"Ауыл баласы – алаңда!": Алматыда алғаш рет HALYK OPEN футбол турнирі өтті

1005

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен және кәсіби скауттардың назары аясында еліміздің әр өңірінен келген жас футболшылар алаңға шықты. 

"Ауыл баласы – алаңда!": Алматыда алғаш рет HALYK OPEN футбол турнирі өтті Фото: Halyk қоры

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 16 ауылдық команда Алматыда алғаш рет HALYK OPEN GOLDEN KIDS атты балалар турнирінде бас қосты. Бұл – Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан #АуылФутбол жобасының жаңа кезеңі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Турнир елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшыларды жинап, нағыз футбол думанына айналды: алаңдағы тартыс, трибунадағы ата-аналардың толқынысы және болашақ жұлдыздарды іздеуге арнайы келген "Қайрат" клубының кәсіби скауттарының назары — бәрі де бұл шараның ерекше маңызын айқындап тұрды.

"Басты мақсат – ауыл балаларына үлкен алаңда өздерін көрсетуге мүмкіндік беру", – дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мамбет.  

"Ауыл футболы тұйық жол емес, үлкен аренаға бастар трамплин болуы керек", – деп толықтырды ол.

Турнирге арнайы келген құрметті қонақтардың қатарында қазақ футболының аңызы – Құралбек Ордабаев пен Ваит Талғаев болды. Олар ойындарды тамашалап, жас футболшыларға қолдау көрсетті.

Турнир қалай өтті?

Командалар 4 топқа бөлініп, әрқайсында 4 командадан ойнады. Кейін – плей-офф, медаль үшін тартыс және ең басты – әр ойыншыға жеке назар.

Жоба аясында алғаш рет әр матчтағы үздік ойыншылар арнайы марапатталды. Барлығы 32 ойын өтіп, нәтижесінде 32 жеке марапат табысталды. Сондай-ақ, скауттар таңдаған 12 үздік ойыншыдан символды құрам жасақталды. Олар да Halyk қорынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

"Ауыл балаларының әлеуеті зор. Бұл тек сөз жүзінде емес, олардың жанкештілігі мен көзіндегі жалыннан-ақ байқаймыз. Әр жеңісі – болашақ ұрпаққа деген мақтаныш", – деді Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Турнир қаһармандары мен жеңімпаздары

• Чемпион – "Намыс – Қызылтөбе" (Маңғыстау облысы)
• Күміс жүлде – RedSapsans (Алматы облысы)
• Қола жүлде – "Іле Сәулет" (Алматы облысы)
• Ең жас ойыншы – Сейдахмет Ахмет (2014 ж.т.)
• Турнирдің "Алтын добы" – Абзал Баймұхан

Ұйымдастырушылар турнир жылына екі рет өтетінін мәлімдеді. Оның мақсаты – ауыл балаларына бапкерлер мен мамандардың назарына ілігетін мүмкіндіктерді барынша көбейту.

Турнирдің мазмұны мен маңызы

Бұл турнир – 2023 жылғы қарашада Halyk қоры мен #АуылФутбол жобасы арасында жасалған меморандумның жалғасы. Құжат аясында:

● 100 ауыл командасын қолдау;

● 100 жаттықтырушыны оқыту;

● 14 өңірлік турнир мен бір республикалық финал өткізу;

● Алматы облысының құрама командасын жасақтау;

● #АуылФутболAWARDS жүлдесін тағайындау жоспарланған.

Halyk қоры туралы

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры бүгінге дейін 85 миллиард теңгеден астам қаржы бөліп, 120-дан ірі жобаны іске асырды. Жобалар келесі бағыттарды қамтиды:

* білім беру,

* денсаулық сақтау,

* спортты дамыту,

* өңірлік инфрақұрылымды жетілдіру және басқа да салалар.

Ауылдағы балалар спортын қолдау – қор жұмысының басты бағыттарының бірі. 2024–2025 жылдары ауыл спортына арналған жобаларға 500 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу