Ауыздарынан жырып, қолдарынан жұлып жейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2750

Қазақстандағы таксомоторлық компаниялар мен салалық қауымдастық өкілдері "тентек" таксистерді тезге салу үшін такси қызметінің республикалық одағын құру бастамасын көтерді.

Ауыздарынан жырып, қолдарынан жұлып жейді

Бүгінгі таңда мемлекет такси нарығын реттеуге мәжбүр болып отыр. Себебі екінің бірі такси қызметін ұсынуды әдетке айналдырып алған.

Жолаушыларға қызмет көрсету үшін құзырлы органдардан рұқсат алу немесе мемлекетке  салық төлеу көлденең "көк аттылардың" ойына кіріп те шықпайды. Есесіне олар кәсібін адал атқарып отырған жандардың нанын ауыздарынан жырып, қолдарынан жұлып жейді. Осы бассыздықтың тамырына балта шабу үшін мемлекет такси қызметімен заңсыз айналысып жүрген жүргізушілерге ымырасыз күрес жариялады. Әзірше Астана мен Батыс Қазақстан облысы ғана тентек таксистерді тезге салу үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр.

"Атамекен" КҰП-пен мемлекеттік органдардың және мүдделі тарап өкілдерінің басқосуында мезгіл мәселесі майшаммен қаралды.

"Такси қызметінің республикалық одағын құру туралы шешім қабылданды.

Алдағы уақытта одақтың мақсаты мен міндеті айқындалады. Біздің елде такси нарығы бір жүйеге түскен жоқ. Тасымалдаушылардың жауапкершілігі жыларман күйде. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың белең алғаны сонша, такси нарығының 80%-ы көлеңкеде қалып отыр", – деді abctv.kz- ке  Астана қаласы жүргізушілер қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.

Оның сөзінше, такси қызметінің республикалық одағы әділет министрлігіне тіркеліп, қоғамдық бірлестік ретінде қызмет ететін болады.

"Біз нарықтың сұранысын қанағаттандырудың барлық амалдарын қарастырып жатырмыз. Қалай болғанда да жолаушыларды заңсыз тасымалдап жүрген адамдарға тосқауыл қойылады", – деді төраға.

Медет Құрмановтың айтуынша, жолаушыларды заңсыз таситындарға ірі көлемде айыппұл салынады. Алайда олар қызметтерін заңдастыруға асықпайды.

"Біз ресми тасымалдаушылардың санын арттыруға бағытталған шараларды үздіксіз жүргізіп жатырмыз. "Astana taxi" брендімен тек такси қызметін көрсетуші компаниялар ғана емес, жеке такси жүргізушілері де жұмыс істей алатын болды. Бірыңғай такси қызметі жүйесіне тіркелу ісі де оңайлатылды.

Бұл істі тындыру үшін таксомоторлық компаниялар қауымдастығына хабарласу қажет. Компанияның талабына сай болған көлікке және оның иесіне такси қызметімен айналысуға рұқсат беріледі. Қолында рұқсат қағазы бар жүргізушілер "Astana taxi" қызметінен тапсырыс қабылдау, "BusLane" жолағымен жүру және әуежай мен теміржол вокзалының аумағындағы мамандандырылған автотұрақтарға тұру құқығына ие болады",– деді Медет Құрманов.  

Сөз арасында ол баға саясаты туралы да пікір білдірді.

"Ресми тасымалдаушылар жолаушылардың қауіпсіздігіне толық жауап береді. Жол апаты тіркелген жағдайда жолаушылар денсаулығына немесе құнды заттарына келтiрiлген зиян үшін өтемақы ала алады. Ал бекітілген тариф негізінде қызмет көрсету ресми тасымалдаушылардың негізгі артықшылығы болып табылады. Астанада ресми такси алғашқы үш шақырым үшін 500 теңге алады. Кейін әр шақырымға 100 теңге қосылып отырады. Әрбір таксиде таксометр орнатылған. Жолақысын сол есептейді", – деді Медет Құрманов.  

Абылай Бейбарыс 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу