Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Қазақстандық жұп екінші айналымда осы турнирдің көшбасшылары, колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль – Роберт Фарахпен кездесті. Қазақстандықтар бірінші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бублик пен Голубев екінші сетте де 5:3 есебімен алға шықты. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндіктерін пайдалана білді – 6:4. Бәсеке 1 сағат 11 минутқа созылды.
Қазақстандық жұп ширек финалға шығу үшін сальвадорлық Марсело Аревало – нидерландылық Матве Мидделкоппен таласады.
Ал жекелей сында өнер көрсеткен қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Мельбурнде өткен Аустралия ашық біріншілігінің үшінші айналымынан өте алмады.
Әлемдік рейтингте 28-орында тұрған қазақстандық теннисші әлемнің бесінші ракеткасы украиналық Элина Свитолинадан екі сетте ұтылды - 4: 6, 0: 6. Матч 1 сағат 24 минутқа созылды. Путинцева бірде-бір эйс жасамады. Сонымен қатар төрт екі еселенген қателік жіберді. Келесі айналымда Свитолина Джессика Пегула (АҚШ) - Кристина Младенович (Франция) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Айта кетейік, бірінші айналымда Путинцева әлемнің экс-үшінші ракеткасы америкалық Слоан Стивенсті (4: 6, 6: 2, 6: 3), екінші кезеңде бельгиялық Алисон Ван Эйтванкті (6: 4, 1) : 6, 6: 2) жеңген болатын.
Ермұхамед Мәулен