Автосақтандырудың бағасы қай қалада қымбат?

9812

Қазақстанда автосақтандырудың біркелкі тарифі бекітілмеген. 

Автосақтандырудың бағасы қай қалада қымбат?

Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру құны әртүрлі. Өйткені, біздің елде автосақтандырудың біркелкі тарифі бекітілмеген.

Зерттеуде көрсетілгендей, ең қымбат сақтандыру полистері Алматы (49,5 мың теңге) мен Шымкент (41,3 мың теңге) қалаларында тіркелген. Ал ең арзан сақтандыру полистерін Ақмола (11,4 мың теңге) мен Жамбыл (12,3 мың теңге) облыстарынан таба аласыз.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, әрбір көлік иесінің міндетті автосақтандыру полисі болуы керек. Бұл – күтпеген жағдайлар кезінде көлік иесін қаржылық тұрғыдан қорғауды қамтамасыз етуге берілген кепілдік. Сақтандыру полисі болмаған жағдайда айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке немесе 29 170 теңгеге тең.

 Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисінің құны әрбір адамға жеке есептеледі. Сондай-ақ оның құны бірнеше факторға тікелей байланысты. Атап айтқанда, айлық есептік көрсеткіштің мөлшері, көлікті басқару өтілі, автомобильдің түрі мен жасы, көлік құралы тіркелген өңір, апаттық коэффициент (бонус-малус) есепке алынады.

"Онлайн-сақтандыру пайда болған сәттен бастап қазақстандықтар сақтандыру құнын өздері есептей алатын мүмкіндікке ие. Яғни сақтандыру агенттерінің көмегінсіз әрі делдалсыз-ақ есеп-қисапты өздері жүргізе алады. Бұл үшін сақтандыру компаниясының сайтындағы автосақтандыру бөліміне кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін, автокөлік нөмірін және ұялы телефон нөмірін енгізу керек. Полис құнын автоматты түрде есептеу үшін аталған деректер жеткілікті", – деп хабарлады Freedom Finance Insurance компаниясының мамандары.

Осы орайда, компания өкілдері әлемнің бірқатар еліндегі автосақтандыру полистерінің бағасын да есептеп көрген екен. Мәселен, Германияда полис құны 150 еуродан 1 мың еуроға дейін құбылады. Бұл 176-1 174 АҚШ долларына тең. Ұлыбританияда автосақтандырудың бір жылдағы орташа құны 465 фунт стерлинг деп бағаланып отыр – 645 доллар. Италияда полистің орташа құны – 500 еуро – 587 доллар. АҚШ-тағы автосақтандырудың орташа бағасы 500 доллардан басталады. Жапонияда бұл көрсеткіш бір жылдық мерзім үшін 117 долларға тең. Қытайлықтар бір жылдық автосақтандыру полисін сатып алу үшін 950 юань – 146 доллар төлейді. Ресейде міндетті автосақтандырудың орташа құны 2 746-4 942 рубль немесе 37-67 доллар тұрады.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу