Ауылдағылардың ұялы байланыс шығындарын мемлекет өтеуі мүмкін

4554

Ел бюджетінен тиісті субсидия алуы үшін фермердің мобильді байланысқа шын зәру екенін дәлелдеуі керек болады. 

Ауылдағылардың ұялы байланыс шығындарын мемлекет өтеуі мүмкін Фото: triptonkosti.ru

Шаруа қожалығының басшысы Еркін Мәуленұлы қатты ұялғанын айтады. Ол былтыр Нидерландыда болып қайтыпты. Озық елдің үздік тәжірибесіне қаныққан.

"Оларда бүгінде егістігі автоматтандырылған. Алқаптардың үстінде дрондар ұшып жүр. Комбайндары және басқасы жүргізушісіз қозғалады. Фермер және оның көмекшілері жер жырту, дән себу, егінді күтіп-баптау, сапасын тексеру, пестицид, гербицид себу, басқа да процестерін, техниканың егіс даласында қалай жұмыс істеп жатқанын қашықтан бақылайды. Тиісті GPS-координаттар планшетке, компьютерге енгізілген. Оның бәрін бізде де қолдануға болады. Басты кедергі сол, даламызда ұялы байланыс жоқ. Егістікте жүрген жұмысшыларға тапсырма берейін десем, қарапайым қоңырау шала алмаймын, көлікке отырып, өзім баруым керек", – деді Е.Мәуленұлы.

Осылайша, қазақстандық ауыл кәсіпкерлері ақпараттық заман игіліктерінен қол үзіп қалады. Мұның тағы бір салдары анықталды. Алыс орналасқан фермерлік және шаруа қожалықтары жұмысшы таба алмай, қиналуда: ғаламторға, әлеуметтік желіге әуес жастар ол жақта ұялы байланыс мүлдем ұстамайтынын немесе жылдамдығы видео жүктеуге жарамайтынын білсе, басын ала қашады.

Сондықтан аграршылардың үлкен бөлігі ірі ауыл-кент, аудан орталықтарының айналасынан әрі ұзап шықпауға тырысады, бармақ басты, көз қысты жолдармен болса да, елді мекендердің дәл іргесінен жер алып, егінін сонда салады. Салдарынан, жергілікті жұртшылық жайылым жерден айрылады.

Фермердің айтуынша, қазіргі кезде ауыл кәсіпкері үшін мобильді байланыс өмірлік маңызды. Жедел жәрдем, полиция, өртпен күрес қызметтерін шақыру сыртында, мемлекеттен түрлі қолдау, демеуқаржы алу үшін ақпараттық жүйелерге, портал-сервистерге айтылған күні тез өтініш беріп, алдыңғы қатарға ілігіп қалу шарт. Әл-ауқаты соған тәуелді.

Қоластындағы жұмысшыларымен, әріптестерімен, өнім жеткізушілермен, әкімдікпен күнделікті, үнемі байланыста болу қажет. Бухгалтерия және логистикалық міндеттер де бүгінде интернетті талап етеді.

Байланыстың жоқтығы немесе нашарлығы қазақстандық ауыл шаруашылығында телеметрияның дамуына, яғни ақылды техниканы басқарып, одан мәліметтер алуға кедергі болып тұр.

Сондай-ақ сенімді мобильді байланыс навигация мәселелерін шешіп, шаруаның шашын ағартатын түйткілдердің түйінін тарқатар еді. Атап айтқанда, ол үйінде не кеңсесінде отырып, егіс даласындағы тракторшылардың, комбайнерлердің күні бойы демалып, ұйықтамауын, үнемі қозғалыста болуын бақылай алады. Немесе дайын өнімдерін таситын көліктің белгіленген маршруттан жаза баспай жүруін, жүргізушінің машинаны басқа шаруаға, айталық, көшіру қызметін көрсетуге жекпеуін қадағалай алар еді.

Мұның бәрі арман болып қалуда. Себебі, Қазақстанда ұялы байланыс нарығын қос монополист ("дуополист") меншіктеп алған. Біріншісі – нарықтың 60%-дан астамын басыбайлы иеленген "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобы: оған "Kcell" АҚ, "Мобайл Телеком–Сервис" ЖШС, Tele2/Altel кіреді. Екіншісі – "Кар-Тел" ЖШС (Beeline) жекеменшік операторы. Ондаған жыл өтсе де, өзге GSM-операторлар немесе радиобайланыстың CDMA-операторлары нарыққа кіре алмады.

Фермерлердің айтуынша, операторлар тек халық көп шоғырланып тұратын аумақтарды байланыспен қамтуға ұмтылады. Басқасы – экономикалық тұрғыдан орынсыз. Соның кесірінен, республикада мобильді байланыс ауламайтын "соқыр аймақтар" тым көп.

Мемлекет бұл проблеманы шешуге қадам жасады. Қазіргі кезде Парламентте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы жатыр. Оны таяуда Мәжіліс әзірге тек бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжатта "ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп объектілерінде байланыс қызметтерін субсидиялау" деген маңызды бап қарастырылған.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың пікірінше, егер мемлекет жағдай жасаса, біздің ауыл шаруашылығы өндірушілеріміз ақпараттандыру жүйесін өз жұмысында жақсы, жан-жақты қолданып, ісін дөңгелентіп әкете алады.

"Бірақ салада қордаланған біраз проблема бас көтертпейді. Мысалы, шаруаларымыз Илон Масктың "Starlink" ғарыштық байланысын пайдалана бастап еді, құзырлы органдар бұл байланыстың елімізде тіркелмегенін сылтау етіп, тыйым салып тастады. Жаңа заң жобасы осының бәріне жол ашып беруге тиіс. Оған өз басым қуаныштымын, қолдаймын. Заң өмірге жолдама алса, ауыл шаруашылығы объектілерінің байланыс қызметі бюджеттен субсидияланылып, арзандатылатын болады", – деді депутат.

Алайда парламентшілердің көңілінде де көптеген күмән-күдік қалып тұр. Мысалы, заң қабылданғанымен, оны Үкіметтің қалай жүзеге асырары белгісіз, тетіктері нақтыланбаған. Ертең осы байланыс қызметтерін қалай субсидиялайды? Оған нақты қанша шаруашылық мұқтаж? Қанша шаруашылық байланыссыз отыр? Тиісті статистикалық деректер жоқ. Тіпті заң күшіне енгенімен, шаруалардың ұялы байланыс орнатуға қашаннан бастап тапсырыс бере алатыны беймәлім. Демек, тағы ұзаққа созылып кетуі мүмкін.

Заң авторларының бірі депутат Екатерина Смышляева бұл заңның фермерлер үшін игіліктері мол болатынына сендіреді.

"Әсіресе, ірі елді мекендерден аулақта орналасқан шаруашылықтарға мемлекеттен осындай субсидия керек. Өйткені фермалардың егістік, шабындық немесе жайылым жерлері ұланбайтақ! Басқаша айтқанда, мың гектар жерде бір ғана үй тұрады, тиісінше, бір-екі ғана абонент бар. Сондықтан бір-екі адамға қызмет көрсетуге ешбір оператор қызықпайды. Оған қызмет көрсету үшін ол аумақта жеке, үлкен антенналық-діңгекті құрылым тұрғызу керек. Егер біз ұялы байланыс операторын айдалада антенналық бағана орнатуға мәжбүр етсек, онда бұл аумақты қамтитын байланыстың құны өте қымбат болып, оны фермер жалғыз көтере алмайды. Сол себепті, заң жобасында ол шығынды бюджеттен субсидиялау ұсынылып отыр", – деп түсіндірді Е.Смышляева.

Оның айтуынша, бұл мүмкіндікке қол жеткізу, субсидия алу үшін фермер биліктің бір шартын орындауға тиіс.

"Біз бұл жерде мынаны қарастырудамыз: фермер өзіне кең жолақты, жылдам интернеттің не үшін қажеттігі туралы сұраққа дәлелді жауап беруге міндетті. Егер бұл ғаламторды кезіп, уақытын өткізу, ермек үшін ғана керек болса, онда мемлекеттің шығындалуы әбестік. Фермер ұшқыр интернетті қолданып, өз ісінде заманауи технологияларды енгізуге міндеттеме алуға тиіс. Егер соған сендіре алса, онда оның ұялы байланысының құнын бюджет көтеріп, субсидиялайды. Егер ол цифрлық технологияларды енгізбесе, онда субсидиялау доғарылады", – деді депутат.

Оның айтуынша, ұқсас норма өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін қарастырылған. Мысалы, алып зауыттар да елді мекендердің іргесінде бой көтереді, салдарынан жергілікті тұрғындарға улы шаң қаптырып, денсаулықтарына нұқсан келтіреді. Ал егер өнеркәсіп орны ауыл-қаладан қашық орын тепсе және оның қожайыны өнеркәсіптік интернетті кәсіпорынды дамыту үшін пайдалануға сөз берсе, тиісті жоспарын көрсетсе, онда оның жанынан да оператордың антенналық бағанасы тұрғызылып, байланыс шығындары субсидияланады.

Онсыз өнеркәсіптік аймақтағы екі-үш субъектіге қызмет көрсетуге ұялы операторлар құлшынбайды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек заң күшіне еніп, тиісті нормативтік құқықтық актілері дайын болса, бұл тетікті енгізу сонша күрделі еместігіне назар аудартты.

"Бүгінде бізде "Әмбебап қызмет көрсету қоры" деген бір механизм бар. Осы тетіктің үлгісінде ауыл шаруашылығы территорияларын субсидиялау жүйесін жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Әрине, шаруалардың бүкіл байланыс шығынын бюджет көтермейді. Бұл жерде заң бойынша байланыс операторының соларға көрсеткен қызметінің шамамен 50%-ы субсидияланады. Сонда бұл механизм операторлардың қиянда орналасқан ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік кәсіпорындарына дейін жетуіне, оларға қызметтерін тұрақты негізде көрсетуіне мүмкіндік береді. Осылайша, фермерлер де интернет пен ұялы байланысқа қол жеткізеді, операторлар да қосымша тұрақты табыс таба алады", – деп түсіндірді вице-министр.

Цифрлық даму министрінің орынбасары Асхат Елубайұлының мәліметінше, шалғайдағы ауыл шаруашылығы аумақтарындағы байланысты субсидиялау үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен шамамен 400 миллион теңге бөлінеді деп болжануда.

Ұшан-теңіз Ұлы даланы мобильді байланыспен торлап шығу үшін жаңа заң жобасында басқа да жаңашылдықтар көзделген. Мысалы, ол жергілікті әкімдіктерді жергілікті бюджет есебінен байланыс инфрақұрылымын салып, антенналық діңгектерді тұрғызуға міндеттейді, тиісті өкілеттіктер береді. Ұялы байланыс операторлары үшін мұндай діңгектер орнатылатын жер телімдерін әкімдер тегін, конкурссыз бөлуге тиіс болады (арнайы сервитут). Бірақ бұл инфрақұрылым мемлекеттің балансында болады, оны күтіп ұстауға да сол шығындалады.

Бұдан бөлек, электр сымдары тартылған бағаналарды да антенналарын бекітуі үшін операторларға тегін ұсыну талабы енгізілмек.

Дегенмен, ауыл кәсіпкерлері қиырдағы шаруашылықтарда таяуда мобильді байланыс пайда болып, смартфондар сайрап қоя беретініне сенбейді. Себебі, шаруалардың шағымына орай бұл мәселені шешуге кезінде Мамин Үкіметі де уәде етіпті. Одан бері Министрлер кабинетінің құрамы бірнеше рет ауысты.

Ауыл кәсіпкері Еркін Мәуленұлы алыстағы фермерлердің интернетке қосылуын бюджеттен субсидиялауға 2022 жылы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің өзі сөз бергенін еске салды. Шынында, министр мұны Парламенттегі Үкімет сағатында айтқан болатын. Мусин соған мүмкіндік беретін бұйрығының жобасы министрліктердің келісімінен өтіп жатқанын жеткізген еді. Құжат қабылданса, 2023 жылы министрлік осы субсидиялау тетігіне шамамен 1 миллиард теңге бөлетінін хабарлады. Енді бұл сома 400 миллионға дейін төмендегені анықталды.

Кейбір деректер бойынша Үкімет Altel операторымен бірге, қашық жайлауларда мал бағатын фермерлерді интернетке қосудың пилоттық жобасын да әзірлепті. Алайда тұрақты субсидиялау жолға қойылмай, жырақтағы шаруалар интернет пен ақпараттық технологияларға қол соза алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу