"Ауыл баласының уақыты су тасумен өтеді"

1617

Ауылдың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік жоба дайындау ұсынылды. 

"Ауыл  баласының уақыты су тасумен өтеді"

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев партиясының кезектен тыс ХVIII съезінде ауылдың ең үлкен мәселелерін атап айтты.

"Біз технология қарыштап дамыған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Десе де, елімізде ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. XXI ғасырда әлі ауыл ішін есек арбамен кезіп бөшкемен, құтымен су тасып жүрміз. Ауыл  баласының түске дейінгі уақыты қақаған қыс пен жаздағы аптаған ыстықта су тасумен өтеді. Ал жол сапасы тіпті сын көтермейді. Шалғайдағы елдімекендерді айтпағанның өзінде астана мен облыс орталықтарының маңындағы ауылдарға жету қиын. Ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы мәз емес", – деді партия басшысы.

Әли Бектаевтің айтуынша, ауылдағы әр бесінші мектеп пен балабақша, әр үшінші медицина мекемесі күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. 

"Шенеуніктер ауыл тұрғындарының саны азая бастаса, білім ошақтары мен денсаулық сақтау мекемелерін жаба салуды әдетке айналдырды. Әкімдер әмбебап оқытушы мен фельдшерді шақырып, тығырықтан шығудың орнына елдімекенді "болашағы жоқ" деп атауға бейім. Баласына білім, өзіне алғашқы медициналық көмек ала алмаған адам ауылда тұра ма? Осындай қарапайым өмір аксиомасын түсіне алмаған басшылар көп. Былтыр ауылдан қалаға жарты миллионға жуық адам қоныс аударған. 2014 жылдан бастап бала туу көрсеткіші бойынша көш басында ауыл емес қала тұр", – дейді Әли Бектаев.

"Ауыл" партиясының басшысы ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік жоба дайындауды ұсынды. Оның сөзінше, ауылда өмір сүру деңгейі қалаға жетпесе де жете ғабыл болуы шарт.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу