Автоөндірушілер 3,9 млрд теңге салық төледі

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
15292

Ал сақтандыру компаниялары міндетті сақтандыру полисі бар көлік құралы иелеріне 10,1 млрд теңге аударды. 

Автоөндірушілер 3,9 млрд теңге салық төледі

Биылғы жылдың алғашқы алты айында елімізде 14 660 көлік құралы мен түрлі техника шығарылды. Оның 13 725-і жеңіл көлік, 486-сы жүк көлігі, 153-і автобус, 210-ы көлік тіркемесі, 86-сы мамандандырылған техника болды.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, зауыттан "Қазақстанда жасалған" деген белгімен шыққан автокөліктердің өндірісі екі есе өсіп, жарты жылда 47,04%-ға жеткен. Шілде айында жалпы сатылымнан 16 млн 741 мың теңге табыс түскен. Бұл мамыр айындағы нәтижеден 1 млн 942 мың теңге кем көрсеткіш. Десек те биылғы жылдың алты айындағы табыс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 млн 760 мың теңгеге көп. Былтыр автоөндірушілер жарты жылда 64 млн 501 мың, биыл 88 млн 261 мың теңге пайда көрген.

Соңғы алты айда Өскемендегі "Азия Авто" кәсіпорны 8573 автокөлік құрастырса, Қостанайдағы "СарыарқаАвтоӨндіріс" зауыты 5297 жеңіл және жүк көлігін сонымен қатар автобус шығарған. Көкшетаудағы "КАМАЗ Инжиниринг" АҚ 280 жүк көлігін, ал Алматыдағы Hyundai Trans Auto-94, Семейдегі "СемАЗ"-89, Daewoo Bus Kazakhstan-67 бірлік техника өндірген.

"ҚазАвтоӨндіріс" одағы таратқан мәліметке сәйкес, 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында отандық автоөндірушілер 3,9 млрд теңге салық төлеген.

Республикалық бюджетке түскен түсімнің 1,9 млрд теңгесін "Азия Авто" аударған. "КАМАЗ Инжиниринг" АҚ қазына қаржысын 702 млн теңгеге жуық ақшамен еселеген. "СарыарқаАвтоӨндіріс" зауыты бюджетке 614 млн 900 мың теңге жолдаса, Daewoo Bus Kazakhstan 189,5 млн, "СемАЗ" 263 млн теңге түсірген. "Оралагрореммаш" АҚ 184 млн, Hyundai Com Trans Kazakhstan 70 млн теңге салық төлеген.

"Қазақстанда құрастырылатын Hyundai мен Lada-ға деген жоғары сұраныс, сонымен қатар жеңілдетілген автонесиелендіру мен ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы аясында жаңа автокөлік сатып алуға жеңілдік беретін сертификаттардың таратылуы салаға серпін берді. Соңғы 1 жылда көлік иелеріне 15 мың сертификат табыс етілді. Нәтижесінде 7,5 мың отандық автокөлік сертификат арқылы сатылды", – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.

Айта кетейік ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегінше, соңғы 5 айда 7800 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5565 адам зардап шеккен. 2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, сақтандыру компаниялары көлік құралы иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша (КҚИ АҚЖ МС) 28032 сақтандыру төлемін жасаған. Осылайша КҚИ АҚЖ МС полисі иелерінің төлем карточкаларына 10,1 млрд теңге аударған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу