Автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты

Тағы үш адам: бір әйел, екі бала жақын маңдағы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. 

Автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты

Шамалғанда болған жол көлік оқиғасына байланысты сот алды тергеу жұмыстары басталды. Осыған орай ІІМ-нің баспасөз қызметі ресми ақпараттармен бөлісіп, оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

"Қарасай ауданындағы темір жол өткелінде шамамен сағат 19:20-да Алматы-Қостанай бағытындағы поезд "Sеtrа" маркалы жолаушылар автобусына соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобус жүргізушісі қаза тауып, тағы үш жолаушы жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді",- делінген хабарламада.

Сонымен қатар Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Өмірзақ Ниязбеков, ауруханаға түскен үш адамның да жағдайы ауыр екенін айтты.

"Ауруханаға үш және бес жастағы екі қыз бала және олардың 1986 жылы туған анасы жеткізілді. Екі баланың да жағдайы тым ауыр. Қазір үлкеніне ми қабының жыртылып, шеке сүйегінің сынуына байланысты ота жасалды. Екінші баланың да жағдайы ауыр. Екеуі де жасанды комада. Ал аналарының оң иығы, төрт қыбырғасы, бұғанасы мен жауырыны сынған", – дейді Өмірзақ Ниязбеков.

Ең өкініштісі, Ақсеңгір өткелінде көпір салуды жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері сұрап келген. Себебі тек 2017 жылдың өзінде бұл өткелде 7 адам поезд астына түсіп қайтыс болған.

Алайда оқиға орнына келген Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев дәл осы жерге көпір салуға болмайтынын айтты.

"Айналма көпір сызба бойынша басқа жерге салынуға тиіс. Бұл жерге оны салу мүмкін емес. Өйткені көпір салу үшін мына үйлердің барлығы сүрілуі керек. Ол шығын. Біз алдыңғы жылы Екпінді ауылында бір көпірді пайдалануға бердік. Енді екінші көпірді Шамалғанда салуды жоспарлап отырмыз",– деді аудан әкімі.

Қазіргі кезде жол-көлік оқиғасын зерттеу үшін арнайы тексеріс тобы жасақталды. Сондай-ақ, Алматы облысы ТЖД  Ақсеңгір темір жол өткелінде штаб құрып, жедел желі телефондарын іске қосты.

Естеріңізге салсақ, 15 қыркүйек Ақсеңгір-Шамалған өткелінде жолаушылар поезды автобусқа соқтығысқан. Жол көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың жақындарына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  өзінің Твиттердегі парақшасында көңіл айтқан болатын.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу