"Ауыл шаруашылығы бизнесімен қыз-келіншектер де табысты айналысады"

3197

Елордада ауыл әйелдерінің үшінші форумы өтті.  

"Ауыл шаруашылығы бизнесімен қыз-келіншектер де табысты айналысады"

Ауылдағы әйелдерінің өмір сапасын жақсартуға және тұрақты дамуға үлес қосқан әйел азаматтарға "Coca-Cola Белестері" деп аталатын 4 мың доллар көлемінде сыйақы беру дәстүрі де бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, бүгінгі күні елдегі экономикалық белсенді тұрғындардың саны 9,2 миллионға жеткен. Соның тең жартысы – әйелдер (4,5 млн). Ауылда миллионнан астам әйел жұмыс істейді.

"Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясы" ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов форумның ашылу салтанатында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жүздеген қыз-келіншектердің қызықты тағдарымен, сәтті бизнес кейстерімен танысқанын айтты. Солардың бірі Ақмола облысының тұрғыны Людмила Франк құс өсірумен айналысады.

"2003 жылдың жаймашуақ күндерінің бірінде жұмыссыз қалдым. Енді не істеу керек? Үйде екі ана қаз бен бір ата қаз ғана бар болатын. Соларды көбейтуді қолға алдым. Алғашында қаз етін ауылдастарыма саттым. Табыс тапқаныма өте қуандым. Жұмыссыз қалған күнім – мен үшін ең тамаша күн болғанын кейін түсіндім. Арада 15 жыл өткенде жылына 500 қаз сататын деңгейге жеттім. "Coca-Cola Белестері" байқауынан алған грантқа инкубатор сатып алдым. Қазір қаздан бөлек, бройлер тауықтары мен күркетауық өсіре бастадым", – деп Людмила Франк кәсібін ұлғайтып келе жатқанын айтты.

Ауыл әйелдерінің бірі шағын кәсіппен айналысса, енді бірі алпауыт бизнес кешенін басқарып отыр. Қордай ауданындағы "Бай-Нұр" шаруа қожалығының басшысы Айман Әшімова жылына 1,5 млрд теңгеге өнім өндіреді. Мыңдаған асыл тұқымды іріқара мал, жылқы, жиырма мыңнан астам Еділбай қойын өргізіп отырған жеті баланың анасы бүгінгі күні жүзге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

"2019 жылдың үлкен жетістігі – Қытайға экспортқа шықтық. Иран және араб елдеріне ет өткізіп жатырмыз. Кәсіпті алғаш бастаған кезде жер мәселесі, техника, адамдарды жұмысқа тартуда көп қиындық болды. Дегенмен алдыңызда мақсат болса, қиындықты жеңесіз. Қазір мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Субсидиялар беріледі, мал шаруашылығына қатысты үлкен бағдарламалар да бар. Бұл қуантарлық жағдай", – дейді Айман Әшімова.

Қарағандылық кәсіпкер қыз Анар Бозаева жас болғанына қарамай, ата кәсібін жалғастырған.

"Ауыл шаруашылығы "тек ерлерге арналған" деген түсінік қалыптасқан. Алайда бұл кәсіппен қыз-келіншектер де табысты айналыса алады. Ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысудан қорықпау керек. Дүние жүзінде гендерлік теңдік үшін күрес жүріп жатыр. Ел экономикасындағы әйелдердің рөлі өсіп келе жатқанын шағын және орта бизнестің көрсеткішінен де айқын байқауға болады. Маған қарап құрбыларым да ауыл шаруашылығымен айналыса бастады. Ең бастысы өз жұмысыңды жақсы көріп, жан-тәніңмен еңбек ету керек. Алғашында марқұм әкемнің фермасын сақтап қалу ғана ойымда болған, кейін табыс та өсе бастады. Осы салада жүргеніме үш жыл болды. Бүгінгі күні шаруа қожалығым табысты жұмыс істеп тұр. Сүт пен ет өндіреміз. Ірі қара, жылқы, қой өсіреміз. Келер жылы экотуризмді қолға алуға ниеттеніп отырмыз. Демалуға келген адамдар саумал, қымыз ішіп, атқа мінеді. Биыл бие сүтіне сұраныс зор болды. Экологиялық таза тағамдар иммунитетті қорғайтынын халық түсіне бастады", – дейді фермер қыз.

Ауыл әйелдері форумына тек кәсіпкерлер қыз-келіншектер ғана емес, ауыл әкімдері, ауылда жұмыс істейтін ғалымдар, экономистер және басқа сала мамандары қатысты. Форумды ҚР Президентiнiң жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия, "Coca-Cola" халықаралық қоры, ЕДҚБ, ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесі және т.б. ұйымдар бірлесе отырып өткізді. Жыл сайын "Coca-Cola Белестері" он жеңімпазды анықтаса, биыл жиырма адам грантқа ие болды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу