Australian Open. Анна Данилина ширек финалда

1488

Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Australian Open-2022 турнирінің 1/4 финалына шықты.

Australian Open. Анна Данилина ширек финалда

Үшінші айналымдағы кездесуде Данилина мен Майя испаниялық Алена Большова мен норвегиялық Ульрикке Эйкериді 3:6, 6:4, 7:6 есебімен ұтты. Қазақстандық пен бразилиялық теннисші шешуші сетте 1:4 есебімен жеңілгенімен, есепті теңестіре алды – 4:4. Ал тай-брейкте 10:5 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалға шығу үшін Данилина мен Майя швециялық Ребекка Петерсон және ресейлік Анастасия Потапова жұбымен ойнайды.

Сондай-ақ ересектермен қатар жасөспірімдер арасында да Аустралия ашық біріншілгі өтуде. Турнирде 16 жастағы қазақстандық теннисші Максим Батютенко екінші айналымға өтті. Мұндай жоғары деңгейдегі турнирге алғаш рет қатысып жатқан теміртаулық Батютенко 17 жастағы британиялық Мэттью Ранкинді 6:4, 6:3 есебімен ұтты. Ойын 1 сағат 15 минутқа созылды.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы рейтингте Батютенко 55-ші, ал Ранкин 71-орында. Бұл қос теннисшінің алғаш рет Аустралия ашық чемпионатына қатысуы. Қазақстандық теннисшінің келесі қарсыласы француз Артур Хи мен литвалық Эдас Бутвилас арасындағы кездесудің жеңімпазы болмақ.

Australian Open турнирінен бөлек қазақстандық теннисшілер басқа да халықаралық теннис жарыстарында сәтті өнер көрсетуде. Денис Евсеев Вильнюс қаласында (Литва) өткен, жүлде қоры 25 мың АҚШ долларын құрайтын ITF World Tennis Tour M25 турнирінің абсолютті чемпионы атанды.

Аталған турнирде Денис Евсеев жекелей сайыста да, жұптық сайыста да топ жарды. Финалдық матчта бесінші нөмірмен өнер көрсеткен қазақстандық теннисші жарыстың алтыншы ракеткасы финляндиялық Отто Виртаненді 5:7, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен ұтты.

Ал жұптық сайыстың финалында Денис беларуссиялық Иван Лутаревичпен дуэтте венгриялық Фабиан Марожан мен Петер Вейтті жеңді – 6:4, 7:6 (7:4). Осылайша, Евсеев өзінің 18-ші ITF кубогін жеңіп алды.

Ермұхамед Мәулен