Биыл Павлодар облысында 46 мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, жаңғырту жоспарланған. Бұл мақсатқа қазынадан 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда бүгінгі таңда тек 11 оқу орнында тиісті жұмыстар аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жоспар бойынша, аймақ мектептері 25 тамызға дейін жаңа оқу жылына дайын болуға тиіс еді. Бірақ кейбір мектептер бүгін сақадай сай емес.
Айталық, Ертіс ауданы Голубовка ауылындағы Абай атындағы орта мектепте 1 қыркүйекте қоңырау сыңғырламайтыны анық. "Ауыл – ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында 1967 жылдан бері жөндеу көрмеген оқу мекемесін ретке келтіруге 150 млн теңгеден астам қаражат қарастырылды.
Мемлекеттік конкурсты жеңіп алған шымкенттік "ГрадСтройСервис" ЖШС мамыр айында іске кіріскен еді. Бүгінде жұмыстың тек 70 пайызы аяқталып, мердігерге 54 млн теңге төленді.
Бұл жайтқа бірінші кезекте ата-аналар алаңдаулы. Олардың сөзінше, бір апта аралығында жұмыстың бітер түрі жоқ. Ал бұл мектепте 113 шәкірт білім алады.
"Оқу жылының аяқталуына екі ай қалғанда балаларды аурухана мен мәдениет үйіне жіберді. Олар сабақтарын сол жерде оқыды. Мердігерлермен сөйлескенімізде, жөндеуді жылдың соңында бір-ақ бітіретінін айтты. Сонда 100-ден астам бала жаңа оқу жылын қайда, қалай бастайды? Ауданның бұрынғы басшысы Аян Бейсекин есептік кездесулер кезінде 1 қыркүйекке дейін жұмыстың толық аяқталатынын айтқан еді. Әкімнің сөзі жалған болғаны ма?", – деп налиды ауылдықтар.
Бұл мәселеге қатысты облыс басшылығы жауап берді. Жергілікті білім беру басқармасының мәліметінше, Абай атындағы мектепте әлі жөндеу жүріп жатыр. Жұмысшылар екінші қабаттағы сыныптардың едендері мен қабырғаларын тегістеуде. Жаңа терезелер де енді ғана қойылып жатыр. Осы уақытқа дейін 130 терезенің 45-і ғана жаңарды.
"Жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Сондықтан ата-аналардың келісімімен балалар жергілікті мәдениет үйінде екі ауысымда оқитын болады. Бізге де, ата-аналарға да жұмыстың сапалы атқарылуы маңызды", – дейді білім беру басқармасының басшылығы.
Ал шағын мәдениет үйіндегі білім сапасы қандай болмақ? Балалардың өздері бір тоқсан отырған мәдениет үйіне тағы бір ай баруды қалай ма? Бұл сауалдар онша-мұнша мазаламайтын сыңайлы. Бір анығы, мектеп басшылығы міндетіне немқұрайлы қараған компанияны жосықсыз мердігер деп тану үшін сотқа арыз түсірмек.
Облыста күрмеуі көп оқу орны бұл ғана емес. Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылындағы мектеп оқушыларының жаңа оқу жылын қай ғимаратта бастайтыны белгісіз. Мұнда да жөндеу жұмыстарын "ГрадСтройСервис" ЖШС жүргізіп жатыр. Ол үшін Ақсу қаласының әкімдігі бюджеттен 400 млн теңге көлемінде қаржы қарастырды. Қазір мұнда дәліздерді, асхананы әрлеу толық жасалған жоқ. Ал қазандық ашық аспан астында тұр. Осындай ауқымды істердің бір апта аралығында аяқталуы да екіталай.
Сол сияқты Павлодар қаласындағы №5, 9, 22, 19 бен 42 мектептерде білім ордаларын қалпына келтіру шаралары сылбыр жүріп жатыр. Олардың барлығында дерлік бір мердігер – "ҚазЕвроСтрой" ЖШС.
Байқағанымыздай, бірнеше мектептің жөндеуін бір-ақ алған мердігерлер өз істеріне немқұрайлы қарап отыр. Жұмыс күші, уақыты, мүмкіндігі болмаса әлеуметтік маңызы бар нысандарды ретке келтіру ісіне кіріспеген жөн шығар. Енді балалардың ел қатарлы 1 қыркүйекте салтанатты жиында қаз-қатар тұрып, алғашқы қоңыраудың сыңғырын естімейтініне кім кінәлі? Жауапсыз мердігерлер ме, әлде олардың ісін қатаң қадағалауға ала алмаған шенеуніктер ме? Қалай болған күнде де оқушыларға мәдениет үйін, басқа оқу орталықтарын жағалап жүрген оңай емес...
Құндыз Қабылденова