Ауыр моральдық диллемаға тап болған Зеленский сынға ұшырады

4074

Украина Президенті өз елін ойсырай жеңіліп, толық отарланып, тәуелсіздіктен айырылудан аман сақтап қалды. Алайда оның соғыс басындағы тірлігі Украина қоғамын екіге жарып отыр.

Ауыр моральдық диллемаға тап болған Зеленский сынға ұшырады

"Жау біздің жерімізге емес, жүйкемізге шабуыл жасауда. Ол біздің ұдайы мазасыз өмір сүруімізді қалайды. Барлық азамат, әсіресе, егде жастағылар осыны түсінгені жөн. Терең тыныстаңыздар. Тынышталыңыздар. Не істеу керек? Байсалдылық сақтап, армиямызға, Украинаға сеніңіздер. "Ертең, болашақ не болады?" деп алаңдамаңыздар. Не болатынын мен айтайын. Жолдар, көпірлер, мектептер, стадиондар саламыз, вагон, ұшақ, танктер жасаймыз. Сәуірде Пасханы атап өтеміз. Мамырда тамылжыған күнге қуанып, кәуап қуырамыз, Жеңіс күнін атап өтеміз. Әрі қарай жаз келеді. Емтихан тапсырып, университеттерге түсеміз, демалысты жоспарлаймыз, бақша егеміз, үйлену тойларында қыдырамыз. Әрі қарай күз келеді. Қатарда өтетін футболдан әлем чемпионатында құрамамызға жанкүйер боламыз. Одан әрі қыс. Жаңажылдық мерекеге дайындаламыз..."

Украина Президенті Владимир Зеленскийдің 2022 жылғы 19 қаңтардағы халыққа осы үндеуін оппозиция содан бері оның бетіне басып келеді. Өйткені ондағы уәденің бірде бірі орындалмады. Тіпті әскерден босатылып, шетелде жаттығудан өткен украиналық құраманың футболшылары чемпионатқа қатыспақ түгіл, іріктеу сынында сүрінді.

Осы аптада қаңтардағы тарихи мәлімдемеге қатысты айтыс-талас қайта өршіді. Америкалық The Washington Post мақалалар сериясында АҚШ Ресейдің қай күні, қай бағыттан басып кіретініне дейін білгенін, сол туралы барлық серіктесін, Киевті хабардар етуге тырысқанын жазды. Бірақ Зеленский оған сенбеген-мыс және босқа дүрбелең туғызбауды өтінген. Американың ескертпесіне құлақ асқан өзге мемлекеттер өткен жыл соңында елші, консулдарын және олардың отбасыларын эвакуациялады. Жыл басында барлық батыстық авиакомпания Украина аспаны мен әуежайларын айналып өтуге кірісті. Ірі инвесторлар жобаларын доғарды, жаңаларынан шұғыл бас тартты.

Бұған Киев қатты ренжіп, Украина экономикасына залал келтірді деп АҚШ-ты айыптады. Америкалықтарды ұнатпайтын немістер де оның барлау ақпараттарына сенуден бас тартқан. Себебі канцлер Меркель заманынан Мәскеуді дос әрі сенімді серіктес санайтын. Салдарынан, 24 ақпанда ресейлік шапқыншылық басталғанда Германияның Федералдық барлау қызметінің басшысы Бруно Кальға Киевтен қашуға тура келді. Барлық әуежай зымыранмен бомбаланып жатқандықтан, ГФР арнайы мақсаттағы жасақтарына арнайы операция жүргізіп, оны құрлық жолдарымен эвакуациялауға тура келді. 

Кең ауқымды соғыс болатынын білмеген жұртшылық бомбапаналардың қайда екенін білмей, үйлеріне тығылып, не көшеге сау етіп, жауған оқтың астында қалды. 2014 жылдан бері Донбасстағы антитеррористік операцияға (АТО) қатысып, Украинаның қос облысын жаулаған басқыншылармен 8 жыл бойы күрескен украин соғыс ардагерлері елдің батысына эвакуациялана алмады. Салдарынан, тек Луганск пен Донецк қана емес, сондай-ақ Киев, Чернигов, Николаев, Сумы, Харьков, Запорожье, Херсон облыстарындағы ардагерлер оккупанттардың бірінші нысанасына айналды. Сарапшылар агрессорлардың олардың көбін арнайы қара тізімге сай іздеп, тұтқындап, атып тастағанын анықтады.

Қаңтар соңында Киевке шұғыл келіп, Украина Президентімен кездескен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Путиннің өте қысқа мерзім ішінде агрессивті соғыс қимылдарын бастайтынын ескерткен. 

Осы аптада The Washington Post басылымына берген сұхбатында https://www.washingtonpost.com/national-security/2022/08/16/zelensky-interview-transcript/ Владимир Зеленский Ресейден төнген қауіп туралы АҚШ-тан ақпарат алғанын мойындады. Соған қарамастан, ол соғыс алдындағы саясатының дұрыстығына сенімді.

Біріншіден, оның айтуынша, батыстық серіктестер шабуыл жасалуы ықтимал деп көп ескерткенімен, "жалпы сөздермен" шектелген. Тіпті барлау мәліметтерімен толық бөліспей қойған.

Екіншіден, оның түсіндіруінше, елде алдын ала дүрбелең, бейберекетсіздік туғызып, мемлекетті экономикалық проблемаларға арандатпау үшін азаматтарға төніп тұрған қауіп-қатер туралы ресми жарияламаған дұрыс деп тауыпты. Егер елде дүрлігіс пен бүлік басталғанда, Мәскеу шынында да іштен іріген елді, соның ішінде Киевті үш күн ішінде жаулап алуы мүмкін еді. 

Үшіншіден, Зеленский келесі цифрды келтірді. Қазір Украина соғыс салдарынан ай сайын 5-7 млрд доллар шығын шегуде. Ал соғыс болатыны туралы былтырғы күзден айтылды, сонда Ресей жаттығуларын бастады. Қыс әрі жылыту маусымы кезінде ел мұндай экономикалық ауыртпалықты көтере алмайтын еді, деді В.Зеленский.  

"Әрине, оларға: "Тыңдашы, сен қазірден адамдарды дайындап, оларға қолма-қол қаржыны иеленіп, тамақтан қор жасай бастау керектігін айтуға тиіссің" деу оңай. Егер біз солай хабарлағанымызда, былтырғы қазаннан бастап айына 7 млрд доллардан жоғалтатын едік. Сонда ресейліктер шынымен шабуылға көшкенде әбден әлсіреген елді үш күнде басып алатын еді. Біздің өзіміз дүрбелең сеуіп, елді ресейліктерге жығып беретін едік", – деп ақталды Президент Владимир Зеленский.

Ол өз шешімінің дұрыс екенін айтып, табандады: "Соның нәтижесінде нағыз шапқыншылық басталғанда біз соғысқа сол кезде мүмкін болғандай дәрежеде қуатымызды сақтаған күйде кірдік. Мен АҚШ-қа көмегі үшін ризашылық білдіремін. Бірақ одақтастарымыздан келіп жатқан қару-жарақтар агрессорға түпкілікті тойтарыс беруге жетпейді", – деп күрсінді Украина лидері. Ол Батыс елдері соғыс туралы ескерткенде, олардан оның орнына қару сұрағанын еске салды.

Алайда жасыратыны жоқ, Батыс Украинаның "әлемдегі №2 армияның" екпіні мен тепкініне төтеп беретініне сенген жоқ. Сондықтан былтырдан бері АҚШ Украинаға тек Javelin тасымалды, танкке қарсы зымыран кешені, Stinger тасымалды, зениттік-зымыран кешені секілді жеңіл қаруларды ғана берді. Танктер, бронды техника, ұшақ, әуе қорғанысы кешендері, артиллерия сияқты қаһарлы қаруларын беруден бас тартқан. Себебі The Washington Post сарапшыларының байламынша, Украина жеңілсе, құпия технологиялары бар ол техникалар дұшпанның қолына түседі деп қорыққан. Сондықтан украиналық әскерилер мен патриоттар жеңіл тасымалданатын қару-жарақ көмегімен партизандық соғыс жүргізе алады деп есептелді. Тек Украинаның тізе бүкпей, жауға айбынды әрі жанқиярлықпен қарсы тұрып жатқанына көз жеткізген соң ғана, соғыстың басталғанына төрт ай өткенде сауытты техникасын, гаубица, артиллерияларын жіберуге кірісті. Дегенмен соның өзіне жарытпауда.  

Салдарынан, Ресей әскері әлі күнге дейін шабуылын үдетіп, алға жылжып, жаңа қалаларды, деревняларды оккупациялауын жалғастыруда. Украина Луганск, Донецк, Қырымды азат етпек түгіл, Херсон, Запорожье, Харьков облыстарының үлкен бөлігінен айырылып қалуы ықтимал. Халықаралық сарапшылар Мәскеудің алда басып алған жаңа территорияларды өзіне қосу жөнінде референдум өткізуді жоспарлап отырғанын еске салады.

Сарапшылардың болжауынша, биыл бітпей, соғыстың келесі жылға ұзайтын түрі бар. Қан-қасап қырғыннан қажыған Украина қоғамы дәстүрлі "зрадаға", алауыздыққа бой ұрып, өз ішінен жау іздей бастады. Құланның қасуына мылтықтың басуы дегендей, америкалық басылымның мақалалары Зеленскийді сынның дүлей дауылының ортасынан топ еткізді.

"Осы аптаға дейін украиндар Президент Зеленскийді өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, шетелге қашпай, басын бәйгеге тігіп Киевте қалған, бүкіл елді қаһарлы жауға қарсы көтерген, елдің басым бөлігін қорғап қалған және азат етуге кіріскен әрі кіршіксіз таза, жүрегі түкті ұлттық қаһарман деп санап келді. Ал енді ол қоғамдық ауыр сынның теңдессіз, алапат толқынының астында қалды. Қарапайым адамдар соғыс болатыны ескертілгенде, жау басып кіргендегі дағдару, абдырау, бейберекет қимылдау болмайтын еді, дұшпанды толық дайындықпен қарсы алатын едік, немесе уақытылы эвакуацияланып үлгеретін едік деп жатыр. Украинаның қоғам қайраткерлері мен ғалымдары Президенттің шешімін сынауда. Олардың пайымдауынша, оккупанттар жасаған айуандық пен зұлымдыққа енді белгілі бір көлемде ел басшылығы да жауапты", – деп жазады америкалық саяси сарапшы Лиз Слай.

Оппозиция жермен-жексен болып қираған, көп тұрғыны қырылған Мариуполь, Попасная, Буча сияқты қалалардың құны экономика жоғалтуы мүмкін 7 миллиард доллардан қымбат екенін алға тартады.

"Жау қауіп төндірген аудан-қалаларда тұрған азаматтарды, әсіресе балалы отбасыларды, қарттарды, мүгедектерді құлағдар етпеу олқылық, жаңсақтық, өкінішті кездейсоқтық, стратагиялық қателесу емес, бұл – қылмыс", – деді украиналық жазушы Катерина Бабкина.

Әйткенмен қоғамның екінші жартысы Зеленскийді қорғаштап сөйлеуде. Публицист, Киев-Могилянский бизнес-мектебінің оқытушысы Валерий Пекарь Президент үндеу жасағанның өзінде ол ештеңені өзгерте алмайтын еді деген пікірде.

"Украиналықтар америкалық ескертулерді үздіксіз жариялаған БАҚ жарияланымдарына кең қол жеткізе алды. АҚШ барлауының есептері туралы жаңалықтарды оқыған соң жолсөмкесін жасақтамағандардың құлағдар болмадым деп айтуға қақысы жоқ", – деді Валерий Пекарь.

"Соғыстың төніп келе жатқанын біздің бәріміз білдік және ұғындық. Тек оның болатынына сенгіміз келмеді. Өйткені шындыққа айналуы үшін бұл тым қорқынышты еді. Зеленскийдің бірде бір мәлімдемесі ештеңені де елеулі түрде өзгертпейтін еді", – деп жазды "Что такое Украина" жобасының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Елена Гнес.

Сарапшылар украиналықтарға бұл мәселе бойынша барлық талас-тартысты соғыс аяқталған уақытқа, кейінге қалдыруға кеңес берді. Бұл ретте коммуникация шебері саналатын Зеленский мен командасының креативті тәсілдері, шешендігі, қажырлы еңбегі арқасында Батыс оған сеніп, ең заманауи қаруларын Украинаға бергені жасырын емес. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен басқа ынжықтау президент болғанда, елді тастап, шетелге қашуы, немесе тасжүрек-прагматик Батыстың көңілін жібіте алмай, қаһарлы қаруынан қағылуы мүмкін еді. 

Қалай болғанда, украиннің қас батыры Владимир Зеленский қазір моральдық диллемаға тап болды. Одан қалай және қандай күйде шығатыны белгісіз. Жау жағадан алғанда бөрі етектен жабысқаны жаман дейді қазақ даналығы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу