Бүгін Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Australian Open-2021-де өнер көрсетті. Жарыстың бірінші айналымында 33 жастағы қазақстандық теннисші әлемнің үшінші ракеткасы және US Open-2020 чемпионы - аустриялық Доминик Тиммен кездесті. 2 сағат 40 минутқа созылған матч 7: 6 (2), 6: 2, 6: 3 есебімен, 27 жастағы Тимнің жеңісімен аяқталды.
Бірінші сетте Михаил брейкпен алға шыққан. Бірақ есеп 6:5 (AD-40) болғанынан қарамастан мүмкіндігін пайдалана алмады. Бірінші сеттің тай-брейкінде ұтылған Кукушкин екінші сетте бірден басымдықты өз қолына алып, 2:0 есебімен алға шықты. Содан кейін еліміздің екінші ракеткасының ойыны нәтиже бермеді. Ал Тим қатарынан алты геймде жеңіске жетті. Бұл екі теннисшінің алғаш рет кездесуі болды. Екінші айналымда Доминик Тим Доминик Кепфермен (Германия) немесе Уго Делиенмен (Боливия) ойнайды.
Естеріңізге сала кетсек, Кукушкин Аустралия ашық біріншілігінің алғашқы айналымында қатарынан тоғызыншы рет ұтылды. Соңғы рет ол бұл кезеңнен 2012 жылы ғана өткен.
Сондай-ақ бүгін турнирде Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны 33 жастағы Ярослава Шведова да Мельбурндегі Аустралия ашық біріншілігінің алғашқы айналымындағы тосқауылдан өте алмады. Шведова әлемнің бұрынғы 26-ракеткасы - италиялық Камила Джорджиден екі сетте ұтылды - 3: 6, 3: 6. Матч бір сағат 15 минутқа созылды. Шведова жеті эйс жасады, тек екі рет қателесті. Ал италиялық төрт эйс жасады. Алайда бұл көрсеткіш қазақстандық теннисшіге жеңіске жетуге көмектеспеді. Джорджи келесі айналымда Ига Швентек (Польша) - Аранка Рус (Нидерланды) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Сонымен қатар Дүниежүзілік рейтингте 81-орында тұрған Зарина Дияс алғашқы айналымда әлемнің 88-ракеткасы, словениялық Тамара Зиданшекпен кездесті. Бұдан бұрын қарсыластар өзара бір мәрте шеберлік байқасып, онда қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да Дияс ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ. Сөйтіп ол 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды. Зарина екінші айналымда рейтингте 63-сатыдағы америкалық Бернарда Перамен күш сынасады. Ол кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған "Үлкен дулыға" турнирінің үш дүркін жеңімпазы, әлемнің 25-ракеткасы, германиялық Анжелика Керберді 6:0, 6:4 есебімен ұтты.
Ермұхамед Мәулен