Автоөнеркәсіп алты тоқсан бойы өсім көрсетті

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
16379

Жыл қорытындысында Қазақстанда құрастырылатын көлік саны 30 мыңнан кем болмайды.

Автоөнеркәсіп алты тоқсан бойы өсім көрсетті

"ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферовтің айтуынша, былтыр елімізде 19,5 мың автокөлік өндірілген. Ал биыл бұл көрсеткіш 35 мыңға жетуі керек. Жоспар осындай.

"Мұнай бағасы екінші тоқсанда 70 долларға дейін жетті. Сондай-ақ еліміздің ішкі жалпы өнімі 4 пайыздық тұрақты өсім көрсетуде. Аталған факторлардың бәрі автоөндіріс саласына оң әсер бермек. Сондықтан 2018 жылдың қорытындысы бойынша өндірілетін көлік саны 30 мыңнан кем болмайды деп болжам жасап отырмыз. Еліміздің автоөнеркәсіп саласы дағдарысқа дейінгі, яғни 2014 жылы бағындырған межеге жақындап келеді", – деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жалпы, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 88,3 млрд теңгеге 14,66 мың көлік құрастырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67,2%-ға артық. Жеңіл автокөлік өндірісі 76,4%-ға өскен.

"Бірінші жартыжылдықта құрастырылған көліктердің 8 573-ін немесе 62,5%-ын "АЗИЯ АВТО" АҚ өндірді. 5 152-ін немесе 37,5%-ын "СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖШС құрастырды. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша автобус техникасын шығару екі есеге қысқарса, жүк көліктерін өндіру былтырғы деңгейде сақталды. Жарты жылда отандық автозауыттар өткізген көліктер 12 851-ге жетті. Бұл көрсеткіш былтырғы деңгейден 66,3%-ға артық", – деді "ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы директорлар кеңесінің төрағасы.

Оның сөзінше, отандық автокөліктерді сатып алуға ел тұрғындары 71,3 млрд теңге жұмсаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары.

"Бірінші жартыжылдықта Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында сұранысқа ие брендтердің бестігіне Lada (5 703 көлік), Hyundai (3 206), KIA (1 248), JAC (642) және Ravon (537) енді. Аталған мерзімде 2 269  автомобильді жеңілдетілген автонесиелеу мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары сатып алды", – деді Олег Алферов.

Сондай-ақ маусым айында зауыттар 2 791 авто көлік құрастырған екен. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 53,8%-ға артық.

Отандық кәсіпорындардың нарықтағы үлесі өткен жылмен салыстырғанда 36,9%-дан 47,3%-ға дейін ұлғайды. Қазақстандықтар жиі сатып алатын модельдердің көшін Lada Granta, Lada 4x4 және Lada Vesta бастап тұр. Сондай-ақ бұл қатарды Hyundai Tucson, Hyundai Accent, Lada Largus, Hyundai Elantra, Hyundai Creta, KIA Sportage және Ravon Nexia толықтыруда.

"Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша еліміздің ішкі жалпы өнімі құрылымында сала кәсіпорындарының үлесі 88,3 млрд теңгені құрады. Бұл фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп салаларынан артық. Есептік кезеңде автоөнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі капиталға тартылған инвестициялары есептік кезеңдегі 444,2 млн теңгеге жетті. Автокөлік өндірушілерден бюджетке түскен салық түсімдері 3,9 млрд теңгені құрады. Яғни 2017 жылғы көрсеткіштерден 3,5 есе жоғары", – дейді "ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы директорлар кеңесінің төрағасы.

Олег Алферовтің сөзінше, отандық автоөнеркәсіп осымен қатарынан алтыншы тоқсан бойы өсім көрсетіп отыр. Биылғы маусым айы 2015 жылдан бері қарай санағанда ең табысты кезең болған.   

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу