Ауыл әкімін сайлаумен шаруа бітпейді

2833

Биылдан бастап ауыл мен кент әкімдерін халық сайлай бастайды. Ол үшін биыл арнайы заң әзірленбек. Соның негізінде тамыз-желтоқсан аралығында 800-ге жуық әкім халықтың таңдауымен қызметке кірісуі мүмкін.

Ауыл әкімін сайлаумен шаруа бітпейді

Мұның бәрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында сөйлеген сөзінен кейін қолға алынып отыр.

"Тағы бір маңызды мәселе – өзін-өзі басқару тәжірибесін дамыту және жергілікті деңгейде сайлау институтын нығайту. Әркім өзі және өзінің отбасының болашағы үшін жауапкершілікті сезінуі керек. Олардың пікірін барынша ескеру қажет", - деген Мемлекет басшысы осы өзгерісті құжатпен бекітуге жылдың екінші жартысында кідірмей кірісу керектігін ескертті.

"Тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл құжаттың жобасын болашақта реформалар жөніндегі Жоғары Кеңес қарайтын болады. Ал екінші жартыжылдықта заң жобасын жасауға кідіріссіз кірісу керек", - деді Президент.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қолға алынған бұл реформаның соңына дейін жетуі әуелгі сатысының қалай іске асқанына байланысты болмақ. Яғни, ауыл әкімдерін сайлау алдағы үш жылда ел дамуына оң әсерін тигізсе, аудан әкімдерін сайлау кезеңі басталады. Президент аталмыш отырыста отырысында 2024 жыл алғаш рет аудан әкімдерін сайлау қолға алынатын атаған болатын. Қазақстан үшін бұл жаңа тәжірибе. Жылдар бойы ауыл әкімін ауданның басшысы, аудан әкімін облыстың басшысы тағайындайтын әдетке үйреніп қалған жұрт жаңа өзгеріске қаншалықты дайын? Әр бастаманың өз скептиктері болады. Ауыл мен кент әкімдерін сайлауға да қарсы тараптың үні оқта-текте естіліп жатыр. Айтатын басты уәждері – сайлау деп жүріп ат төбеліндей азғантай ауылдың берекесін кетіріп алуымыз мүмкін. Рушылдық пен бауырмалдық дейтін қанға сіңген қасиет саяси мақсатқа жегіліп, сайлау аталастардың бақталастығына айналмай ма дегенді айтады.

Ұлттық кеңестің мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Қазақстан халқы мұндай реформаға толық дайын деген пікір айтып жүр.

"Менің ойымша Президентін сайлай алған халық, Парламентін сайлай алған халық әкімін де сайлай алады. Ол анық нәрсе. Бұл өзгерістің басты мақсаты – билікті халыққа тәуелді ете түсу. Қарасаңыз, біздің халық қиындық көріп, теперіш сезініп жатса, оны Үкімет пен Президенттен көрмейді, әкімдерден көреді. Қазір халқымыздың 41 пайызы ауылда тұрады. Сол 41 пайыз халық жалпы ішкі өнімнің 4 пайызын ғана беріп отыр. Ең көлеңкелі, "сұры экономика" ауылда деген түсінік бар. Талайдан бері айтып жүрміз. Осының бәрімен күресудің бір жолы – билік тетіктерін халықтың өз қолына беру. Тұрғындар ауылында болып жатқан жағдайға өзі бас-көз болып, өзі талап ететіндей жағдай туғызу керек", - дейді Ұлттық кеңес өкілі.

Әрине, ауыл әкімін сайлаумен шаруа бітпейді. Халықтың артқан сенімін ақтау үшін әкімнің қолында өз бюджеті, шешімдерін негіздеп беретін саяси пәрмені болуы керек. Айдос Сарым әкімін сайлаған ауылдарда қазіргі мәслихаттың ауылдық ауқымдағы баламасы болса дұрыс деп отыр. Әсіресе халқының саны көп ауылдарда мұндай институт ауадай қажет көрінеді.

"Атқарушы биліктің әр сатысын тіреп тұратын өкілетті ұйым бар. Аудандар мен облыстарда мәслихаттар жұмыс істейді. Ал ауылдардың әкімі сайланатын болса, келешекте жалпы жиындардың орнына ауылдық кеңес сияқты тұрақты орган керек шығар. Ол сайланған әкімнің билігін тіреп, қабылданатын шешімдерді заңдастыратын өзін-өзі басқарудың тағы бір тармағы болады. Халқының саны жүз мыңға дейін жететін ауылдар мен кенттер бар. Сондай жерлерде ауылдық кеңес, кенттік кеңес деген нақты органдар керек. Оны да халықтың өзі сайлауы керек", - дейді депутат.

Мемлекет ауылдың ахуалына алғаш рет алаңдап, мойын бұрып отыр деуден аулақпыз. Өйткені бұған дейін де ауылды көркейтуге арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар, жобалар қолға алынған. Ол бастамалар ауылдың бір жыртығын жамағанымен, басқасына қамсау бола алмады. Кешенді әрі жүйелі шаралар іске аспағандықтан, ауылдың ел экономикасындағы үлесі мардымсыз күйінде қалып отыр. Қала мен ауылдағы тұрмыс деңгейінің алшақтауы реттеуі қиын демографиялық тенденцияларды туғызуда. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің тағы бір мүшесі Ерлан Саиров мұның бәрі реформаны саяси өзгерістерден бастамағандықтан туындады деп есептейді.

"Экономиканы реформалау үшін әуелі саяси өзгерістер жасау қажет. Ол қандай өзгерістер екенін Президентіміздің өзі айтты. Алғашқысы – ауылдық деңгейдегі тікелей сайлау. Одан кейін аудандық деңгейдегі тікелей сайлау тұр. Халықаралық стандарттарға келетін болсақ, сайлау арқылы саяси жүйенің тепе-теңдігі болады. Сайлау арқылы халық билікті белгілі бір деңгейде бақылап отырады. Менің ойымша, саяси реформалар саяси институттарды дамыту аясында іске асуы керек. Демократия дегеніміз – ең бірінші, институттар. Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы осы институттардың дамуымен тығыз байланысты", - дейді сарапшы.

Жылдың екінші жартысында жергілікті әкімдерді сайлау туралы заң жобасы әзірленетінін айттық. Ұлттық кеңес аясында осы іске мұрындық болған депутаттар бұл іске Парламент қабырғасында да белсенді атсалыспақшы.

"Ауыл әкімдерін сайлаған кезде, ең негізгісі, сол ауылдық деңгейде жергілікті бюджетін қалыптастыру керек. Әрбір ауылдың жеке бюджеті болмаса, жасандылық болады. Екіншіден ауылдың өзінің 2-3 депутаты болуы керек. Сол депутаттар ауылдағы бүкіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді бірігіп шешетін болады", - дейді Мәжіліс өкілі.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі алғаш құрылғанда халықтың көңілін аулау үшін жасақталған жасанды ұйымның бірі ретінде сипаттаушылар болды. Бүгінге дейін бес отырысы өткен бұл кеңесте елдің көкейіндегі ең өзекті мәселелер көтеріліп жүр. Көтеріліп қана қоймай, нақты шешімін де тауып жатыр. Президент те халық үшін ең маңызды деген мәлімдемелерін осы кеңестің отырысында жариялауды әдетке айналдырды. Жерді шетелдіктер мен шетелдік компанияларға сатуға, жалға беруге заңмен тыйым салынатынын Ұлттық кеңесте мәлім етті.

Мұның бәрі Ұлттық кеңес мүшелерінің белсенділігін арттырып, ынталандыратын алғы шарттар деуге болады. Ең бастысы, кеңес мүшелері халықтың арқасына батқан мәселені ұсақ-кесек деп бөлмей, барынша ел үніне құлақ асуға күш салып жүр. Біртіндеп Ұлттық кеңес күрделі реформаларға жол ашатын бастамаларын Парламент төрінде қарататын деңгейге жетіп келеді. Ауыл әкімдерін сайлау туралы заң жобасына әзірліктің басталуы осыны көрсетсе керек.

Ұлттық кеңестің хатшысы, Президенттің көмекшісі Ерлан Қариннің айтуынша, аталмыш институт құрылған 1,5 жылдың ішінде Мемлекет Ұлттық кеңес мүшелерімен 26 кездесу өткізген екен.

Бір ғана мысал, былтыр қазан айында өткен Ұлттық кеңестің 4-отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша 21 тармақтан тұратын арнаулы іс-шаралар жоспары қабылданған. Ал қаңтар айының басында саяси реформалардың бірінші топтамасы аясында соңғы заң қабылданды. Ол - өлім жазасының күшін жоюға бағытталған "Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" ҚР Заңы.  Енді саяси реформалардың екінші топтамасы бойынша 5 заң жобасы, бір Президент Жарғысы әзірленіп отыр. Саяси реформалардың үшінші топтамасы аясында алдағы уақыттың өзінде үш заң жобасын әзірлеу қарастырылған. Олардың ішінде саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, саяси бюллетендеріне "бәріне қарсымын" деген жазуды енгізу және басқа да бастамалар Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып әзірленді.

"Мемлекеттік органдар мен Ұлттық кеңес мүшелері арасында өзара әрекет ету жұмыстары жалғастырылды. 2020 жылы онлайн форматта Ұлттық кеңес мүшелері мен министрлік басшыларының 13 кездесуі өткізілді. Кездесулер барысында Ұлттық кеңес мүшелері министрліктердің жекелеген қызмет салалары жұмысын одан ары жетілдіру бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті. Ұсынылған мәселелерді одан әрі бірлесіп пысықтау үшін кеңестің бірқатар мүшесі министрліктер жанындағы жұмыс топтарына шақырылды", - дейді Ерлан Қарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу