Ауыл әйелдері бизнес бастаудан неге қорқады?

1945

Ауылдағы әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін және оларға қандай қолдау қажет екенін анықтау мақсатында "Сандж" зерттеу орталығы сауалнама жүргізген. Қазақстанның ауыл әйелдері форумының тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеуге 14 облыстан мыңнан астам адам қатысқан.

Ауыл әйелдері бизнес бастаудан неге қорқады?

Зерттеушілердің айтуына қарағанда, ауылдағы әйелдердің 56%-ы бизнестегі сәтсіздіктен қорқады. Көбіне Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының тұрғындары осылай жауап берген. Негізгі қорқыныш қаржы табуға немесе бар ақшадан айырылуға байланысты. Одан кейін психологиялық факторлар, нақты айтқанда есеп беру мен тексерудің қиындықтарынан жасқанады. 

"Алайда бұл кедергілер "Белестер" жобасының білім беру бағдарламаларында ұсынылатын психологиялық кедергілерді жеңу және бухгалтерлік есеп жүргізу бойынша практикалық сабақтардың көмегімен шешіледі, бұл осы бағдарламаларға деген жоғары сұраныстың бар екендігін дәлелдеп тұр", – дейді Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Парламенті мәжілісінің депутаты Майра Айсина.

Сауалнама аясында Алматы, Түркістан және Ақмола облыстарындағы әйелдер арасындағы себеп-салдар, қауіптерге және қолдау түрлеріне терең талдау жүргізілді.

Бұл өңірлердің тұрғындарының негізгі проблемалары жұмыссыздық, өмір сүру деңгейінің төмендігі, жолдардың, көлік пен байланыстың жай-күйі немесе болмауы.

Сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстары үшін үй-жайларды жалға алу немесе сатып алу құнының жоғары болуы, ал Ақмола облысы үшін су және электр желілеріне қосылу қиындығының болуы аса өзекті. Әлеуметтік проблемалардың ішінде Алматы облысында балабақшалардың тапшылығы, Ақмола облысында – медициналық қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, Түркістан облысында – отбасылық жанжалдар бар.

Түркістан облысында әйелдер арасында бизнеспен айналысуға деген ниет айтарлықтай жоғары болса, ал 36%-ы неден бастау керектігін білмейді. 43%-дан астам алматылық та осы сияқты. Бірақ бұл ретте респонденттердің өтініш беру деңгейі айтарлықтай төмен. Ақмола облысында ауыл тұрғындары "озық" және іс жүргізу, салық салу және өнімді өткізу мүмкіндіктері туралы өз білімдерінің жетіспеушілігінен кедергілерге тап болатынын айтады.

Зерттеу сонымен қатар ауыл әйелдерінің қажеттіліктеріндегі үлкен айырмашылықты ашты. Түркістан және Алматы облыстарында қаржыландырудың басымдығы анықталды, ал Ақмола облысында оқыту семинарлары, бизнестің нақты бағыттарын оқыту, табысты кәсіпкерлермен кездесулер жиі болып отыр. Түркістан облысының тұрғындары үшін ақпараттық-кеңестік қолдау және бизнестің нақты бағыттарына онлайн-оқыту маңызды болып шықты. Алматылық кәсіпкерлер үшін табысты бизнесмендермен кездесу екінші орында тұр.

- Біздің оқу бағдарламаларымызға деген сұраныс соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Ауыл әйелдері экономикалық қиындықтарға, инфрақұрылымның жетіспеушілігіне, әлеуметтік-психологиялық кедергілерге және басқа да кедергілерге қарамастан жұмысқа орналасу және табысты арттыру мәселелерін шешуді белсенді түрде іздейді. Біз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, сенімді болуға көмектесеміз, біріншіден, бизнесті оқыту үшін онлайн-ресурстарды дамытуға, екіншіден, мотивациялық қолдау көрсетуге, "Белестер" жобасына қатысушылардың табысты тәжірибесінің мысалдарын таратуға ұмтыламыз", – деді "Әлеуметтік динамика" қоғамдық қорының директоры Елена Ожго.

"Ешкімге кіріптар болмайды"

Респонденттердің 30,6%-ы шағын бизнеспен айналысады, 11,2%-ы өз ісін алдағы үш жылда, ал 20,4%-ы болашақта ашуға ниетті. Зерттеушілердің сөзінше, ауылдағы әйелдердің тағы да 31,6%-ы бизнес ашуға мүдделі екенін білуге болады. 

Айта кету керек, респонденттердің 5%-ы бастаған кәсібі сәтсіз болғанын және енді оны қайталауға ниетті емес екенін жазған. Сауалнамаға қатысушылардың 24%-ы "бизнес біздің жолымыз емес" десе, 9%-ы жауап беруге қиналады екен.

"Егер әйелдер жұмыс орындарын құруға қатысса және оларды жан-жақты қолдау болса, онда елдің әлеуметтік экономикасы мен ЖІӨ өсуіне оң әсер болады. Нәтижесінде, кәсіпкерлік белсенділік өседі және әйелдердің әлеуметтік көңіл-күйі жақсарады. Мемлекет ауқымында ауылда бизнес бастауға теріс әсер ететін барлық кедергіні азайтуға бағытталған шаралар кешені керек", – дейді Мәжіліс депутаты Майра Айсина.

Оның айтуынша, ауыл әйелдері бизнес бастаса, ең алдымен ешкімге кіріптар болмай арманына қол жеткізеді. 

"Әйелдер негізінен сауда, сұлулық индустриясы, қоғамдық тамақтану және қонақ үй бизнесі сияқты салаларға басымырақ  көңіл бөліп отыр, әрине бұл жекелеген өңірлердің туристік әлеуетін дамытуға қызмет етуі мүмкін. Дегенмен ауылдағы әйел кәсіпкерлердің фермерлік қызметпен айналысуы төртінші орында тұр, бұл осы бағыттың әлеуетінің тиісті дәрежеде бағаланбағанын көрсетеді", – дейді депутат.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу