Автогаз тапшылығы бағаның қымбаттауына себеп бола ма?

Осы жылдың 4-тоқсанында 25 субъектіге 22 818 тонна сұйытылған мұнай газы (СМГ) қаралған.

Автогаз тапшылығы бағаның қымбаттауына себеп бола ма? Фото: Turar KAZANGAPOV

Бірақ белгілі себептерге байланысты 1 300 тоннаға жуығы қысқарған.

Қызылорда облысында автогаз кәдімгідей қат болып отыр. Сұйытылған мұнай газы дәл қазір жанармай құю бекеттерінде тек талонмен немесе шектеулі түрде ғана сатылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Неше күннен бері қала аумағында автогаз жоқ. Күні кеше 10-нан аса жанармай құю бекетін араладым. Барлығы дерлік тек талонмен құйып жатыр. Бірнеше сағат іздеп, талонсыз автогаз сататын жер таптым, оның өзі 1000 теңгеге ғана құйып берді. Ол да дұрыс шығар, өзгеге де жетуі керек. Десе де, көпшілік ортада әртүрлі алып-қашпа әңгімелер айтылып жатыр. Нақты түсіндіріп беретін адам бар ма? Автогаз тапшылығын қолдан ұйымдастырып жатқаны рас па? Осының салдарынан қымбаттап кетпей ме?" - дейді Бағдат Мұхтарұлы есімді көлік жүргізушісі.

Қала аумағында автогаз таппай сенделіп жүрген көліктер қарасы тым көп. Олардың бәрінің көкейінде "СМГ тапшылығы қашанға дейін созылады?" деген алаңдаушылық басым.

"Бағаның өсуіне ешқандай негіз жоқ"

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің тергеп-тексерулер бөлімінің басшысы Ерлан Карибаев облыс көлемінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу бойынша баға тұрақты екенін, жыл аяғына дейін бағаның өсуіне ешқандай негіз жоқ екенін айтып отыр.

"Қызылорда облысы бойынша сұйытылған мұнай газ (бұдан әрі – СМГ) көлемі 2023 жылдың 4-тоқсанында 25 субъектіге 22 818 тонна қаралған. Алайда, "ҚазГерМұнай БК" ЖШС-нің заводында техникалық ақаулар болуына байланысты газдың жеткізу көлемін 1 300 тоннаға жуық қысқартып, 21 518 тонна СМГ бөлу жоспары қайта қаралған.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сәйкес, 4 тоқсан 2023 жылға облыста әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында бекітілген газ бөлініс көлемін комиссия отырысында қайта қарап, осы жылдың қараша және желтоқсан айларына СМГ көлемі қайта бөлінді.

Осы ретте, комиссиямен қабылданған шешімді ҚР Энергетика министірлігіне бекітілген жеткізу жоспарына тиісті өзгерістерді енгізу туралы хат жолданған.

"Қазақстан Республикасының аумағында автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге шекті бағалар белгіленген.

Атап айтқанда, Қызылорда облысында, шалғайдағы аудандарды қоспағанда, қосылған құн салығымен шекті бөлшек сауда бағасы, 1 литр үшін 64 теңгеден, облыс орталығынан шалғайдағы аудандар (200 шақырымнан астам) үшін қосылған құн салығымен шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 69 теңгеден өткізеді", – дейді ол.

СМГ тапшылығы қашанға дейін созылады?

Бұған дейін Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының баспасөз қызметі "Қазгермұнай" БК" мекемесі газ дайындау қондырғысында термиялық май жүйесін толық ауыстыруына байланысты сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарынан қысқартылғанын хабарлаған болатын.

"Облыс көлеміндегі газ желісі ұйымдары тұтынушыларға толық көлемде газ жеткізу мақсатында кейбір автогаз құю бекетінде талон арқылы және уақытша шектеумен сатуды орнатып отыр. Қараша айына бекітілген сұйытылған мұнай газ көлемі қазан айынан 19%-ға артық бөлінді. Яғни, газ желісі ұйымдарының мәліметіне сәйкес, осы күнгі шектеулер қараша айында қалпына келтірілетін болады", – дейді басқарма мамандары.

СМГ көбіне талон арқылы босатылып жатқандықтан, қолма-қол ақшаға автогаз құйып жатқан газ бекеттері санаулы-ақ.

Ол жерлердің өзі белгілі-бір мөлшердегі шектеумен ғана сатып отыр. Сондықтан сол маңдарда ұзын-сонар көліктер кептелісі туындаған. Жауапты мамандар бұл жағдай айдың аяғына дейін ғана созылатынына сендіруде.

Сондай-ақ олар автогаз тапшылығы бағаның қымбаттауына себеп болмайтынын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу