Автонесие бағдарламасы бекітілді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
27293

Алдағы айда отандық көліктер 4 пайыздық мөлшерлемемен сатылады.

Автонесие бағдарламасы бекітілді

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында еліміздегі автоөндіріс көлемі  39,2%-ға ұлғайып, салаға 3 млрд теңге қаржы құйылды. Бюджетке салық түрінде 55 млрд теңге түсті. Ал халық отандық көлік сатып алуға 182,5 млрд теңге жұмсады.

Таяуда өткен үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин былтыр отандық автөндірушілер 30 мың автокөлік шығарса, биыл 60 мың автокөлік өндіруді жоспарлап отырғанын айтты. 

"Отандық автоөндірушілер биыл 60 мың автокөлік құрастырады. Олардың алдында 2020 жылы 100 мың отандық автокөлік жасау міндеті тұр. Өткен жылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша 3 мың автокөлік өз иесін тапты. Алдағы уақытта қазіргі көрсеткіш 5 есе ұлғаяды. Бұл болашақта 15 мың автокөлік жеңілдетілген несиемен сатылады деген сөз", – деді Асқар Мамин.

Естеріңізге салайық, елімізде 2015 жылдың сәуір айынан жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Былтырға дейін бағдарламаның операторы – Қазақстанның даму банкі екінші деңгейлі банктерге 4 пайыздық мөлшерлемемен 42 млрд теңге аударды.

2015-2018 жылдар аралығында 13 245 жеңіл автокөлік жеіңлдетілген автонесие бағдарламасымен сатылды.

Биыл бағдарлама аясында қосымша 10 млрд теңге бөлінді. Бұл соманың 8 млрд теңгесін жеңіл көліктерді несиелеуге, 2 млрд теңгесі коммерциялық теxниканы лизингтік қаржыландыруға жұмсау туралы шешім шықты.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьевтің мәлімдеуінше, алдағы айда 4 пайыздық мөлшерлемемен автонесие беріле бастайды.

"Үкіметтің қаулысы да, қаржы да бар. Қазір қолдағы ақша банктерге үлестіріліп жатыр. Бір ай, тіпті одан аз уақытта жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылады", – деді Андрей Лаврентьев.

Біле жүріңіз, автонесие 7 жылға беріледі. Ал автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспауға тиіс.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу