Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Қазақстандық теннисші бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге ширек финалда швециялық Ребекка Петерсон - ресейлік Анастасия Потаповамен шеберлік байқасты. Бірінші партияда швециялық- ресейлік жұп басымдылық танытты - 6:4. Екіншісінде Анна мен Беатрис есе қайырды - 7:5. Сосын үшінші, шешуші сетті жеңіспен тәмамдады - 6:3. Тартысты өткен бәсеке 2 сағаттан астам уақытқа созылды. Анна мен Беатрис финалға шығу үшін жапониялықтар Сюко Аояма - Ена Шибахарамен таласады.
Сонымен қатар Аружан Сағындықова жұптық сында Аустралия ашық чемпионаты жасөспірімдер турнирінің үшінші айналымына шықты.
17 жастағы Аружан ресейлік Екатерина Хайрутдиновамен бірге екінші айналымда грекиялықтар Михаэла Лаки - Димитра Павлумен шеберлік байқасты. Қазақстандық-ресейлік жұп қарсыластарын 6:3, 6:3 есебімен ұтты. Енді олардың ширек финалдағы қарсыластары чехиялықтар Луция Гавличкова-Доминика Шалкова және канададықтар Кайла Кросс-Виктория Мбоко арасынан анықталады. Осылайша Аружан Қазақстан теннисі тарихында рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейін "Үлкен дулыға" жарысының жасөспірімдер турнирінде ешкім үшінші айналымға шығып көрмеп еді. Тағы бір қазақстандық, 16 жасар Максим Батютенко жекелей сында екінші айналымда литвалық, Уимблдон жасөспірімдер турнирінің жұптық сындағы 2021 жылғы жеңімпазы Эдас Бутвиласқа жол берді - 6:7 (5:7), 3:6.
Ермұхамед Мәулен