асқар Рыспаевқа хабарластық. Ол мұз айдынын салуға рұқсат берген және оны бақылауда ұстайтын Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі екенін айтты. Біз медицина мекемесінің аумағындағы жер теліміне мұз айдынын салуға рұқсат беру қаншалықты заңды екенін білу үшін Тараз қалалық әкімдігіне жүгіндік. 

Бұл жерден: "Қала орталығының негізгі көшелерінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын бекіту 2017 жылдың соңына дейін жоспарланған. Осы жобалар бекітілгеннен кейін қала аумағындағы құрылыстарды заң аясында реттеуге толық мүмкіндік туады. Қала орталығынан мұз айдыны құрылысын салу мәселесі қала құрылысы кеңесінде 2017 жылғы 13 қаңтардағы №1 хаттамада қарастырылып, оң шешім қабылданған. Аталған мәселе қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың жұмысын жандандыру мақсатында көтерілген болатын. Бүгінгі күнде аталған саябақты заман талабына сәйкес қайта құру жұмыстары жоспарланып отыр. Сол бағдарлама аясында облыстық аурухана аумағындағы жер телімі қала қорына өткізіліп, мұз айдыны құрылысын салу нысаналы мақсатымен аукционға қойылып, нәтижесі бойынша "Shangry-La-Luxury" ЖШС жеңімпаз болып танылған. Қазір аталмыш ұйым мұз айдынының құрылысын жүргізіп жатыр.

Бұл нысан көпшілікке арналған демалыс орнына айналатындықтан қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтірмесі анық. Қаланың бас жоспары бойынша осындай мұз айдындары тек қала орталығында емес, қаланың шет аудандарында да қарастырылған. Бұл қоғамдық нысандар қала тұрғындарының қажеттілігін өтеу мақсатында жоспарланған", – деген жауап келді.

Бір сөзбен айтқанда кәсіпкердің бастамасын облыстық аурухана даттап, қала әкімдігі жақтап отыр. Ал тұрғындардың айтарға сөзі жоқ. Болашақта Жамбыл облыстық ауруханасына жұрт емделуге һәм сырғанауға қатар баратын болады. Жақсы ғой, "бір оқпен екі  қоян" атып келесің.  

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу