Елдар Төлегеновтың арнайы білімі жоқ. Оған еліміздің әр түкпірінен қымбат көліктер мен агротехниканың істен шыққан микрожүйелерін қалыпқа келтіру үшін жүгінетіндер көп, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Көкпекті ауданы, Көкжайық ауылының тумасы Елдар Төлегенов электроникаға бала кезден бейім болған. Көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектерді шашып, қайта жинау оған оп-оңай. Әсіресе, соңғы үлгідегі агротехникалар сынса, көпшілік оны құрастырған компанияға жүгінеді. Оның қызметі тым қымбат. Сондықтан алысқа бармай-ақ ауылдағы шебердің қызметін пайдаланып жүргендер көп.
Фото: inbusiness.kz
"Жер жыртатын "New Holland" деген тракторларды, "John deere", "Doosan" "Kater Pilar" деген техникаларды жөндей береміз. Қаншама ақша шығарып, шет елден, Украинадан шеберлерді шақыртады. Ал біз жақын жерден сынған микрожүйелерін іске қосып береміз",– дейді автодиагност Елдар Төлегенов.
Таптырмас маманды түрлі шет елдік компаниялар жоғары жалақы ұсынып жұмысқа шақырған екен. Бірақ ол туған ауылында бастаған бизнесін тастағысы келмейді. Әрі қарай дамыта беруді жөн санайды.
"Мерседес, Volvo, Toyota орталықтары шақырып отыр. Өз туған ауылыма керек болған соң, сұранысқа ие болған соң осында жүрмін. Әлі ешқайда кететін жоспарым жоқ. Кез келген істі ауылды жерде отырып та дамытуға болады. Басында ауылда мұндай бизнес жүрмейтінін айтқандар көп болды. Қазір ісіммен дәлелдеп келемін. Тапсырыс үзілмейді",– дейді Елдар Төлегенов.
Фото: inbusiness.kz
Іскердің ауласындағы шағын шеберхана заманауи құрылғыларға толып тұр. Ол үнемі ізденіп жүреді. Қазір қолында 20 миллион теңгеден астам қаржыға сатып алынған құралдар бар. Сол арқылы көліктің қозғалтқышын ашпай-ақ, кінәратын тауып береді. Техника жөндеудегі тың әдістерді меңгеріп, білімін жетілдіріп отырады.
"Сонау Тараз қаласынан да өткенде бір кісі көлігінің электронды бөлшегін беріп жіберді. Біз білмейтін тапсырыстары қаншама. Осы кісіге көптеген сұраныстар болып жатыр. Шалғайда жатқан соң көбі күдікпен қарап, сеніңкіремейді. Десе де Елдар өз ісінің маманы. Ол қай жерде болса да сүйген кәсібіңмен айналысып, оны дамытуға болатындығын дәлелдеген адам. Бұл жастарға үлгі",– дейді Көжайық ауылының тұрғыны Ерлан Сайлауғазыұлы.
Елдар алда мемлекеттің инновациялық идеялар үшін беретін грант иелену ойы бар. Бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Оған қоса шәкірт тәрбиелеп, ауыл жастарын осы кәсіпке бейімдемек.