Ауылшаруашылық өнімдері жаңа брендтердің көмегімен шетел асады

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
5154

Қазақстанның азық-түлік өнімдерін өткізу үшін үш ұлттық бренд жасалады  

Ауылшаруашылық өнімдері жаңа брендтердің көмегімен шетел асады

Инвестиция және даму жөніндегі бірінші вице-министр Алик Айдарбаевтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерін сыртқы нарыққа бірыңғай брендтің атымен өткізу мәселесі қарастырылып жатыр.

"Біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп ет өнімдерін өткізу үшін үш бренд атауын жасап, тіркеп жатырмыз. Олар: KazMeat, Qazaq Organic Food, Halal Kazakhstan. Жалпы бізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлеуеті зор, біз оны барынша тиімді қолданып отырған жоқпыз. Міне осындай бренд жасаудың арқасында біздің Қазақстанның ауыл шаруашылығы бағытындағы тауар өндірушілері осы брендті қолданып, өнімін шетел асыра алады. Бұл брендтер осы мақсатта жасалады", – деп мәлімдеді ол.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдар бренд жасаумен шектелмейді, Қазақстанның өнімін сыртқы нарыққа шығаруға арналған шаралар кешенін іске асырады.

"Әрине, стандарттарды да өзгерту керек, өйткені көп нәрсе дайын емес. "Био" деген не, "эко" деген не, "органикалық өнім" деген не? Бұл стандарттар нақты жазылуға тиіс және ол әлем бойынша расталуы керек. Шетелде сан түрлі таныстырулар, жарнамалар жасап, көрмелер ұйымдастыру керек, өндірушілерімізге өнімін жеткізуге көмек көрсету қажет. Міне осы шаралар кешені біздің қазақстандық брендті ілгерілетуге бағытталған", – деді ол.

Отандық агроөнеркәсіп кешенінде дәстүрлі экспорттық өнім болып саналатын астық пен ұннан да басқа ет, сұйық май, жарма да сыртқы нарыққа шығатын келешегі бар өнімдер. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толтыру және елдегі АӨК өнімдерінің экспорттық желісін кеңейту үшін агросектордың өңдеу өндірісін дамыту бойынша арнайы бағдарламасын іске асыру жоспарланып отыр. Бағдарлама 2021 жылға қарай сүт, ет, май дақылдарын өңдеу көлемін екі есе арттыруды көздеп отыр. Ал рекордтық тоғыз есе өсу – астықты терең өңдеуге қатысты. Бұл бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен және жеке инвестициядан 270 млрд теңгеден артық қаражат тартылмақ.

Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың қаңтар-мамыр айында Қазақстан 3,8 млн тонна болатын АӨК өнімін экспортқа шығарған. Ақшалай есептейтін болсақ, бұл 880 млн доллар. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырсақ, 4% өсу бар екенін көреміз. Жалпы экспортқа шығарылған өңделген ауыл шаруашылық өнімінің үлесі 44%.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу