Жалпы іріктеу жарыстарынан екі турнир ғана қалды. Бұл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен Африка чемпионаты. Екі турнир бір уақытта өткізіліп, мамыр айының соңында аяқталады. Сонымен, маусым айында біз Токиода өтетін Олимпиада ойындарына баратын ауыр атлеттердің есімдерін білетін боламыз.
Аталған жарыстарда жас жағынан Олимпиадаға қатыса алатын жас спортшыларға мүмкіндік беріледі. Бірақ тәжірибелі спортшылармен күресте олар тиісті деңгейде бәсекеге түсе алмайды. Алдағы әлем чемпионаты рейтингтегі орындарын жақсартуға да тамаша мүмкіндік болмақ.
Қазақстан құрамасына келер болсақ, бұл екі жарысқа спортшыларымыз тек бақылаушы ретінде қатысады. Біздің атлеттер жақында өткен Азия чемпионатында олимпиадалық іріктеу науқанын аяқтады. Сондықтан, енді біз рейтингтің өзгеруін қадағалап, бақылаушы ретінде әрекет етеміз.
Командада Токио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндігі бар жасөспірімдер жоқ. Барлық үміткерлер және Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло ересектер деңгейінде өнер көрсетеді. Біздің ауыр атлеттер үшін әлем чемпионаты мүлдем басқа мәртебеге ие.
Жас спортшылар өздерінің бар мүмкіндіктерін паш етіп, медаль үшін күреседі. Өйткені, олар қазірдің өзінде негізгі құрамға шақырыла бастады. Бұдан бөлек спортшыларымыз жекелей жетістіктерге жетуі де мүмкін. Мысалы, әлемдік рекорд орнату. Бұған Рахат Бекболат, Сайхан Тайсуев немесе Абылай Әуелханов басты үміткер бола алады.
Бапкерлер құрамы жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысуға соңғы өтінімді әлі жіберген жоқ. Алайда Халықаралық федерация ұсынған тізімде бірнеше қазақстандық атлеттердің есімі бізге мәлім болды. Сонымен ерлер құрамасынан Абылай Әуелханов (55 келіге дейін), Алексей Дроздов (61 келіге дейін), Ақмолда Сайрамкез (67 келіге дейін), Сайхан Тайсуев (73 келіге дейін), Рахат Бекболат (102 келіге дейін) ел намысын қорғайды.
Сондай-ақ әйелдер арасында өтетін жарыста Гүлнұр Ыбырай (64 келіге дейін) мен Айсамал Сансызбаева (87 келіге дейін) бақ сынайды. Жақын күндері ұлттық құрама атынан баратын спортшылардың толық тізімі белгілі болады. Ал әлем чемпионаты жексенбі, 23-мамыр күні басталады.
Ермұхамед Мәулен