"Ауыл" партиясы Төлеутай Рахымбековті кандидат ретінде ұсынды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3078

Алдағы президент сайлауына қатысатын кезекті үміткер анықталды.

"Ауыл" партиясы Төлеутай Рахымбековті кандидат ретінде ұсынды

Бүгін "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХV съезінде алдағы президент сайлауына түсетін үміткер анықталды. Партия мүшелері Төлеутай Рахымбековке сенім артып отыр.  

Төлеутай Рахымбеков 1964 жылы туған. 55 жаста. Экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын Қарағанды облысында бастаған. Әр жылдары Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, премьер-министрдің кеңесшісі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметтерін атқарған. "ҚазАгроИнновация" акционерлік қоғамының президенті ретінде жұмыс істеді. 2019 жылдың сәуір айында еліміздегі 3 аграрлық университетті және 23 ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басын біріктіретін үлкен холдингтің басшысы болып тағайындалды. 

"Төлеутай Рахымбеков белгілі ғалым, өндіріс ұйымдастырушысы, менеджер ғана емес, мемлекеттік қызметте өзінің ұлтжандылығын көрсетіп, елге деген адалдығымен танылған азамат. 2018-2022 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның негізгі авторларының бірі. Әлеуметтік желіде блогер ретінде танымал. Қоғамдағы өзгерістер туралы өз ойы бар және оны бүкпесіз ашық айта алатын азамат", – деді "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев.

Кандидат Төлеутай Рахымбеков алдағы президент сайлауында "Ауыл" партиясының жеңіске жету мүмкіндігі жоғары екенін айтты.

"Қазақстан халқының саны 18 миллионнан асады. Оның 43 пайызы ауылда тұрады. Қала халқының басым бөлігі – ауылдан шыққандар немесе ауылдан шыққан азаматтардың ұрпақтары. Сондай-ақ партияның 300 мыңнан астам мүшесі бар. Сондықтан біздің партияның мүмкіндігі өте жоғары", – деді съезд делегаттарының сұрақтарына жауап берген Төлеутай Рахымбеков.

Ол президент болып сайлана қалса, ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға, көпбалалы отбасылардың жағдайын реттеуге көңіл бөлетінін жеткізді.

"Көпбалалы отбасылардың дені ауылда тұрады. Әрине, қалада да бар. Мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар қолданылып жатыр. Тиісті әлеуметтік көмек көрсетілуде. Меніңше, бұдан бөлек, ауылда тұратын көпбалалы отбасыларға жағдай жасаған кезде олардың өз табысын көбейту жағын ойластыру керек", – деді Төлеутай Рахымбеков.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу