Авторлық әдіспен жасалып жатқан күрделі оталар сәтті шығуда

Бұл әдісте науқастың анатомиялық клапынын сақтап қалу мүмкіндігі бар.  

Авторлық әдіспен жасалып жатқан күрделі оталар сәтті шығуда

Адам ағзасындағы үздіксіз жұмыс істейтін, қанайналым жүйесіне жауап беретін мүше – жүрек. Сондықтан оның ырғақты жұмыс істеуінің маңызы зор. Жүректің тоқтағаны –өмірдің тоқтағаны. Жүрек сол үшін аяулы. Осы аяулы жүректі дерттен арашалап жүрген ақ халаттылар күні кеше тағы бір күрделі ота түрлерін өткізді. Білікті дәрігерлер бірнеше сырқатты аяғынан тұрғызды.

Жүрек қан тамыр аурулары қазір дүние жүзінде кез келген сырқат ауруларынан озып, бірінші орынға шығып кетті. Қызылорда облысында да жүректегі сағаты сыртылынан жаңылған жандар бар. Сол сағаттың тоқтап қалмауы үшін жасалатын күрделі оталар бойынша Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының және А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының білікті дәрігерлері екі күн бойы жергілікті кардиохирургтерге мастер-класс өткізді.

Күрделі отадан соң А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бөлім меңгерушісі Әділ Бәйімбетов тәжірибесімен бөлісті.

"Науқастың парагсигматикалық жүректің тахикардиясы, кататерлік овуляциялық отасы жасалды. Бұл операциялар осы жылы Қызылорда көпбейінді ауруханасында жоспар бойынша басталып, қазір қарқынды жүзеге асып жатыр. Жүректің имплантация операцияларын жасауда дәрігерлер тәжірибелерін шыңдап, жақсы меңгерді. Осы жоспар бойынша дәрігерлер кататерлік овуляция операцияларын жасап, жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл облыста осы саладағы отаның жақсы дамып жатқанын көрсетеді", – деді Әділ Бәйімбетов.

Жүрек тұсында ауырсыну әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, жүрек қысылады, шаншиды, сыздап тартып ауырады. Қорқуға тұрарлық ең басты белгі – кеуде тұсының қысып, күйдіріп ауруы. Екінші белгі – ауа жетпей қалуы, яғни ентікпе. Үшінші белгі – денеден суық тер шығу. Кейбір адамда туа бітті жүрек ақауы болады. Жылдап жаны қиналып шипа іздеп келген жанның бірі 19 жасар Мұқағали Жанұзаққа күні кеше ота жасалып, жағдайы жақсарып қалды.

"Барша дәрігерлерге үлкен рахметімді айтамын. Бір өлімнен аман алып қалды. 2017 жылдан бері ауырып келем. Алматыдан келген хирургтер мен аурухана дәрігерлеріне алғысымды білдіремін", – дейді М.Жанұзақ.

Бұл жасалған оталарды теңдесі жоқ деуге болады. Өйткені бұрын-соңды дімкәс ағзаның бөліктерін жасанды бөлікке ауыстыру қаралса, бұл әдісте науқастың анатомиялық клапынын сақтап қалу мүмкіндігі бар. Мұңдай отаға жыл сайын облыста 50 науқас мұқтаж, дейді белгілі кардиохирург Берік Дәуітбаев. Мастер-класс барысында бірыңғай күрделі оталар жасалды. 3 ем алушының да жағдайы қазір жақсы. Олар жансақтау бөлімінен жалпы палатаға шығарылды.

"Отаны осы жақта енгізіп жатырмыз. Өзіміздің авторлық методикамен жасалатын екінші ота да сәтті шықты. Үшінші отада жүректің бір қақпақшасы мен қолқа тамырын ауыстырамыз", – деді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Жүрегім ауырмасын десеңіз, күнделікті тым болмаса жеңіл жаттығу жасап, ас мәзіріңізге мән беріңіз. Және күйзеліске бой алдырмаңыз. Дәл қазіргі қоғамда қантамыр дертіне ең көп себеп болатын нәрсе – күйзеліс, яғни депрессия. Сондықтан да күйзеліске жол бермеу керек, дейді жүрек шипагерлері.

Нұрбек Дәуренбеков

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу