Ауыл тұрғындары "Maraldy" минералды суын шығара бастады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5512

Павлодар облысы Шарбақты ауданы Жылы бұлақ ауылының тұрғындары жаңа өндірістік цехты іске қосты.

Ауыл тұрғындары "Maraldy" минералды суын шығара бастады

Әйгілі Маралды көлінің іргесіндегі Жылы бұлақ ауылының тұрғындары минералды су өндіретін цех ашып, жаңаша бір бизнес бастады. Олар отандық өнімге "Maraldy" деген атау беріпті.

"Жылы бұлақ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Меңдібай Мейірмановтың айтуынша, шағын кәсіпорын 2019 жылдың мамыр айында іске қосылған екен. Алайда, әзірше толық қуатпен жұмыс істеп тұрған жоқ.

"Кәсіпорын тәулігіне 1,5 литрлік 3 мың бөтелке су өндіре алады. Алайда, қазір өткізілім толықтай жолға қойылған жоқ. Тиісінше, цех та толық қуатпен жұмыс істемей тұр. Бүгінде таңда 1,5 литрлік 300 бөтелке су шығарып отырмыз", – дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, "Maraldy" минералды суы тереңдігі 436 метрлік артезиан құдығынан алынады. Алынған су үш сатылы фильтрден өтеді. Ең бастысы, ешқандай химиялық қоспа қосылмайды.

"Жасыратыны жоқ, жарнама жағы ақсап тұр. Сондықтан, біздің өнімді әзірше тек Шарбақты ауданындағы дүкендерден ғана табуға болады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы бірқатар сауда нүктелерінде де сатыла бастады", – дейді Меңдібай Мейірманов.

Кәсіпорынды Жылы бұлақ ауылының 12 тұрғыны бірлесіп, өз қаражаттарына ашқан. Цехқа қажетті жаңа құрылғылар Ресейден жеткізілген. Минералды суға керекті бөтелкелер цехтың өзінде шығарылады. Бүгінде өндіріс орнында жергілікті төрт адам жұмыс істеуде. Негізі мұндай цех ашу туралы идея осыдан бес жыл бұрын пайда болған.

"Судың өткізілімі жолға қойылған соң, өндіріс көлемі де артады. Болашақта "Maraldy" суын еліміздің басқа да өңірлерінде сатуды жоспарлап отырмыз", – дейді Меңдібай Мейірманов.

Белгілі болғандай, тұрғындар жаңа цехты іске қосу үшін 20 млн теңге жұмаған. Өз кезегінде жергілікті әкімдік тарапынан да қолдау көрсетілуде. Өндірілетін минералды су тиісті зертханалар мен органдардың тексерілуінен өткен. Өнімнің қауіпсіз екендігі анықталған.

"Maraldy" брендімен минеральды су өндіру – біздің ауданның үлкен жетістіктерінің бірі. Шарбақты ауданы туризмді дамытуға өте қолайлы өңір. Бұл ретте, жергілікті брендтерді қалыптастыру өте маңызды", – дейді Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов.

Тұрғындар өндіріс көлемін екі есе арттырып, мұндағы жұмыс орындарының санын 15-ке жеткізуді көздеп отыр.

Еске сала кетейік, биыл Маралды демалыс аймағында 50 мың турист демалған екен. 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 150 мыңға жеткізу жоспарланған. Мұның бәрі Маралды тұзды көліндегі және Шалдай курорттық аумағындағы туризмді дамытуға арналған үш жылдық жоспарда қарастырылған. Былтыр Маралды демалыс аймағындағы инфрақұрылымды дамытуға 150 млн теңге жұмсалған. Жаңадан үш кафе салынған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу