Лотерея тарихындағы жүлде қоры 7 рет 100 миллион австралиялық долларға жеткен еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Десе де, алғаш рет мұндай қомақты ұтыстың иесі сыйақысын алуға келмеген.
Ұтыс билеті Сидней қаласының маңындағы шағын газет дүңгіршегі мен интернет-кафеде сатылған. Жеңімпазды қарсы алуға дайындалған дүкен иелері әуе шарларын іліп, миллионердің келуін тағатсыздана күткен. Бірақ күндер апталарға, апталар айларға, ал айлар бір жылға ұласты. Соған қарамастан, жеңімпаздан әлі күнге дейін хабар жоқ.
Осы оқиғадан соң бүкіл Аустралия жұртшылығы: "Бұл бақытты адам кім? Неліктен ол ұтысын алмай жүр?" деген сауалға жауап іздеп жатыр.
Дүкен иелері билетті нақты кімнің сатып алғанын білмейтіндерін айтады. Мамандардың болжамынша, жеңімпаз өзінің ұтқанын байқамауы мүмкін. Сондай-ақ, билетті елге демалысқа келген шетелдік сатып алған немесе билет жоғалып кеткен деген де жорамал бар.
Лотерея операторы The Lott жеңімпаз билеттің деректерін құпия сақтап отыр. Бұл – шынайы иесі жүгінген жағдайда, билеттегі бірегей мәліметтер арқылы оның ұтысқа құқығын растауға мүмкіндік беру үшін жасалған.
Дегенмен, ұтыс мәңгі сақталмайды. Аустралия заңнамасына сәйкес, жеңімпаз жүлдені 7 жыл ішінде талап етуі тиіс.
Жаза кеткен жөн, Аустралия тарихындағы ең ірі лотерея ұтысы – 200 миллион австралиялық доллар. Мұндай жүлдені жеңіп алу ықтималдығы 134 миллионның біріне тең болған.