Ауыл тұрмысын жақсартуға бизнес белсенді жұмылдырылмақ

1307

Жеке қаражатына ауылдарда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкер көп.

Ауыл тұрмысын жақсартуға бизнес белсенді жұмылдырылмақ Фото: triptonkosti.ru

Әкімдіктер ауыл тұрмысын жақсарту ісіне бизнесті де белсенді жұмылдыруға тиіс. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әрбір бизнес субъектісі экономикалық жауапкершілікпен қатар, халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін де терең сезінуге тиіс. Жеке басының ғана емес, туған ауылының да қамын ойлайтын кәсіпкер маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мемлекетке жәрдем көрсете алады. Мәселен, былтыр Түркістан облысының Шұбарсу ауылынан шыққан кәсіпкер сол елді-мекенге үлкен мектеп салып берді. Ақмола облысының Қараөткел ауылында жеке қаражатқа балабақша салынды. Кәсіпкерлер тұрғын үй құрылысына, жолдарды жөндеуге, көшелерді абаттандыруға, қоғамдық демалыс орындарын салуға  қолдау көрсетіп жатыр", - деді ол.

Үкімет басшысы елімізде мұндай жақсы мысалдар жеткілікті екенін жеткізді. Сөзінше, әкімдіктер ауыл тұрмысын жақсарту ісіне бизнесті де белсенді жұмылдыруға тиіс.

Бұдан бөлек Олжас Бектенов ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы мәселесіне де назар аударды.

"Келген мамандарға, әсіресе жастарға қолдау көрсету керек. Ол үшін "Дипломмен ауылға" жобасы бар. Жалпы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларынан туындайтын барлық мәселелер жергілікті жерлерде жедел әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып, шешілуге тиіс", - деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу