Аустралия ашық чемпионатына қатысатын теннисшілер рекордтық сыйақы алады

485

Еліміздің атынан турнирге бес теннисші қатысады. 

Аустралия ашық чемпионатына қатысатын теннисшілер рекордтық сыйақы алады

Мельбурнда өтіп жатқан жарыстың іріктеу кезеңінде ел намысын қорғаған Дмитрий Попко алғашқы кездесуінде АҚШ өкілі Маккензи Макдональдқа жол берді.

Осылайша, турнирдің негізгі кезеңіне Қазақстан атынан Елена Рыбакина, Александр Бублик, Александр Шевченко, Зарина Дияс және Юлия Путинцева қатысады. Олар беделді додада жеңіс пен маңызды рейтингтік ұпайлар үшін бақ сынайды.

Сондай-ақ теннис әлеміндегі ең беделді жарыстардың бірі саналатын Australian Open турнирінің ұйымдастырушылары 2026 жылға арналған жүлде қорын ресми түрде жариялады. Биылғы көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда шамамен 16 пайызға артқан. Бұл өзгеріс инфляция деңгейімен қатар, ойыншылардың еңбегін лайықты бағалау және олардың табысын турнирдің алғашқы кезеңдерінен бастап көбейтуге бағытталған.

Жаңартылған жүйе бойынша жүлде қоры аустралиялық доллармен (AUD) есептеледі. Бірінші айналымда жеңіліс тапқан теннисшілердің өзі 150 мың доллар көлемінде сыйақы алады. Ал екінші және үшінші кезеңдерде бұл көрсеткіш 225 мың және 327 750 долларды құрайды. Төртінші айналымға жеткен спортшылар 480 мың доллар иеленеді.

Шешуші кезеңдерге өткен ойыншылар үшін жүлде одан әрі арта түседі. Ширек финалға шыққандарға 750 мың доллар, жартылай финалистерге 1 миллион 250 мың доллар төленеді. Финалға дейін жеткен спортшы 2 миллион 150 мың доллар сыйақы алса, ал чемпионның қалтасына 4 миллион 150 мың доллар түседі.

2026 жылғы Australian Open турнирінің негізгі кезеңі 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Мельбурнда өтеді. Бұл дода дәстүрлі түрде маусымның алғашқы "Үлкен дулыға" жарысы саналады және әлемнің үздік теннисшілерін бір арнаға тоғыстырады.

Қазіргі таңда турнирдің әйелдер арасындағы жекелей сынында чемпиондық атақ америкалық Мэдисон Кизге тиесілі. Ол өткен жылғы финалда әлемдік рейтинг көшбасшысы Арина Соболенконы жеңген болатын. Ал ерлер арасында чемпиондық атақты әлемнің екінші ракеткасы, Италия өкілі Янник Синнер қорғауға кортқа шығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу