Australian Open-2023. Елена Рыбакинаның келесі қарсыласы кім?

940

Еліміздің үздік теннисшісі Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шығу үшін әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті жеңуі тиіс. 

Australian Open-2023. Елена Рыбакинаның келесі қарсыласы кім? Фото: sports.kz

Australian Open-2023 турнирінде әйелдер арасындағы жекелей сында Елена Рыбакинаның үшінші айналымдағы нәтижесі теннисшіміз үшін рекордтық болды. 20 қаңтарда Қазақстанның бірінші ракеткасы америкалық Дэниел Коллинзбен кездесіп, жеңіске жетті. Матч 2 сағат 5 минутқа созылды. Рыбакина үш сетте 6:2, 5:7, 6:2 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Ойын аяқталған соң Елена Рыбакина матчтың қорытындысы туралы пікір білдірді.

"Бұл өте қиын матч болды. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қарсыласымның соңына дейін күресетінін білдім. Үшінші сетті жақсы бастап, ойынды соңына дейін жеткізгеніме қуаныштымын!", - деді Елена баспасөз мәслихатында.

Төртінші айналымға өту Рыбакина үшін жеке рекордтық көрсеткіш болды. Ол бұрын соңды Аустралия ашық чемпионатының төртінші кезеңіне дейін жеткен емес. Қазақстандық спортшы қыздың бұл турнирдегі ең үздік жетістігі 2020 жылғы үшінші кезең болды.

Айта кетейік, Рыбакинаның келесі қарсыласы Ига Швентек. Ол әйелдер арасындағы жекелей сында үшінші айналымда WTA әлемдік рейтингінде 100-ші орында тұрған испаниялық Кристина Бучамен кездесті. Әлемнің бірінші ракеткасы оны 6:0, 6:1 есебімен жеңіп, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады.

21 жастағы Швентек Rolan Garros 2020, Roland Garros 2022 және US Open 2022 жеңімпазы. Ал 23 жастағы Рыбакина бір "Үлкен дулыға" турнирінің жеңімпазы. Теннисшілер 22-қаңтар күні ширек финалдық жолдаманы сарапқа салады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу