Қазақстандық Аружан Сағындықова жұптық сында Аустралия ашық чемпионаты жасөспірімдер турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, 17 жастағы А. Сағындықова ресейлік Екатерина Хайрутдиновамен бірге ширек финалда канадалықтар Кайла Кросс – Виктория Мбокомен кездесті. Қазақстандық-Ресейлік жұп 2:6, 2:6 есебімен қарсыластарына жол берді.
"Бұл менің жасөспірімдер арасында алғашқы "Үлкен дулыға" турнирім еді. Осындай ірі жарыста елімнің намысын қорғап, жұптық сында ширек финалға дейін жетуім жақсы жетістік деп ойлаймын. Жекелей сында тәжірибем жетіспеді. Алдағы уақытта бұдан да жоғары табысқа қол жеткізу үшін жақсылап дайындалып, барымды саламын. Маған қолдау көрсеткен Қазақстан теннис федерациясына, бапкеріме, барша жанкүйерлеріме алғысымды білдіргім келеді", – деді Аружан Сағындықова.
Сонымен қатар осы турнирде жасөспірімдер арасында өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық теннисші Максим Батютенко да жарыс жолынан шығып қалды. Ол 1/16 финалда "Уимболдонның" чемпионы, 17 жасар литвалық Эдас Бутвилосқа есе жіберді. Кездесу 6:7, 3:6 есебімен аяқталды. Айта кетейік, Максим алғашқы айналымда Ұлыбританиядан келген Мэттью Ранкинды 6:4, 6:3 есебімен жеңген болатын.
Сонымен Аустралия ашық біріншілігінде қазақстандық теннисшілерден тек Анна Данилина ғана қалды. Ол ересектер арасында жұптық сайыста бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жартылай финалға дейін жетті. Енді Анна мен Беатрис финалға шығу үшін жапониялықтар Сюко Аояма – Ена Шибахарамен таласады. Кездесу ертең, 26 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 6:00-де басталады.
Ермұхамед Мәулен