Ауыл тұрғындарына медициналық қызметтерді қолжетімді етуге не кедергі?

2727

Осыған дейін 3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалғанын жазған болатынбыз.

 Ауыл тұрғындарына медициналық қызметтерді қолжетімді етуге не кедергі? Фото: rcpk.kz

Ауыл тұрғындарын МӘМС жүйесіне тарту бойынша қандай жұмыстар жасалып жатыр? Оларға сақтандыру мәртебесіне қарамастан скринингтер мен басқа да маңызды медициналық қызметтерді қолжетімді етуге не кедергі? Бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Зарина Камасова тиісті ведомство басшыларына жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

"Бүгінде 3,5 млн Қазақстан азаматы МӘМС жүйесімен қамтылмаған. Оның 46%-ы ауылда тұрады. Яғни 1,6 млн ауыл тұрғыны шұғыл жағдайларда ғана медициналық қызмет ала алады. Ал қалғаны оларға тек ақылы негізде ғана қолжетімді. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, ауылда жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 11%-ға артып отыр. Ауылда онкологиялық аурулардың 10,5%-ға өсуі байқалады", – деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ-ның басқарма төрағасы Айдын Ашуевтың айтуынша, 5 қыркүйектен бастап енгізілген норманы түсіндіру шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізіліп отыр.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, ол "дәрігер ретінде барлық профилактикалық тексерулер мен скринингтерді тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде өткізуді қолдайды". Бірақ...

"Бүгінде ТМККК шеңберінде қаражат көлемі жеткіліксіз. Болашақта бұл мәселені қарастырамыз. Бұл өте маңызды сұрақ. Енді біз профилактикалық тексерулер жүргізіп, ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын қараймыз. Содан кейін тиісті шаралар қабылданады", – деп жауап берді министр. 

Ажар Ғинияттың айтуынша, ауыл халқының басым бөлігі (42,7%) тыныс алу ағзаларының ауруларынан зардап шегеді. Бұдан бөлек ас қорыту – 9%, несеп-жыныс жүйесі – 6,3%, қанайналым жүйесінің аурулары – 5,4% онкологиялық аурулар 1%-ды құраған. 

"Ауылда өлім көрсеткішінің құрылымында қанайналым жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісіктерден, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және жарақаттардан болатын өлім басым", – деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу