Авторитейл түсімді тұрақтандырды

Артур Мискарян Артур Мискарян
11463

Дилерлер 11 айда 41,7 мың жаңа автокөлікті сатып, шамамен миллиард доллар көлемінде табыс тапты.   

Авторитейл түсімді тұрақтандырды

"ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының есебіне сүйенсек, ресми дилерлер осы жылдың қаңтар-қараша айларында 41 698 автокөлік сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 5,9%-ға артық. Сондай-ақ қаңтар-қараша айларындағы дилерлердің табысы 999,4 млн долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 30,4%-ға көп.

2017 жылдың қарашасында дилерлер 4 711 автокөлік сатып, былтырғы жылдың қарашасындағы көрсеткішті 10,5%-ға арттырды. Ал сатылымнан түскен түсім 106,3 млн долларды құрады. Бұл осыдан бір жыл бұрынғы деңгейден 7,6%-ға асып түсті.

"Авторитейл үшін қараша айы да табысты болды. Басты жетістік – екі жылдан астам уақытқа созылған нарықтағы құлдыраудың аяқталуы. Қараша – 2014 жылдың ортасынан басталған нарықтағы құлдыраудың тежеліп, салада айтарлықтай өсім байқалған жетінші ай. Бүгінде жеңіл автокөліктерді сату нарыққа тұрақтылық әкелді. Қыркүйек айынан бастап ай сайынғы сатылым 4700 автокөлік деңгейін құрауда. Ал дилерлік табыс 100 млн доллар деңгейінен асып түсуде", – деді "ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алфёров.       

Қолда бар болжамға сүйенсек, 2017 жылдың соңына қарай дилерлер 46 мың автокөлік сату деңгейін ескермек. Жыл 6%-дық өсіммен аяқталады. Қазақстандықтардың автокөлік сатып алуға жұмсаған қаржысы 1,1 млрд доллардан аспақ. 

"2018 жылы бұдан да жақсы динамика орын алады деп күтіп отырмыз. Оның үстінде мұнай бағасының жоғарылығы, отандық авто зауыттар жоспарының орындалуы салаға серпіліс әкелуге тиіс. Алдағы жылы нарықтың өсімі 60 мың бірлікке дейін жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар саланың аяқтан тұруына жеңілдетілген автонесие беру мемлекеттік бағдарламасының үшінші траншы және ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы да айтарлықтай үлес қоспақ", – деді Олег Алфёров.

11 айдың қорытындысында сатылған автокөліктердің 27 414-і (65,7%) импортқа тиесілі. Сатып алушылардың 14 284-і (34,3%) отандық авто зауыттардың өнімдерін таңдаған.  

Қаңтар-қараша аралығында қазақстандықтар Toyota брендінің көліктерін көптеп сатып алған. 11 айдың қорытындысы бойынша ел аумағында жапониялық марканың 8 319 автокөлігі сатылған. Lada моделінің сатылымы 7 721 бірлікті құрады. Үшінші орынға 4062 бірлік көрсеткішімен Ravon моделі тұрақтады.

Жеңіл автокөліктер сатылымы бойынша Toyota Camry-дың седаны (3098 бірлік), Lada 4x4 жол талғамайтын көлігі (2628 бірлік) және Ravon Nexia (2221 бірлік) көш бастаса, үздік бестікті Lada Granta (1546 бірлік) мен Lada Largus (1521 бірлік) түйіндеді.

11 айда Алматы (10 762), Астана (7 660) және Шымкент (3007) қалаларының тұрғындары автокөлік сатып алуда белсенділік танытқан.           

Еркебұлан Қыздарбек, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу