"Ауыл жастары қала мәдениетін жойып жатыр"

4926

Мемлекет ғылыми-технологиялық кәсіпкерлікке көңіл бөлмей отыр.  

"Ауыл жастары қала мәдениетін жойып жатыр"

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитеті ұйымдастырған онлайн отырысқа білім беру саласы мен бизнес қауымдастықтар өкілдері қатысты. Отырыс барысында қатысушылар Президент Жолдауында айтылған 7 қағидаға сүйене отырып, адами капиталды дамыту мен білімді инвестициялау мәселелерін талқылады.

Қазақстан колледждері қауымдастығының президенті  Манен Омаров қазір жекеменшік колледждер мемлекет назарынан тыс қалып жатқанын айтып өтті.

"Білім беру мекемелерін аккредиттеуді қайта бастаған дұрыс емес. Бұл өте көп заң бұзушылыққа әкеліп соқтыратынын білеміз. Екіншіден, колледждерді қаржыландыру мәселесі де жөнге қойылмады. Мәселен, 10-11 сынып оқушылары жалпы білім беру пәндерін колледж қаражатына оқиды. Ал егер олар мектепте оқыса, оқу ақысын мемлекет төлер еді. Тағы бір мәселе, ауыл жастарының қалаға ағылуын "демографиялық апат" деуге болады. Ауыл балалары қалаға көптеп келіп, қала мәдениеті жойылып барады. Ауыл жастарымен қазір өте көп жұмыс жүргізу керек. Министрліктер де, өнеркәсіп те басқасы да өз ісін жалғастыратын ізбасарлар мамандарын даярлап жатқан жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдық жерлерде маман дайындауға және жастарды ауылда алып қалуға көңіл бөлмей отыр. Ауылдық жерлерде кадрлық резервті дайындап алмай, болашақ туралы айтудың өзі қиын", – дейді білім саласының маманы.

"Еуразиялық Ивент" қауымдастығының басшысы Сәуле Самидин ауыл азаматтарының мәдениетін көтеру үшін, мәдениет және спорт саласының мамандарын жергілікті жерлерге жіберуді ұсынды.

"Пандемия біздің қоғамда адамдардың мәдениетіне қатысты мәселенің бар екенін айқын көрсетті. Карантин кезінде бетперде тақпау, санитарлық ережелерді сақтамау біздің мәдениетіміздің, этикамыздың төмен екенін көрсетті. Ауылдан келген адамдар қалыптасқан қала мәдениетін күйретіп жатыр. Қоғамдағы мәдениетті көтеру үшін ауылдық жерлерде білім беру бағдарламаларын жаппай ұйымдастыру керек. Ауыларда мұғалімдар, мамандар жетіспейді. Сол себепті, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайтудың арнайы жобасын ұйымдастырып, мәдениет, спорт саласы мамандарын уақытша болса да, ауылдарға жіберу керек", – деп атап айтты қауымдастық басшысы.

Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитеті төрағасы Талғат Доскенов елде креативтік экономиканы дамыту қажет екенін де сөз етті.

"Әлемдегі ең үздік 1000 компанияның арасында бірде-бір қазақстандық кәсіпорын жоқ. Өйткені, мемлекет ғылыми-технологиялық кәсіпкерлікке көңіл бөлмей отыр. Сонымен қатар, елде креативтік экономикаға да назар аудару қажет. Қазіргі заманда адамдар виртуалды суреттер салып, өнімдерін виртуалды аукциондар арқылы сатып отыр. Кейбір елде креативтік кәсіпкерлік жалпы ішкі өніммнің 15%-ына дейін беріп отыр. Креативтік экономика мәдениетті, зияткерлікті өркендетеді", – деді комитет төрағасы.

Отырысқа қатысушылар жекеменшік білім беру бизнесіне мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі керек екенін ерекше айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлер бизнеске кедергі келтіретін шенеунікті жазалау үшін қатаң заң қабылдау қажет екенін де жасырмады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу