Ауыл шаруашылығы министрлігі қарбызға келген індетке түсініктеме берді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5267

Ауыл шаруашылығы министрлігі жұқпалы дертке шалдыққан қарбыздарға қатысты түсініктеме берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қарбызға келген індетке түсініктеме берді

Қазіргі кезде осы жидек түрінің індетке душар болып, ішінде құрттар жыбырлап жатқаны паш етілген үрейлі бейнетүсірілімдер ғаламтор арқылы тарауда.

АШМ мамандарының түсіндіруінше, бұл індет – "қауын шыбыны" (ғылыми тілде Myiopardalis pardalina) деп аталады.

"Қауын шыбынының" таралуын болдырмау мақсатында енді Қазақстанның барлық облыстық орталықтарындағы базарлар карантиндік бақылауға алынады" деп суыт мәлімдеме жасады "Үкімет үйінде" бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы Ержан Айнабеков.

"Біз мәселенің байыбына бардық. Бұл шынында болған оқиға және бұл факт маусым айында тіркеліпті. Аталған карантиндік объект – "қауын шыбыны" деп аталады. Әдетте, бұл зиянкес бақша өсімдіктерін, негізінен, қауынды дерттендіреді. Бұл карантиндік зиянкес еліміздің оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ Орталық Азияның барлық елдерінде таралған", – деді Ержан Айнабеков.

Ол жыл сайын мемлекет карантиндік объектілерді, соның ішінде осы "қауын шыбынын" жоюға және онымен күреске қаржы бөлетінін айтты. Яғни, бұл дәл биыл келе қалған кесапат емес, кеңес кезінен бар.

"Мәселен, 2007 жылы Қызылорда облысында "қауын шыбыны" тіркеліп, ол жерлердің барлығында карантиндік аймақ белгіленді. Сондай-ақ бұл облыстан тыс жерге қауын шығаруға толық тыйым салынған. 2008 жылдан бері "қауын шыбынына" қарсы егістіктерді өңдеу басталды. Жыл сайын бұл мақсаттарға мемлекет 20 миллион теңгеге дейін қаражат бөледі",– деді АШМ өкілі.

Министрліктің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік бақылау комитеті төрағасының мәліметінше, биыл індетке ұшыраған қарбыздар тиелген жүкті оқшаулау және жою бойынша карантиндік шаралар қабылданған.

Үкіметтің баспасөз орталығындағы осы баспасөз конференциясында 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары да шығарылды.

Елбасы биылғы жолдауында агроөнеркәсіп кешенін ең басым сала ретінде кезекті рет ерекшелеп атады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында нақты әрі үлкен міндет тұр: ол аграрлық секторды Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналдыруға тиіс.

Алға қойылған межеге жету үшін мемлекет басшысы ағымдағы жылдың ақпан айында "Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын" бекітті. Оның басты басымдықтары "ішкі нарықты молықтыру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту", "ауыл шаруашылығы кооперациясына шағын және орта шаруашылықтарды көптеп тарту", "су ресурстарын тиімді пайдалану" және "сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту" болып табылады.

"Биылғы жылы АӨК дамыту бағдарламасы аясында егіс алқаптарын қарқынды әртараптандыру басталды. Бұл үшін министрлік пен әкімшіліктер арасында меморандумға қол қойылды. Қажетті дақылдар аумағы 1 млн гектардан асты. Бүгінде Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында астық жинау науқаны басталып кетті. Ағымдағы жылдың 15 тамызындағы есеп бойынша 38% алқап орылып, 1 миллион 740,3 мың тонна астық бастырылды", – деп хабарлады ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов.

Сұранысқа ие дақылдар алқаптары 905,5 мың гектарға ұлғайтылды. Жүргізілген әртараптандыру биылғы жылдың өзінде құрама жем өндірісін 1,2 есеге, майлы дақылдарды – 1,3 есеге, отандық қантты 1,4 есеге арттыруға мүмкіндік береді деп болжануда.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, осы жылдан бастап бірегей және элиталық тұқымды өндіру жұмысы жаңарды. Биылғы жылы тұқым шаруашылығына бөлінген бюджеттік қаржының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көбейгенін айта кеткен жөн. Ең төменгі мөлшердің күші жойылғаны фермерлердің субсидия алуға деген қызығушылығын арттыра түсіпті. Себебі, бұрынғы ереже бойынша тұқымның аз ғана бөлігі субсидияланып келген еді.

Тыңайтқыштарды қолдануға ынталандыру мақсатында субсидиялау тәсілдері өзгертілді. Бұл тыңайтқыштарды қолдану көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Тыңайтқыштарды қолдану алғашқы рет соңғы бірнеше жылда қажеттіліктің 14%-ын құрайтын болады. Сондықтан субсидияланған тыңайтқыш түрлері 2016 жылы 85 болса, ол көрсеткіш 2017 жылы 161-ге өсіп отыр.

"Мал шаруашылығында соны өзгерістер субсидия алу көлемін ұлғайтты. Егер бұрын сиыр еті үшін 175 шаруашылық субсидия алса, бүгінде 522-ге жетті, яғни 100%-ға өсті. Сүтке субсидия алу 269-дан 532 шаруашылыққа жетті. Қой етіне 1,3 есеге ұлғайды, яғни 180-нен 234 шаруашылыққа дейін артты. Жүн бойынша 3,6 есеге өсті, яғни, 50-ден 180 шаруашылыққа дейін жетіп отыр. Сондай-ақ қой етін субсидиялау сұранысқа ие қозы етіне ауыстырылды",- деді 1-ші вице-министр.

Жүн өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі аз болуына байланысты жұқа ғана емес, жартылай жұқа жүн өңдеуді де субсидиялау қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы кооперациясына ұсақ және орта шаруашылықты тарту мемлекеттік бағдарламаны іске асырудағы ең негізгі тәсілдің бірі болып табылады.

АШМ басшылығы ауыл шаруашылық кооперативтерін дамыту туралы көп айтады, өйткені бұл елбасы тапсырмасы.

"Кооперативтер саланы және ауылды дамытуда әлеуеті зор болғандықтан маңызды рөл атқарады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді біріктіру мақсатында 160 ауылдық аудандарда семинар өткізіліп, 2 248 ауыл әкімдері мен аудан әкімінің орынбасарлары оқытылды. Кооперация туралы кеңес беру мақсатында тегін бірыңғай Байланыс-орталығы және fermers.kz порталы құрылды. Және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне кепілсіз және бастапқы жарнасыз сүт қабылдау пункттері мен бордақылау пункттерін алу жүйесі жасалды. Сонымен бірге, кооператив мүшелеріне несие алу тетіктері қарастырылды", – деді Қайрат Айтуғанов.

Оның ақпараты бойынша 1 тамыздағы жағдай бойынша жыл басынан бері 517 кооператив құрылған. Яғни, әзірге қағаз жүзінде жоспар артық орындалды: мемлекеттік бағдарлама жоспары бойынша 326-сын құру көзделген еді. Оның ішінде 173 кооператив сүт қабылдау пункттері (жоспар 220 бірлік), 281 кооператив мал сою пункттері (жоспар 109 бірлік). Рас, кейбір облыстарда құрылғанымен, жұмыс жасамайтын кооперативтердің барлығы бұрын жария болған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және еңбекпен қамтылмаған азаматтар 110 572 ірі қара мал басы үшін 10 286 отбасылық бордақылау алаңдарын құрды. 11 отбасылық жылыжай ашылды. Ауыл шаруашылығы кооперациясына 53,5 мың астам жеке қосалқы шаруашылық, ұсақ және орта шаруашылықтар және отбасылық бордақылау алаңдары тартылды", – деді ведомство басшылығының өкілі.

Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне кепілсіз және бастапқы жарнасыз модульдік сүт қабылдау және мал сою пункттерін сатып алудың схемасы енгізілді, сондай-ақ кооперативтердің мүшелері үшін несиелерді кепілдендіру тетігі қарастырылған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 36 мың тонна сүт және 10 мың тонна ет әзірленді. 

Ағымдағы жылдың 4 айында қайта өңдейтін кәсіпорындарда кең ауқымды талдау жүргізіліп, деректер базасы қалыптастырылды. База әрбір кәсіпорынның ағымдағы жағдайын, қуатын, енген жылын, жабдықтарының түрін, өнімнің көлемі мен номенклатурасын, сондай-ақ тежеуші проблемаларды қамтиды.

Қайта өңдеудің 9 басымдықты түрлерін дамыту үшін есептер жүргізілді және оның ішінде әр облыс және аудан бойынша Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының орналасуы картасы жасалды.

Картаны қаржыландыру мәселесінде бюджетке түсетін жүктемені азайтудың бірнеше нұсқасы да қаралды. Талдау ең алдымен айналым қаражаттарын толықтыруға несие ресурстары қажет екенін көрсетті. Екіншіден, қаражат жаңа кәсіпорындарды жаңғырту мен салуға қажет.

Бұл міндетті орындау үшін аталған бағыттар бойынша қаржы институттары несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау ұсынылады. Мұндай тәсіл Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен және банктермен талқыланды. Олар аталған схема бойынша жұмыс жасауға әзірліктерін білдірді.

"Қазіргі уақытта Картаны рәсімдеу бойынша жұмыстар аяқталып қалды, содан кейін еліміздің барлық өңірлерінде оны іске асыру басталады. Бұл қайта өңдеу өнімдерінің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 триллион теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деді Қайрат Айтуғанов.

Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік АӨК өнімдерінінің экспорт көлемін ұлғайту үшін келесі жұмыстарды жүргізді: "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясының қызметі экспортты жылжыту үшін ауыл шаруашылығы тауарларын сыртқы нарыққа сату операторы ретінде қайта құрылды. Ол енді астықпен ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзге де түрлерімен айналысады.

2017 жылы "Азық-түлік корпорациясы" 300 000 мың тонна дақылды экспорттады. 2016 жылы бұл көрсеткіш 190 мың тонна болған. Бұл ретте өсімдік майы 2 мың тоннаны, жасымық, бұршақ, нұқ, соя, жүгері – 5 мың тоннаны құрады.

Ағымдағы жылы 850 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға 43,4 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Оған қоса, экспортқа арнап сатып алынатын майлы дақылдар мен қой еті алдын ала отандық зауыттарда қайта өңделеді, осылайша олардың жүктемесі артады.

Нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 5 айында жалпы алғанда, елімізден 880 миллион долларға АӨК өнімдері шетелге экспортталды немесе өсім 4%-ды құрады. Қайта өңдеу экспортының көлемі 7,6%-ға өсті.

Балық шаруашылығына, мал шаруашылығына, ара шаруашылығына, жылқыға және кебекке Қытай нарығы ашылды. Біріккен Араб Әмірлігіне ірі және майда мүйізді ірі қараға кедергілер алынып тасталды.

Иран еліне мұздатылған мал еті мен тірі қой жеткізу үшін ветеринарлық сертификаттың жобалары келісілуде және мұздатылған қой етін өткізуге жұмыстар жүргізілуде. Біріккен Араб Әмірлігіне ірі және майда мүйізді ірі қара мен тауық жұмыртқасын апару үшін ветеринарлық сертификатқа қол қойылды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу