Үкімет отырысында "Ауыл – Ел бесігі" жобасын іске асыру барысы талқыланды, деп жазады inbusiness.kz.
"Ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды, онда ауыл тұрғындарының 93%-ы тұрады. Бүгінгі таңда ауылдардың инфрақұрылымын дамыту "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. "Ауыл-Ел бесігі" бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылды", - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Оның сөзінше, бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 нысанды, 1200 әлеуметтік нысандар мен 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылым объектілерін салуға және жөндеуге мүмкіндік берді.
Биыл жалпы 218,2 млрд теңге 771 ауылдық елді мекенде 1800 жобаны іске асыру үшін бөлінді. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 244 жоба, 383 әлеуметтік нысандар, және ауылішілік жолдарды жақсарту бойынша 1 200 жоба іске асырылып жатыр.
Министр "Ауыл-Ел бесігі" бағдарламасы іске асырылған жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,7 есеге ұлғайғанын атап өтті.
"Егер 2019 жылы 29 млрд теңге бөлінсе, биылға республикалық бюджеттен 198 млрд теңге қарастырылды. Сонымен қатар бірінші жартыжылдықта әкімдіктер бюджет қаражатының 27 пайызын игерген. Қаражаттың жоғары игерілуі Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында байқалады. Ең төмен игерілу – Алматы және Ұлытау облысында", - деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек Әлібек Қуантыров 1600 жоба бойынша конкурс өткізіліп, 158 жоба аяқталғанын да атап өтті. Өңірлер бөлінісінде ең көп аяқталған жобалар Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді.